Қалалық білім бөлімінің алқа мәжілісі

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың қатысуымен қалалық білім бөлімінің 2016 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2017 жылдың міндеттеріне арналған алқа мәжілісі өттi. Білім берудің мазмұны мен құрылымын жаңарту, жаңа технологияларды жетілдіру мақсатын көздеген алқалы жиында қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов баяндама жасады. Алқа мәжілісінде айтылғанындай, өткен жылы білім беру және мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне 22 миллион теңгеге күрделі жөндеу, 70 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізіліпті. Мектептерді осы заманға сай оқу кабинеттерімен жабдықтау мақсатында 33 миллион теңге бөлінген. Аталған жұмыстар биыл да жалғасатын болады. Оқу бағдарламасының сапасы мен тәрбиешілердің біліктілігін арттыруға да көңіл бөлінетін болады. Осы орайда мектепке дейінгі білім беруді бақылау тетіктерін күшейту, мектепке дейінгі білім бағдарламаларын жаңарту арқылы мазмұнды жақсарту, кадрлық әлеуетті күшейту қажет. Үш тілде білім беруді дамыту бойынша кең ауқымды іс-қимыл жүргізу үшін арнайы бағдарлама әзірленді. Осы шараны жүзеге асыру барысында Назарбаев зияткерлiк мектебінде, қазақ-түрік лицейінде және орта мектептерде жазғы тіл мектептері ұйымдастырылды. 1 сынып оқушылары үшiн аптасына бес күндiк оқыту жүйесi, жалпы бiлiм беретiн мектептерде ағылшын тiлiн тереңдетiп оқыту мәселелерi жаңа оқу жылында жүзеге асырылуда. Жалпы, өткен жылы 961 мұғалiм бiлiктiлiк курсынан өткен. Инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында 69 мүгедек баланың 19-ы компьютермен қамтылған. 17 мектепте логопед мамандары жұмыс істейді.

Ұлттық тестілеу нәтижесі неге төмендедi?

Өткен оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуде қала бойынша орташа балдық көрсеткiштің өзі төмендеп кеткен. «Алтын белгіге» ұсынылғандардың арасында 39 үміткердің 12-сі ғана өз білімдерін дәлелдей алған. Ал, биыл «Алтын белгіге» үміткерлердің саны – 55. Білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіповтің сөзіне қарағанда негізгі кемшілік мектеп бітірушілерді Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегендігінде.
– Жасыратын несi бар, мұғалiмдердiң бiлiктiлiгi төмен болып отыр. Көптеген мектептер бiлiм беру талаптарының үдесiнен шыға алмауда. Білім сапасының төмен көрсеткіші ұжымның жұмыла жұмыс істемеуінен деп санаймын. Дарынды балалармен жұмыс жүргізілмейді. Аттестациядан өте алмай жатқандар қатары артып келедi. Сол себептi мұғалiмдердiң бiлiктiлiгiн арттыру курстарын ұйымдастырып, деңгейлерiн көтеру iсiн жандандырып отырмыз, – дедi Б.Жүсіпов. Оның айтуынша, мектеп мұғалiмдерi ата-аналармен бiрлесе жұмыс iстеуге де немқұрайлылық танытатын көрiнедi. Бiлiмнiң сапасын тек мұғалiмнен талап ету де орынсыз. Сабақты қадағалау, орындату мәселесiнде ата-ананың да рөлi зор екенiн ескеруiмiз керек. Сонымен қатар төмен білім сапасы негізгі пәндерді оқытудағы бастауыш пен орта буында жіберілген кемшіліктердің көрінісі. Осындай кемшіліктердің салдарынан жоғары сыныпқа барғанда оқушылардың Ұлттық бірыңғай тестілеуден бас тартып, қатысу пайызының төмендеуіне алып келді. Аталған кемшіліктердің түйінін тарқатып, шешуін таппасақ, бастауышта ақсаған оқушының қабілетін орта буында жоғалтып аларымыз анық. Қалалық білім бөлімінің жетекшісі арнайы тексеріс кезінде көптеген кемшіліктердің беті ашылғанын да жасырған жоқ. Бақылау сынағында №2, 4, 8, 16, 19 орта мектептерде оқушылардың математикадан бiлiм көрсеткiшi төмен болып шыққан.

Жеткіншек тәрбиесі мәселесі ақсап тұр

Білім бөлімінің жетекшісі мектептердегі білім сапасымен бірге жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесін басты назарда ұстау керектігін баса айтты. Мектеп директорларына оқушылардың тек сабақ уақыты ғана емес, сабақтан тыс уақытта да немен айналысып жүргенін қадағалап отыруды тапсырды. Алайда, мектептен тыс мекемелердің көпшілігінде сабақ дұрыс өтпейді. Сол себептен оқушының да қызығушылығы төмендеген. Ал, аула клубтарының жағдайы сын көтермейді. Мәжілісте ата-анасының қарауынсыз қалып, қаңғыбастыққа салынған балалар мен жасөспірімдерге көбірек назар аудару қажеттілігі сөз болды. Бұл мәселе жайдан-жай көтерілген жоқ. Бүгінде ювеналды полиция бөлімшесінде тәртібі қиын 161 бала бар. «Олардың қылмысқа баратындары да бар. Былтыр жасөспірімдер тарапынан 20 қылмыс түрі жасалған. Оның ішінде тонау, ұрлық, адамдарды саудалау, бопсалау кездесті. 11 студент, 1 мектеп оқушысы тіркеуге алынды», – дейді Көкшетау қалалық ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік инс-пекторы А.Көшкенова. Сот арқылы 17 ата-ана ата-аналық құқығынан айырылған. Мәжілісті қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова ҰБТ алдында барлық ұйымдастыру шараларын жолға қоюды алға тартты. Әсіресе, жылдан-жылға өте төмен білім сапасын көрсетіп, өз ісіне жауапсыздық танытып жүрген мектептердегі оқу сапасын талдап, талқылау қажет. Ұстаздар қауымы өз жұмыстарын ширатулары керек. Бұл орайда мектеп директорларынан сұраныс жоғары. Мұғалімдермен жұмысты жандандырып, білімін жетілдіру үшін үлгілі оқу орнының базасында семинар-кеңес немесе басқадай оқу тәсілдері негізінде тәжірибе алмасу ұйымдастырылсын. Әсіресе, «қиын балалармен» жұмысты күшейтіп, үйірмелерге көптеп тарту қажет. Алқалы жиында білім қызметкерлеріне алдағы уақытта аталған кемшіліктерді жою, сондай-ақ, жалпы білім саласын сауықтыру жүктелді. Осы тапсырмалар жөнінде арнайы қаулы қабылданып, бекітілді. Мәжіліс соңында №10 «Алтын бала» балабақшасының меңгерушісі Гүлжан Ержанова, №11 «Арай» балабақшасының меңгерушісі Үгіл Алпысқызы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Өз кәсібінде біліктілік биігінен көрініп жүрген ұлағат иелері Құрмет грамоталарына ие болды.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс