«Қайырымдылық керуені» жол тартты

Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосқан батыл, қамқор жандарды, меценаттар мен нағыз патриоттарды анықтайтын «Қайырымдылық керуені» ІV республикалық байқауы бастау алмақшы. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте өңірлік коммуникациялар қызметі жаңалықтар бөлімінің жетекшісі Айнұр Молдазиятова, Көкшетау қаласының іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы Сәуле Қасымова, «Қайырымдылық керуені» республикалық жобасының Ақмола облысы бойынша жетекшісі Раушан Тұранова, «Веро в добро» ҚҚ төрайымы Татьяна Спиглазова байқаудың өткізілу барысын түсіндірді. Спикерлердің айтуынша, адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған байқауды Нұрсұлтан Назарбаев қоры, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені, «Хабар» агенттігі, «КТК» телеарнасы ұйымдастырады.
Байқауға әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге үлестерін қосатын және өзгелерді өздерінің игі ісімен ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Кәсіпкерлік субъектілері, қайырымдылық қызметі мемлекеттік қолдаумен (мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс және т.б.) байланысты адамдар қатыса алмайды.Лауреаттар мына номинациялар бойынша анықталады:
«Асар» номинациясы халықтық салт-дәстүрді сақтауға бағытталған қайырымдылық қызметті атқаратын жандарға табысталады;
«Туған жер» номинациясы білім беру, экология және абаттандыру, мәдени нысандарды қалпына келтіру және т.б. салаларда туған өлкесіне қайырымдылық көрсеткен лауреатқа табысталады;
«Батыл жүрек» номинациясы ерлік пен қайсарлық танытқан адамдарға беріледі. Бұл номинация шеңберінде шұғыл қызмет (ТЖ, ІІМ, Жедел жәрдем және т.б.) қызметкерлерінің арасында ең үздіктерге қосымша жеңімпаз атағы берілуі мүмкін;
«Мейірім жолында» номинациясы белгілі бір уақыт аралығында тұрақты түрде өтеусіз көмек көрсеткен жандарға беріледі;
«Қайырымдылық тарихы» номинациясы қайырымдылық, әлеуметтік мәселелерді үздік жариялағаны үшін журналистке немесе шығармашылық ұжымға беріледі;
«Бала жүрегі» номинациясы төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен батырлығы және қайырымдылық іске қатысқаны үшін 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге беріледі.
«Жануарларға мейірім» номинациясы жануарларды қорғайтын, оларды асырауға көмектесетін, сонымен бірге, жануарлар әлеміне қатысты мейірімділік пен қайырымдылықты насихаттайтын лауреатқа беріледі.
Байқауға қатысуға өтінімдер 2021 жылдың 30 қарашасына дейін қабылданады. Байқауға қатысу туралы толық ақпаратты www.fnn.kz, www.businesswomen.kz сайттарынан табуға болады.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий