Қазақ халқына мың алғыс!

Дәл осы сөзді ұлты неміс болса да Алласы аузында, Тәубесі жүрегінде жүретін Лидия Яковқызы айтудан жалықпайды. Өйткені, ес білгелі қазақтардың ортасында өсіп, жетіліп, жапырақ жайып, үрім-бұтағының қызық-қуанышын көріп келеді. Мұсылман дінін қабылдап, Лина атанғаны да осы елге деген құрметі. Бұл есім арабшадан аударғанда «нәзік» деген мағына береді екен. Атына заты сай Лидия-Лина әжеміз жасы тоқсанға жетсе де сүйкімділігін жоймаған жан. Сонау сұрапыл соғыс жылдарында көрген тауқыметін, ауыр тұрмыстан титықтаған тұстарын еш естен шығармайды. Әуелі қажыр-қайратының, содан кейін жергілікті халықтың жайлылығының арқасында аяғынан тік тұрған ол өткен өмірі шыңдағанына, қайратын жанып, қайсар ете түскеніне тәубешілік етеді. Әлі күнге дейін немере-шөберелерін тәрбиелеп, қазақтың салт-дәстүрін өз ұлтының ғұрпымен ұштастырып отырған апа дастарханын астан айырмайды. Жоқшылықты көп көргендіктен, тек тоқшылықтың тамырын соқтырумен келеді.

Лидия апамыз орта бойлы, жүзі жарқын, пысық жан екен. Қазақ тілінде таза сөйлейді. Саратов өңірінің тумасы сегіз жасында анасынан айрылыпты. Әкесі басқа әйелмен көңіл қосып, Кавказға қоныс аударса керек. Соғыс жылдары неміс, кавказ ұлтының өкілдеріне сенімсіздікпен қарап, туған жерінен күшпен айдалып кеткені белгілі. Сондай сормаңдайлардың қатарында әкесі Яковтың да отбасы бар еді. Қаршадай қыз, сіңлісі Фриданы бауырына басып, әкесімен бірге жүк вагондарына тиеліп кете барғаны есінде. Зар еңіреген халық, у-шу болған жұрт, қолдарына бір-бір түйіншек қана жинап үлгеріп, үйлерін тастап, жылап-сықтап жат елге жол тартқаны әлі күнге дейін көз алдында. Жолшыбай көз жұмған ересектерді, балаларды вагоннан түсіріп тастаған тағылықтардың да куәсі болды. Ашқұрсақ жандар бір үзім нанды талғажау етіп, Армавирден Ақмола жеріндегі Тайыншаға дейін екі ай жол жүріпті. Қазақстанға құр сүлдері жеткен оларды бір баракқа орналастырыпты. Сол кезде жергілікті халық үйінде бар тамағын алып келіп, бұлардың аузына тосып, әр отбасы бір-бірден, екі-екіден бөліп, үйлерін паналатыпты. Красная Каменка селосындағы орыстардың үйінің бір бұрышынан Лидияларға да орын бұйырыпты. Көп ұзамай әкесі мен өгей шешесін Челябідегі еңбек армиясына алып кетеді. Ауылда қалған қос мұңлықты жергілікті бригадир мал жайылымында, егіс басында жұмыс істейтіндерге көмекке шақырады. Күніне бір-екі қап картопты қолының қары талғанша тазалайтын қаршадай қыз сіңлісінен ажырамай, қос басында өздеріне бөлінген шағын бөлмеде тұрып, көзінің жасын сығып жүріп жұмыс істеді. Кейін еңбек армиясынан ауырып оралған әкесі қыздарын алып, Славянка деген жерге қоныс аударады. Сол жерде мал бағып, қыздарын аш қылмапты. Басында тек неміс тілінде тілдесетін олар, келе-келе орыс тілін, кейін Талап, Мәдениет ауылдарына көшіп барғаннан кейін қазақ тілін де жетік меңгеріп алады. Әкесі ол уақытта үш ұлы бар бір әйелмен көңіл қосады. Лидиялар ол кісінің атын атамай, «муттер», қазақшалағанда «ана» деп кетіпті. Ол кісі қыздарды жатсынбай, бауырына басып, мейірімін төксе керек. Өгей анасы кейін Германияға қоныс аударғанда да байланысын үзбей, амандығын біліп тұрды. Әлі күнге дейін оның балалары біздің елге келіп жүреді.
Лидия 15-16 жасынан бастап фермада жұмыс істейді. Ауылдағы бір әйелдің орнын басып, күніне 15 сиырды қолмен сауып жүріпті. Талап ауылының тұрғындарымен етене араласып кеткені сонша, қазақ тілін таза сөйлейтін деңгейге дейін жетеді. Сол жылдары соғыста тұтқынға түскен неміс, түркімен сияқты ұлттың азаматтарын Қазақстанға жер аударған екен. Солардың қатарында Овас Құдайбергенов те бар еді. Оны ауылдықтар Юрка деп кеткен. Түркімендік жігітпен Лидия көңіл қосады. Олардың тілі қазақ тіліне жақын болғандықтан, бір-бірімізді жақсы түсінетінбіз дейді жүзіне күлкі үйіріліп. Ол уақытта Овас қара тізімдегілер қатарында болатын, үнемі тексерістен өтуге тиіс еді. Сондықтан өздеріне бекітілген комендантпен келісіп, туған жеріне он күнге барып қайтып жүріпті. Лидия екеуінің шаңырағында Мәриша, Ағабек есімді қыздар дүниеге келіп, Сапар атты ұл бір жасқа толғанда Овастың Түркіменстандағы туысқандары арнайы келіп, той тойлапты. Олар ұлды ерекше қадірлейді екен. Лидияны өз тілдерінше «Келеке» деп еркелетіп, алақандарына салып аялапты. Біраз уақыттан кейін Овас туған жеріне түпкілікті қоныс аударуға бел байлапты. Бұл жолы да комендантпен келісіп, құжаттарын өзгертіп, Түркіменстанға жол тартыпты. Олар Халаш деген елді мекенге көшіп келеді. Сол жерде Овастың туысқан ағасы сиыр фермасын ұстайды екен. Сауыншылық жұмысты жақсы білетін Лидия бірден сол жерге кіріп, жергілікті әйелдерге сиыр сауудың, оның сүтінен түрлі тағамдар дайындаудың жолдарын үйретіпті. Түркімен тілін де меңгеріп алыпты. Жеміс-жидегі ағыл-тегіл, жайлы да жылы жерде олар үш-төрт жыл тұрады. Алайда, ұлы Сапарға жергілікті климат жақпай, бір күні аяғын баса алмай ауырып қалады. Дәрігерлер балаға суық ауа райы дұрыс болады деген шешім шығарады. Осыдан кейін Лидия көп ойланбас-тан өзінің бауыр басқан мекені – Қазақстанға қайта оралуға бел байлайды. Алайда, Овасқа біздің елге келу қауіпті еді. Сондықтан Лидия үлкен қыздары Мәриша мен Ағабекті, ұлы Сапарды және іште төртінші баласы бар Қазақ жеріне жол тартады. Бір қызығы, Қазақстанға жақындаған кезде ұлы басын көтеріп, үйге келе жатырмыз ба деп анасынан қайта-қайта сұрапты. Туған жерге кіндігімен байланған деген осы болар, сірә! 30 жастағы Лидия үш баласымен Талап ауылында тұратын Сапар ұлының кіндік әке-шешелері Топый мен Қазима Мырзағалиевтердің үйіне түсіп, өмірге Гильда есімді қызын әкеледі. Алайда, ол кезде жас босанған аналар үйде отырмайтын. Қырық күннен кейін жұмысқа шығатын. Балаларын асырау міндеті тұрғандықтан, тумысынан еңбекқор Лидия бригадирдің өзіне берген бұзауларын бағуға кіріседі. Шаруаның қыбын тауып, бұзауларға бөлінген сүтті түнделетіп сепаратордан өткізіп, май, қаймағын айырып, ірімшігін жасап, айранын ұйытып балаларына талғажау етіпті. Осылайша, тырмысып жүріп, қиындыққа мо-йымай еңбектенген қайсар ана бәрін жеткізіп, жетілдірді.
Лидия-Лина әженің үрім-бұтағы Мәдениет ауылында тамыр жайды. Қолы ашық, қонақжай, мейірбан жанды ауылдықтар «Мамакай» атандырды. Бұл да жүрегі жұмсақ жанға берілген жақсы атау. Тазалықты сүйетін, тамаққа бап, артық-ауыс сөзбен ісі жоқ, тиянақты да ұқыпты, елдестерінің ерекше құрметіне ие әженің қазақ отбас-тарымен етене араласып кеткені сонша, ұлы Сапар Зәуреш есімді қазақ қызына үйленді. Мәриша мен Гильда да қазақ жігіттері Ергебек және Маратпен көңіл қосты. Ал, қызы Ағабек ұлты украин болса да, тілі қазақша шыққан Николаймен жұбын жарастырды. Туған сіңлісі Фрида да қазақ жігітімен көңіл қосып, он төрт перзент сүйді.
Құдайбергеновтер әулетінде түрлі ұлттың қаны араласып жатыр. Бірақ олардың бәрі де қазақ топырағында түтінін түтетіп, киелі жерде жапырағын жайқалтуда. Бала-шағасының ортасында бақытты ғұмыр кешіп отырған әжеміз әр ұлттың салт-дәстүрін бір арнаға тоғыстырып, өз келіні Зәурешпен қырық жыл тату-тәтті тіл табысып ғұмыр кешсе, немере келініне ақылын айтып, үй шаруасына қолғабыс етіп келеді. Үнемі тынымсыз тірлікпен күн кешіп, бір жерде байыз тауып отыра алмайтын Лина әженің бұл өмірлік ұстанымы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий