Қаламгерге арналды

Қарымды қаламгер Төлеген Қажыбайдың редакторлығымен шығып келе жатқан «Жер шоқтығы» журналының 3-ші саны биыл 80 жылдық мерейтойы аталып өткелі отырған марқұм ағамыз Мәтен Бижановқа арналыпты.

№3-21 2017Алғашқы мұқабасынан-ақ алтын күздің шуақты бір күнінде тау ішінде сейілдеп жүрген сәтті суреті берілген екен. Күні кеше журналистиканың көкжалы танылып, «Көкшетау», «Торғай таңы», «Бұқпа!» сияқты газеттерді басқарып, жас қаламгерлерді өрге жетелеген абзал ағаға деген сағыныш та сол күздің мұңындай көңіл көгін күрсіндіргендей. Екінші бетінен қаламгердің өңіріне «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісін тағып, стол басында отырған қалпы қарайды. Алғашқы ашқаннан-ақ ағайдың «Сыр еліне сапар» атты жолжазбасына жолығасыз. Нөмірге кезінде қарамағында қызмет істеп, ақыл-кеңесін тыңдаған журналистер Серік Жетпісқалиевтің, Әсем Жүністің көлемді мақалалары енген. Соңғы бетінен тағы да М.Бижановтың әріптес-інісі Төлеген Қажыбаймен пікір алмасу үстіндегі, өзі ашып, еңсе көтерткен сүйікті «Бұқпасына» қарай нық басып келе жатқан  суреттері беріліпті.

Ылғи да құнды, қызықты мақалаларымен тәнті ететін журнал бұл жолы да сол мінезінен жаңылмаған. Нәбиден Әбуталиевтың «Сегіз сері», Софы Сматаевтың «Қаз дауысты Қазыбек», Жайық Бектұровтың «Жұмбақ жан», жергілікті ғалымдар Аманжол Есмағұловтың «Ғабит Мүсірепов прозасындағы дәуір сипаты», Ғалым Мұсатайдың «Абылайдың қалмақ ханы Қалдан-Серенде тұтқында болуы» сияқты мақалалары ешкімді бейжай қалдырмас. Сондай-ақ, журнал редакторының «Пандора қақпағы ашылған күн» атты прозалық шығармасы, Қалижан Бекқожиннің «Батыр Науан» поэмасы, Бақберген Амалбектің өлеңдер топтамасы, Ақылбек Шаяхметтің «Оймақтай ойларын» оқи аласыздар.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий