Қаламгермен қызықты кездесу өтті

Үстіміздегі жылдың 9 қаңтар күні Көкшетау техникалық институтында белгілі қоғам қайраткері, республикамызға танымал аудармашы — жазушы, публицист- журналист, іскер басшы, ана тіліміздің жанашыры Ғосман Төлеғұлұлы Төлеғұлдың 70 жылдық мерейтойына орай  институт курсанттарының, ғалым-оқытушыларының қатысуымен шығармашылық кездесуі болып өтті. Сондай-ақ, кездесуге облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қаратай Төлекеев, «Көкше-медия» ЖШС директоры Жалғасбек Сүлейменов,  «Көкшетау» газетінің бас редакторы, ақын Серік Жетпісқалиевтар  қатысты.  Әсем безендірілген мәжіліс залы кездесуге келген курсанттарға, институттың оқытушылары мен қатардағы қызметкерлеріне  лық толды. Сонымен қатар үлкен кітап стеллажы жасақталып, оған Ғосман Төлеғұлдың еңбектері қойылды. Мәжілісті модератор, осы институттың кафедра меңгерушісі, полковник Қалижан Нарбаев ашып, жүргізіп отырды. Ол өзінің кіріспе сөзінде мерейтой иесі, қарымды қаламгердің өмірбаяны және еңбек жолы туралы кіріспе сөзімен бастап, одан кейін  сөз кезегін қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы, ақын Серік Жетпісқалиевқа берді.

DSC_0333  -Мен Ғосекеңді – білікті аудармашы, журналист, іскер басшы ретінде танып білгелі ширек ғасыр уақыт болды,-деп бастады ол өз сөзін. Қашан көрсең ат үстінде, қашан көрсең үлкен бір істің басында, білек сыбанып жаңа бір белесті алуға, бөлек біткен биікті бағындыруға беле шеше кірісіп, жүгіріп жүргенін көресің. Бүгінде қазыналы, қадірлі 70 жасқа келіп қалса да сол баяғы қалпы. Оның өне бойынан ізденіс пен шығармашылық, қамқорлық пен ізеттілік, қарапайымдылық пен сергектіктің  самал лебі есіп тұрады.

Ғосағаң қайсыбір істі қолға алмасын бәріне де шығармашылық шабытпен кірісіп, түбіне дейін зерттеп, саралап шығады. Оған өзінің білімін, сөз байлығын, жоғары мәдениетін, әдебі мен тас жарған талантын толық пайдалана біледі. Одан әрі Серік Сапарұлы Ғосман Төлеғұлұлының ұлан-ғайыр шығармашылық еңбектерін кездесуге  жиналған барша қауымға қарапайым тілмен егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Сөз кезегін алып, кездесу мінбесіне көтерілген Қаратай Төлекеев :

— Бұл кездесуде Ғосман Төлеғұлұлының өткен жылдар ішінде атқарған шығармашылық еңбектерінің барлығын ортаға салу мүмкін емес. Өйткені оның творчествосы қазақтың байтақ даласындай шексіз де шетсіз және өте бай мұра,-деп бастады.

—  Он жылдан астам уақыт Ғосағаңмен бірге қызметтес бола жүріп, әдебиет пен мәдениет салаларының, тіл ғылымы мен аудармашылықтың бай тарихын оқып үйрендік. Оның көптеген еңбектерін сүйсіне оқып, қалай қол жеткізгенін көрдік. Оның бойына біткен табиғи дарыны, әдебиетке, өнерге деген құштарлығы үлкен бір қызықты тақырыптың өзегі бола алады.  Олардың бәрі болашақтың ісі, ізбасар шығармашы-ғалымдар зерттейді деген сенімдеміз.

Бір ғана мысал ретінде айта кететін жәйт, Ғосағаң Кеңес Армиясының қатарына шақырылып Отан алдындағы борышын өтеп жүрген уақытында өзінің еліне, жеріне деген сағынышын музыканың құдыретімен шешуге талпыныс жасаған.  Әскери міндетін өтей жүріп, қолдан домбыра жасап, ұлтымыздың мақтан тұтар сиқырлы аспабының үнімен, тілімен айналасындағыларға қазақтың кім екенін дәледегесі келгені қандай керемет ұйғарым десеңізші. Бұл ағамыздың шығармашылық бейнесі мен ізденісінің, сыры ашылмаған сыр сандығының кішкентай ғана бір штрихі болса керек.

Кездесу барысында сөз алған «Көкше-медия» ЖШС  директоры Жалғасбек  Сүлейменов:

— Ғосман Төлеғұлұлының шығармашылығымен де, өзімен де көптен таныспын, едәуір уақыт аралас-құраласпыз. Қазақтың қара шаңырағы Қазақ МУ-дің журналистика факультетінің түлегіміз.

Әңгімені көпке созбай-ақ тоқ етерін айтар болсақ, ағамыздың шығармашылық еңбектері мазмұны мен мән- мағынасы жағынан өте бай, ой тереңдігі, ақыл тұтар тұстары айқын да айдарлы. Ұлтымыздың жас жеткіншектеріне тәлім-тәрбие беретін, үлгі-өнеге болатын әдеби мұра. Оның өзіндік ерекшелігі сол, ағамыз екі тілді жете мегеріп қоймай, олардан адам таңқаларлық шағармашылық ою-өрнек жасай біледі.Оның қайсыбір шығармасын алмаңыз, бәрі де тұнып тұрған ұлтымыздың тарихы мен намысы, мәдениеті мен әдебиетінің өресі, тіл тағдыры, ұлттар достығына бағытталған тәрбие оқу құралы.

Кездесуде сөз сөйлеген Көкшетау техникалық институтының басшысы, техника ғылымдарының докторы Сырым Шәріпханов және осы институттың ардақты ардагері, облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі Сапарғали Асылбекұлы Ғосман Төлеғұлұлының әдебиет, мәдениет салаларындағы шығармашылығы, аудармашылығы жайлы ойларын ортаға салып, жас жеткіншектерге тәлім-тәрбие беруде оның еңбектерінің рөлінің ерекше екеніне баса назар аударды. Ортаға өз ойларын салған азаматтардың бәрі де Ғосман Төлеғұлұлына жүрекжарды тілектерін айтып, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, жаңа шығармашылық табыс тіледі.

Кездесу соңында Ғосман Төлеғұлұлы барша жиналған қауымға өзінің ақ алғысын білдіріп,  шығармашылық еңбек жолына  қысқаша тоқталды, курсанттардың сан түрлі сауалдарына жауап берді.  Кездесу барысында аталған институттың жас өнерпаздары Дихан Бакирамов, Баққұл Данияр, Барат Бағжан, Әбілқайыр Қанат және Ералы Мәди «Қазақ елі», «Қазағым-ау», «Ас-салям алейкум» әндерін нақышына келтіре орындап, кездесуге келген барша қауымның көңіл-күйлерін көтеріп, қуанышқа бөледі.

                                                                                        Үкітай  Ахмадеев,

                                                                             Ақмола облыстық ардагерлер

                                                                             кеңесінің жауапты хатшысы.

                                                                           

 

 

 

 

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий