«Қазыналы қара шаңырақ» жобасы бастау алды

Облыстық әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Майра Шаяхметқызының бастамасымен биылдан бастап «Қазыналы қара шаңырақ» жаңа жобасы жүзеге аспақ. Оның аясында Көкше өңірінде туып-өсіп, қазақ әдебиеті мен өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан айтулы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын бүгінгі ұрпаққа насихаттау мақсат етілген. Соған орай музей қызметкерлері зиялы қауым өкілдерін қатыстыра отырып, белгілі қаламгердің немесе өнер адамының шаңырағына жиналып, естеліктер айтып, әңгіме-дүкен құрады. Жобаның алғашқы тұсаукесері туғанына биыл 90 жыл толған көрнекті жазушы Естай Мырзахметовке арналды. Жазушының көзін көрген қаламдас інілері мен ұлы Алтай, қызы Зәмзәгүл қаламгердің жеке кабинетінде Ес-ағаңды еске алды. Балалары әдебиет және өнер музейінің қорына жазушының көзі тірісінде пайдаланған жазу машинкасы мен телефон аппаратын тапсырды.

Естай Мырзахметов десе, көз алдымызға бірден қайсар рухты қаламгердің бейнесі келеді. Қаншама қиындық көріп, тағдыр тауқыметін тартса да, мейірімді жүрегі мен ақыл-парасаты қолтығынан демеп, өзінің ортасына сыйлы еткен жанды сағынып жүргеніміз шындық. Жазушы атаның жеке кабинетіне кіргенде-ақ толқығанымыз рас. Өйткені, ол кісінің киелі де қасиетті шаңырағында қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні жайлы қаншама әңгіме шертілмеді дейсіз. Гүлжәмила әжеміздің ыстық шайы мен дәмді тағамынан ауыз тимей кетпейтініміз де күні кеше еді. Қазірдің өзінде жылуы мен жаймашуақтығынан арылмаған жылы ұяда бас қосқан ақын-жазушылар жайланып отырып қадірлі Ес-ағаны еске алды. Ата жанымызда сол әңгімені байыппен, анда-санда басын изеп қойып, күлімсірей тыңдап отырғандай әсерде болғанымыз рас. Қаламгердің балалары бірде-бір затына тиіспей, сол қалпында, көзінің қарашығындай сақтап отыр. Оқыған кітаптары, көне фотосуреттері, атаның қолданған заттары, бәрі-бәрі тап-тұйнақтай тұр. Ақын-жазушы Төлеген Қажыбай Ес-ағаңмен алғаш танысқан кезін, бірге қызметтес болған сәттерін әңгімелеп, балаларының осы шаңырақты сақтап отырғанына ризашылығын жеткізіп, жазушының бағасын қашанда оқырман беретінін айтты. Ақын Серік Жетпісқалиев қаламгер ағаның қайталанбас тұлғасын, ерекше мінез-құлқын, жайдары жаздай жаймашуақ келбетін қайта бір көз алдымызға елестетті. Қазақ жазушыларының ішінде оқырмандарынан көп хат алған Сәбит Мұқанов болса, екіншісі – Естай Мырзахметов екені белгілі. Өзінің «Медет» романы арқылы қаншама адамға медеу, әрі демеу болып, қайсарлыққа шақырып, рухтандырғаны шындық. Ес-ағаңның шығармашылығындағы теңеулерге әдебиетші Сәбит Жәмбек тоқталды. Адамның портретін бейнелеуде, образын беруде суреткерлік қасиеті де айтылды. Қаламгердің шаңырағына ие болып отырған ұлы Алтай мен рухани мұрасын насихаттауда талмай еңбектеніп жүрген қызы Зәмзәгүл де әкесін сағынышпен еске алып, балалық шақтарына саяхат жасады. Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралин бастаған ғылыми қызметкерлер, жас ақындар жақсы әңгімеге араласа отырып, жазушы атаға арнаған жыр шумақтарын оқыды. Жылы да жайлы шаңырақта жайдары көңілмен сыр шертіскен жандарға Алма есімді жеңгеміз дастарханынан дәм татқызды. Ал, зиялы қауым өкілдері алдағы уақытта Көкшетаудың бір көшесіне Естай Мырзахметовтің есімін беру мәселесін көтеретінін айтып тарқасты.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс