Қаламгер атаның ақыл-өсиеті

Үлкен қаламгер жайлы пікір айту бізге әлі ерте. Ол деңгейге жету үшін талай сатыдан өту керек. Естай аға, жазушы Естай Мырзахметов жайлы ой-толғамыңды қағаз бетіне түсір деген тапсырма берілген кезде қиналғаным рас. Оның мейірімге толы жанары көз алдыма келіп тұра қалды. «Ал, мен жайлы не жазар екенсің?» – деп күлімсірейтіндей. Бұрынғы жұмыс орным атаның үйіне жақын болғандықтан, ара-тұра амандасып шығу үшін кіріп шығатын едім. Тынығатын уақыты немесе ой үстінде отыратын сәтіне дөп келмеу үшін алдын ала қоңырау шалып, ападан мән-жайды біліп барып қана есігін қағатынмын. Телефон тұтқасын көтеріп, байыпты да салмақты дауысымен ақырын ғана «Иә» дейтін. Амандасқасын «Сізге келгім келеді, көргім келеді, уақытыңыз бола ма?» – дейтінмін еркелей. Ол кісіге үлкен-кіші демей, бәрі еркелеп тұратындай көрінетін. Өйткені, биязы, жұмсақ мінезді жанды өз атаңдай жақсы көріп кететінсің. Үйіне қашан барсаң да, кіріп-шығып жатқан адамнан арылмайтын. Солардың бәрімен әңгімелесуге уақыт табатын. Апаның ыстық шайын ішіп алғасын, бөлмесіне шақырып алып, мән-жайды сұрастыратын. Қандай тақырыптар көтеріліп, қандай хабарлар жасалып жатқанын білгісі келетін. Телевизия журналистерінің кей сөздерді қате айтатынына қынжылыс білдіріп те қоятын. Бір есімде қалғаны: «жұмыс жасап жатыр» демеңдер, жұмысты «жасамайды», жұмысты «істейді» дегені. Адамға сынай да, барлай да қарап отырып, байыпты қалпынан бір танбай, ақылын айтып, шығарып салатын. Бұл біздің Естай атаға ғана тән қасиет еді.

Жазушы Естай Мырзахметовтың «Медет», «Он бес жыл өткен соң» романдарын жата-жастана оқығанбыз мектеп қабырғасында. Сол кезден қаламгерді көру арманға айналды. Атамен кездесу сәті өзіміздің туған ауылымыз Жылымдыда түскені де кездейсоқ емес шығар. Ауылдық кітапхана меңгерушісі, өзімнің анам Ләтипа Әбуова жерлес ақын-жазушылармен, өнер адамдарымен кездесу кешін ұйымдастыратын. Бұған дейін ауылға Ибрахим Салахов, Көкен Шәкеев келіп кеткен. Бұл жолы жылымдылықтар жазушы Естай Мырзахметовпен кездесуді тағатсыздана күтті. Кітаптарын қайта бір оқып, ой қорытты. Ауылдық клубта өткен жылы кездесу еш есімен кетпейді. Сахнада жылы жымиып қаламгер отыр. Кітапқұмар ауыл адамдары шығармаларының кейіпкерлері жайлы ойларын ортаға салып, сұрақтарын қойды. «Медет» романындағы басты кейіпкер өзіңіз шығарсыз, «Он бес жыл өткен соңдағы» Аяулым қазіргі жарыңыз ба? – деген сияқты сауалдарға ата күлімсіреп қойып, асықпай, саспай жауап беріп отырды. Ол сөйлеген кезде ауыл клубында масаның ызыңы да естілмеген шығар. Бәрі тым-тырыс, жазушының әр сөзін кірпік қақпай, тұшымды әңгімесіне зейін салып, тұшына тыңдады. Жылымдылықтар дән риза болысып, қаламгермен қоштасқылары келмей, түн жарымға дейін әсерлі әңгіменің әсерінен айыға алмады. Міне, сол сәттен бастап жазушыға деген құрметім еселей түсті. Мектеп қабырғасында жүргенде аудандық «За коммунизм» газетіне білім ошағындағы шаралар жайлы қысқа заметкалар жазып жүретін едім. Мамандық таңдау уақыты таянғанда анам екеуміз жазушы атаға хат жаздық. Басты мақсатым, атадан ақыл-кеңес сұрап, журналистік қызметтің қиындығы мен қызығы жайлы мағлұмат алу болды. Жүрегі кең, жомарт, қарапайым жаннан көп ұзамай жауап хат та келді. «Айналайын, Гәкку!» деп хатын қамқор әкедей жылы сөзбен бас-тапты. Одан кейінгі атаның әрбір сөзі ақыл-кеңеске толы. Жазушының сөзін айна-қатесіз, үтір-нүктесін өзгертпей, сол күйінде үзіндісін беріп отырмын.

   Айналайын, Гәкку!
Жазушылыққа талаптанғаның құптарлық екен. Адамның бойында талап болса, қайтсе де далада қалмақшы емес. Талапсыздықтан жаманы жоқ. Талапсыз адам өрге баса алмайды. Сондықтан талабыңды ешқашан тарықтырма, ұмтыла бер! Адам бірден жазушы дәрежесіне жете алмайды. Оқиды. Үйренеді. Еңбектенеді. Көп-көп тер төгіп, көп-көп бейнет тартып барып мақсатына жетеді. Мен де сөйткенмін. Жазушы атаулының жүрер жолы осы – біреу-ақ. Жазушының ең басты құралы – тіл. Сондықтан тіл үйрен. Жетік меңгер. Ол үшін естіген, өзіңе таныс емес сөздерді жазып-ап жинай жүргейсің. Соларды орынды пайдалана білуге тырыс. Өзің әдеби кітаптарды оқисың ғой, солардағы шебер аударылған сөйлемдерді, жақсы сөздерді жинай жүр. Тікелей көшіріп пайдалануға болмайды, өзіңше ойнатып пайдалануға машықтанғайсың. Сонсоң, шығармаңның оқиғасын ойдан құрастырмағайсың. Нанымсыз, қызғылықсыз болады. Өмірдің өзінен ал. Өзің көрген, білген, әйтпесе естіген оқиғаларыңды сюжетке жаратуды үйрен. Не нәрсе, қандай тақырыпты алсаң да, жете зерттеп білмейінше жазба. Іс шықпайды. Ал табылған сюжетті кәдеге асыра білу шеберлігі жүре жетілетін нәрсе. Әрине ащы тер төккен еңбекпен жетіледі. Саған айтар ақыл-кеңесім осылар…
                                                                                                                                                                            Естай атаң!
Міне, осы хат маған өмірлік бағдар болғандай. Әлі күнге дейін сақтап келе жатырмын. Жас тілшілерге де бұл аса қажет ақыл-өсиет. Сондықтан қаламға жақын жүрген жастардың жазушы аталардың тәрбиесін алуға асыққаны абзал деп білемін.
                                                                                                                                                           Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс