Қазақ-поляк байланы- сының құндылығы

Қазақстанға поляктардың күшпен қоныс аударылғанына биыл 80 жыл толды. Соған орай «Қоғамдық келісім» үйінде шара ұйымдастырылды. Оған Қазақстан Республикасындағы Польша елшілігінің консулдығы өкілі Малгожата Таньска арнайы келіп қатысты. Тарихшылар қуғын-сүргін жылдарына қатысты қызықты деректерімен бөлісіп, облыста тұратын бірнеше поляк өкілі сонау зұлматты жылдары басынан өткізген қиындықтарын көздеріне жас алып айтып берді. Итжеккенге жер аударылған поляк өкілдері жайлы «Сибириада» көркем фильмінен үзінді көрсетіліп, көпшілікке ой салды. Қиын-қыстау уақытта арып-ашып жеткен өзге ұлт өкілдерін бауырына басып, жылуына бөлеген қазақ халқына тағы бір мәрте алғыс жарияланды.

Ұлт-азаттық көтерілісінің хас батыры Кенесары Қасымов әскерінің құрамында шайқасқан Густав Зелински алғашқылардың бірі болып «Қырғыздар» поэмасын жазса, осы көтерілісті қолдаған Иосиф Гербрут Кенесарыға ән арнапты, Бронислав Залески Арал экспедициясына қатысып, қазақ даласының сұлулығын түрлі-түсті бояумен суреттеп, 22 картина салса, музыка сыншысы Александр Затаевич дала әуенін қағаз бетіне түсіріп, 2000-нан астам қазақ фольклорын халық арасынан жинастырып, өлмес мұраны жаңғыртты. Поляктың осындай біртуар азаматтары біздің елдің мәдениет, тарихын көтеруге атсалысгы. Шара барысында бұл туралы тарихшы, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің кафед-
ра меңгерушісі Гүлнәр Қаженова айтты. 1936 жылы Украинадан Қазақстанға 70 мың адам жер аударылған болса, соның 80 пайызын поляктар құрады. Соғыс жылдары депортацияға ұшыраған поляктардың саны 200 мыңға жеткен дейді тарихшылар. Шара барысында сөз алғандар поляк ұлтының өкілдері қазақ жерінде ерінбей, жалықпай еңбектенгенін, еліміздің экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосқанын айтты. Қазақстан Республикасындағы Польша елшілігінің консулдығы өкілі Малгожата Таньска бүгінгі кездесудің аса маңызды екенін алға тартып, күшпен қоныс аударылған өз ұлтының өкілдерін жатсынбай, бауырына басқан қазақ халқының мейірімі мен қонақжайлылығы алдында басын иетінін жеткізді. Жасы сексенді алқымдаған Владимир Гудыма қуғын-сүргін жылдары мал вагондарына артылып, қу далаға әкеліп тасталған шағын көзіне жас ала отырып есіне алды. «Сенімсіз ұлттар» деген қара таңба салынса да, тілі де, ділі де, түрі де басқа халықты бауырына тартқан қазақтарға алғыс білдірді. Ал, зейнеткер Мария Сикора отбасымен Қазақстанға келгенде небары 5 жаста екен. Көп қиындық көріп жетілген ол жастайынан сауыншы, бұзаушы болып жұмыс істепті. Соның өзінде жаратқан иеге жасырын жалбарынып, тілін, салтын сақтауды да ұмытпапты. Жылы кездесу барысында өзге ұлт өкілдері де сөз алды. Бір ұяның балапандарындай тағдыры осы жерде тоғысқандар бір-бірін толықтырғаны да айтылды. Олар ұрпағының болашағы үшін ештеңеге мойымай, мейірімділігін де жоғалтпай, қажырлылықпен жігерін жани білді. Шара барысында «Ата-бабамның үйі» атты фотокөрме ұйымдастырылып, поляк ұлтының өткені мен бүгіні жайлы сыр шертілді. Студент-жастар да ата-әжесінің өмірін баян етті.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс