Қазақ әліпбиінің латын қарпінде жазылуы

Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерімен кездесу өткізіп, бұл бағытта атқарылып жатқан істерді талқылады. Онда Елбасына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды. Бұл жаңалық барша қазақстандықтар сияқты көкшетаулықтарды ерекше қуанышқа бөлеп отыр. Жерлестеріміз де латын әліпбиінің жаңа алфавитінің жобасын қызу қолдайды.

Сәбит ЖӘМБЕК,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры

Қазақ тілін латын қарпіндегі әліпбиге көшіру қалың көпшіліктің қызу талқысына салынған игілікті бастамаға айналды. Осы күнге дейін баспасөз беттерінде қарапайым халықтан бастап, лингвист-ғалымдарға дейін өз пікірі мен ұсыныстарын жеткізіп келеді. Көптеген жобалармен таныс болдық. Үштілділікке көшу үдерісі жылдамдап, ғылымымыз қарыштап дамиды деген үміттеміз. Уақыт сынынан өткен өміршең латын графикасын қазіргі таңда әлем халқының 80 пайызы меңгерген екен. Әлемдік ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылатынын, ғылымның тілі, халықаралық терминдер, формулалар да негізінен латын әріптерімен жазылатынын ескерер болсақ, жаңа әліпби бізге зор мүмкіндіктер туғызады. Латын әліпбиінің Елбасыға ұсынылған жаңа жобасы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде де жан-жақты талдану үстінде. Әсіресе, ғалымдарымыз, тіл мамандары, көзі қарақты, көкірегі ояу жастарымыз латын әліпбиі төңірегінде тұшымды ой-пікірлерін білдіруде. Студент жастардың латын графикасын енгізу мәселесін ықыласпен қабылдағанын атап өткен орынды. Бірнеше тілді еркін меңгерген студенттеріміз интернет кеңістігіне еркін енуде және латын графикасын қолданудың ешқандай қиындық тудырмайтындығын аңғарып отыр.

Аян ХАФИЗ,
Көкшетау қалалық «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі

Латын әліпбиіне көшу бүгінгі күннің кезек күттірмес қажеттілігі екенін, өркениетке бағыттайтын күре жол болатынын қазақстандық әр азамат білуге тиіс. Латын әліпбиі қазіргі жас буынға біршама жақын секілді. Әліпбидің соңғы нұсқасы жастардың көңілінен шыққанын сеніммен айта аламын. Жаңа нұсқада қазақтың төл әріптерінің белгіленгенін ерекше атап өтуге болады.  Жастар телефон пайда болғаннан бері, СМС-хабарламаларды, әлеуметтік желідегі ақпараттарды латын қарпімен алмасып жүргендіктен, жаңа әліпбиді меңгеру жас буынға аса қиындық туғызбайды. Жалпы, латын қарпіндегі әліпбиге көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді қадамдар басталмақ. Ең бастысы, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуімізге латын тілі алтын көпір болмақ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс