«Қазпочта» қызметіндегі жаңалық

Инновациялық жаңғырту жұмыстарынан кейін Көкшетау қаласында «Қазпочтаның» орталық бөлімшесі қайта ашылды. Абылай хан алаңында орналасқан бұл мекеме қызметтің ТМД елдерінде теңдесі жоқ жаңа үлгілерін ұсынады. Яғни, посылка, постамат қызметінен басқа тұтынушылар гироскутерде ақыл-кеңес те алады.

Жаңартылған почтамтың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов, Мәжіліс депутаттары Роман Ким мен Айқын Қоңыров қатысты. «Қазпочта» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің айтуына қарағанда, қызметі жетілдірілген әрі жаңартылған мұндай бөлімшелерді ашу – шын мәнінде қуанышты, мерейлі оқиға. Жаңғырту бағдарламасы бойынша бұған дейінгі филиалдарда тек ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізілген болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жыл аяғына дейін еліміздің қалалары мен селоларындағы 400 бөлімше осызаманғы талаптарға сәйкес жаңартылмақшы екен. Көкшетау қаласындағы почтамт өз клиенттері үшін бірнеше аймаққа бөлінген: жеке тұлғаларға почта және қаржы қызметтерін көрсететін операциялық зал, корпоративтік тұтынушыларға қызмет көрсететін орын, посылка супермаркеті, айырбас пункті, сондай-ақ, өздігінен қызмет көрсететін аймақ. Посылка беретін бұл сектор төлем терминалы және банкоматы сияқты тәулік бойы демалыссыз жұмыс істейтін болады. «Қазпочта» қызметін реформалаудың басты ерекшелігі посылка қабылдау және жөнелтуде супермаркет жүйесін енгізу болып табылады. Қазіргі таңда Қазақстанда жаңартылған мұндай жиырма екі бөлімше істейді. Мәселен, тұтынушыға посылканы алу үшін терминал экранынан телефон нөмірін көрсету керек. Осыдан кейін посылканы алып, жеке куәлігіңізбен кассаға тиісті қызмет ақысын төлейсіз. Осы жерде қалаған елді мекенге посылканы да жібере аласыз. Компания хат тасушылар қызметін жеңілдетуге де жете көңіл бөлген. Соңғы жылдары ғана облыс бойынша оларға клиентпен және офиспен байланыс жасаулары үшін 300 смартфон берген. Сонымен бірге қыста және жазда киетін киімдер, велосипед те алды. Тұсаукесердің ең қуанышты сәті де келді. Аудандық бөлімшелерге жаңа автокөліктің кілттері тапсырылды. Ендігі жерде шалғайдағы аймаққа газет-журнал, хат-хабарды жеткізу анағұрлым жеңілдейді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс