Қайырымдылық жасауға асығайық!

Зекет (араб.: زكاة‎ – тазарту) – мұсылмандардың бес парызының бірі, яки мұсылмандықтың төртінші шарты, қоғамдағы кедейлерге берілетін міндетті садақа. Шариғат бойынша, кәмелетке толған ауқатты мұсылмандар ғана жылына бір рет малының, дүние-мүлкінің, дәулетінің қырықтан бір бөлігін Зекет ретінде беруге міндетті. Зекет деген – тазару, көбею, өсу деген мағынаны білдіреді. Тіпті, науқастықтан дертке шипа деген де түсінікке саяды.

Көкшетау қаласындағы Науан хазірет мешітінде құрылған «Зекет» қорының жауапты өкілі Ерболат Шәріппен атқарып жатқан игі істері жайлы сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында неғұрлым көбірек қайырымдылық жасаған жанға Жаратқан иенің назары да ерекше түседі деген сөзге іштей илана түстік.
«Көкшетау» газеті: Ерболат Құрманғалиұлы, «Зекет» қоры қалай құрылды? Негізгі мақсат қандай болды?
Ерболат Шәріп: Ақмола облысында «Зекет» қоры 2013 жылы құрылды. Діни басқарманың жұмысының төрт бағытының бірі – қайырымдылық. Бұрынғы Науан хазірет (қазіргі Жақия қажы) мешітінде алғаш бастаған едік. Қазір қайырымдылық жасау жағынан біздің өңір көш бастап тұр. Көптеген шаралар ұйымдастырылып жатыр. Біздің бірнеше бағытымыз бар. Мұқтаж жандарға азық-түлікпен, көмір-отынмен, киім-кешекпен және қаржылай көмек көрсету.
«Көкшетау» газеті: Қордың тұрақты мүшелері бар ма?
Ерболат Шәріп: Мен өзім осы қорға жауаптымын. Бұл Бас мүфтидің тапсырмасымен жүзеге асқан шара. «Зекет» қорының бас құрылтайшысы Бас мүфти болып саналады. Біздің өңірдегі өкілін тағайындау керек деген кезде, ұсыныс маған түсті. Содан кейін осы жауапты жұмысты мойныма алып, жұмысты бастап кеттік.
«Көкшетау» газеті: Дәл осындай қорлар өзге өңірлерде де құрылған ба?
Ерболат Шәріп: Осы жерде айта кету керек, «Зекет» қоры алғашқылардың бірі болып біздің өңірде құрылды. Содан кейін өзге өңірлердің орталық мешіттері игі істі қолдай бастады. Қазір барлық аймақта жауапты өкіл тағайындалып, жұмыс жүргізіліп жатыр. «Зекет» қорын жағдайы жақсы адамдар мен тұрмысы төмендердің арасын жалғайтын көпір десе де болады.
«Көкшетау» газеті: Мұқтаж жандардың тізімін кім жасап, кім анықтайды?
Ерболат Шәріп: Көбінесе көмекке зәру жандар бізге өздері келеді немесе естіп-білген жандарға қол ұшын созуға өзіміз барамыз. Алдымен әңгімелесіп, жағдай сұрасып, қандай қиындықтарға тап болғанын біліп аламыз. Жағдайын зерттейміз. Қаншалықты қиналып жүргенін түсінуге тырысамыз, мүмкін ол адамның халі мүлдем мүшкіл шығар. Тұрақты мекенжайына барып, көріп қайтамыз. Кез келген отбасының біз білмейтін қырлары көп қой. Күнделікті тауқыметін біз сезіне бермейміз. Сондықтан мүмкіндігінше отбасы мүшелерімен танысып, білісіп, хал-қадерімізше көмектесуге тырысамыз. Мешітке келіп, көмек ала алмай кеткен жандар жоқтың қасы деуге болады.
«Көкшетау» газеті: Сіздерге облыс бойынша көмек сұрап келіп жата ма?
Ерболат Шәріп: Иә, әрине. Мұндай қайырымдылық шараларына аудан имамдары толық жауапты. Кез келген ауданға қарасты ауыл-аймақтың көмекке мұқтаж тұрғындары орталық мешітке келмей-ақ, жағдайын жергілікті жердегі имамдарға айтуына болады және сол жерде көмек ала алады.
«Көкшетау» газеті: Мысалы, Көкшетау қаласының көмекке мұқтаж отбасы бар дейік. Сіздер оларға тұрақты түрде жәрдемдесіп тұрасыздар ма?
Ерболат Шәріп: Кейде бір рет қана көмек беретін отбастары болады. Кейін тығырықтан шыққанын, жағдайы түзелгенін айтып, алғысын арқалай келетіндер де бар. Яғни, оларға сол сәтте қолдау қажет болған шығар. Содан кейін үміт оты оянып, аяғынан тік тұрып кетуі де мүмкін. Бірақ үнемі біздің қамқорымызға зәру отбастары да бар. Оларға ай сайын немесе айына бір-екі рет те көмектесіп жатамыз. Әр отбасының ерекшелігіне байланысты болады. Бұл жерде көпбалалы аналар ғана назарға алынып отырған жоқ. Оның ішінде мүгедек жандар да бар. Тек бір ғана бағытпен жұмыс істемейміз. Мысалы, бір бағытты ұстанатын қорлар бар. Олар мүгедек жандармен, мүмкіндігі шектеулі балалармен, науқас адамдармен ғана жұмыс істеуі мүмкін. Ал, бізде ондай шектеу жоқ. Көмекке мұқтаж адамдардың бәріне қол ұшын созуға дайынбыз. Мешітте ондай категорияларға бөлу деген ұғым жоқ. Біздің көмегіміз кішігірім ғана болуы мүмкін, бірақ соның өзі қарапайым халыққа көп демеу.
«Көкшетау» газеті: Осындай қайырымдылық шараларын жүргізуге сіздерге кім көмектеседі?
Ерболат Шәріп: Бізге тұрақты түрде кәсіпкерлер көмектеседі дей алмаймыз. Бұл жалпы бұқара халықтың қолдауымен жүзеге асып жатқан игі шаралар. Сондықтан тек жағдайлары бар мұсылмандар ғана көмек беріп жатыр деуге болмайды. Қарапайым халықтың өзі қол ұшын созуға дайын тұрады. Мысалы, мешіттің жанында қайырымдылық дүкені бар. «Бүтін киіміңді лақтырма, обал болады» деген түсінік қазақтың ұғымына жат емес. Біз өзіміз бала күнімізден «жаман болады, обал болады» деген сөздерді естіп өстік. Үйіңізде киілмей жатқан бүтін киімдерді жуып, шайып, үтіктеп осында алып келуіңізге болады. Мысалы, балаларыңыз өсіп кеткен болса, оларға сыймай қалған киімдерін мешіттің жанындағы қайырымдылық дүкеніне әкеліп тапсырыңыз. Осында қарындастарымыз қабылдап алып, сөрелерге бөліп қояды. Дүйсенбі және сәрсенбі күндері күндізгі сағат 2-ден 4-ке дейін ашық тұрады. Жағдайы төмен отбастарының мүшелері сол уақытта келіп, өзіне қажетті киімін алып жатады. Ол киімдер жаңа болмауы мүмкін, бірақ сондай киім-кешекке де зәру жандар бар ғой. Оның өзі үлкен бір үлес. Айына біздің дүкеннен 80-90 адамға дейін киім алады. Көкшетау қаласының кез келген тұрғыны үйінде киілмей жатқан киімдерін мешітке әкеліп тапсырса, қаншама адамның үсті-басының бүтін жүруіне себепкер болар еді.
«Көкшетау» газеті: Ендігі ретте «Ел үлесі – пәтерге!» акциясына тоқталып кетсеңіз.
Ерболат Шәріп: 2018 жылы облыс имамы Қуаныш Сәбит пен «Зекет» қорының шешімімен «Ел үлесі – пәтерге!» деген халықтық жобаны қолға алған едік. Бұл жаны бар шара болып шықты. Өйткені, 11 айдың ішінде біз үш мұқтаж отбасына пәтер алып бердік. Жоспар бойынша 4000 адам 2000 теңгеден садақа етсе, 8 миллион теңгенің көлемінде қаржы жиналуы тиіс еді және сол қаржыға үй-күйі жоқ отбасына пәтер алып береміз деп шештік. Бірақ біз ол қаржыны күтпей-ақ 45-46 шаршы метрлік пәтерлерді алып, жөндеу жүргізіп, дайын күйінде халықтың атынан табыс еттік. Каспий, Киви кошелек аштық және қала мешітінде журнал ашылды. Соған көмек бергісі келген адамның аты-жөні және салатын қаржысы жазылады.
«Көкшетау» газеті: Жоғарыдағы үш отбасы қалай таңдалды?
Ерболат Шәріп: Бұл алқа мүшелері жиналып, шешілген мәселе. Мәуленгүл Тарбах жеті баланың анасы. Әкелері қайтыс болған. Ең кіші балалары 1-2 жаста ғана. Олардың жағдайы өте ауыр болды. Бұл отбасына Красный Яр селосынан баспана алып бердік. Екінші пәтер бірінші топтағы мүгедек Гүлнәр Хамзина деген кісіге сатып алынды. Екі баласы бар. Пәтер кезегі жеткенше бірнеше жыл күту керек. Ананың үміті үзілмесін деген ниетпен ол кісіге қолұшын создық. Үшінші Алмагүл Еркінбекова деген жалғызбасты ананың отбасы. Алты баласы бар. Бұл отбасының басына түскен тауқыметті жағдайды бәрі біледі. Өртке оранған уақытша баспанадан бауырларын аман-есен алып шыққан Ұлдана деген ұлға татырлық батыр қыз жайлы барлық қазақстандықтар естіді. Міне, бұл отбасын біз де назардан тыс қалдыра алмадық. Мысалы, күні кеше ғана бес қыздың өрттің құрбаны болғаны барлық қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Осы жантүршігерлік оқиғадан кейін жоғарыдағы үш ана мешітке хабарласып, бізге тағы да алғыстарын айтты. Мұның бәрі қарапайым халықтың көмегінің арқасында жүзеге асты. Солардың қатарында бір студент баланы ерекшелеп айтқым келеді. Өзгелермен бірге ол апта сайын өзінің стипендиясынан және қосымша тапқан қаржысынан 2000 теңге әкеліп тұрды. Сол баланың қайырымды жүрегіне риза болып, Мәуліт тойы үстінде халық алдында марапаттадық.
«Көкшетау» газеті: Алдағы жоспарларыңыз қандай?
Ерболат Шәріп: Біз қазір төртінші отбасына баспана алып беруді жоспарлап жатырмыз. Әр айда әртүрлі сома жиналуы мүмкін. Оны нақты мына айда осыншама жиналады деп айту қиын. Сондықтан биыл да мұқтаж отбастарына екі-үш пәтер алып береміз бе деп отырмыз. Осындай игі шаралардың арқасында садақа беріп, зекет қорына үлесін қосып жатқандар қатары өсіп келеді. Қайырымдылық шараларын алдағы уақытта да кеңейте береміз. Байланыс телефонымыз: 8-702-328-23-80.
«Көкшетау» газеті: Игі істеріңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбатты жүргізген
Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий