Қаламдарың мұқалмасын, әріптестер!

28-ші маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні, яғни журналист қауымының марапатқа ие болып, құттықтаулар қабылдап, мерейге бөленетін сәті. Бұл жолы облыстық ішкі саясат басқармасы қаламы жүйрік, ойы ұшқыр, қоғамдық пікір тудырушы құрал өкілдерін Бұқпа тауының бөктеріндегі «Динамо» спорт кешені базасындағы көгалда тігілген ақ шатырлар астына дастархан жайып күтті. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ермек Маржықпаев ардагер журналистерге құрмет көрсетіп, бірқатар қаламгерлерге төсбелгілерін, алғыс хаттарын табыс етті. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Алтын қалам» шығармашылық байқауының жүлдегерлерін қаржылай сыйақымен марапаттады.

Таза ауамен тыныстап, жасыл желек орманды алқаптың көркіне сүйсіне, әдемі әуенге елтіп, көтеріңкі көңіл күйде отырған БАҚ өкілдерінің әрбірінің өз саласына сіңіріп жүрген еңбегі елеулі. Бірі саналы ғұмырын жазу-сызуға арнап, әлі күнге дейін тұғыр-дан түспей келе жатқан ардагерлер болса, енді бірі солардың ізін басып келе жатқан кейінгі толқын жастар. Газет, журнал, телевизия саласымен қанаттас келе жатқан блогерлер де өңірдің жаңалықтарын дер кезінде халыққа жеткізіп келеді. Бұл – заман талабы. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев бүгінгі кәсіби мерекемен құттықтай келе, ақпарат саласындағы жаңашылдықтар, жетістіктерге тоқталды. Өмірден озған қаламгерлердің де есімін құрметпен атады. Одан кейін марапаттау рәсімі басталды. Жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асатын, өз кәсіптерінде адалдық танытып, ақпарат майданында маңызды жаңалық жеткізуді мұрат тұтқан, сондай-ақ, еңбек жолында ең үздік көрсеткіштер көрсете білген зейнеткерлер мен үздік еңбеккерлер ақпарат саласының «Еңбек ардагері» медалімен Медина Жүсіпова мен Любовь Фомич марапатталды. «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін Қуаныш Нұрсадықов, Шынар Байтықова, Рамазан Тілеуов, Гүлнәр Бекенова, Григорий Споденецтердің омырауына қадады. Бір топ қаламгерлер Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Он бір жылдан бері «Алтын қалам» облыс әкімінің сыйлықақысына байқау номинацияларын тапсыру дәстүрге айналды. Биылғы жылы 81 өтініш келіп түскен екен. Комиссия шешімі бойынша жеңімпаздар 9 номинация бойынша анықталды. Үздік сараптамалық мақала, үздік репортаж, үздік бейнематериал, үздік жаңалықтар порталы бойынша озық деп танылған БАҚ өкілдеріне 200 мың теңгелік сертификаттар табыс етілді. Өңір басшысының 150 мың теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлығына қалалық «Көкшетау» газетінің жауапты хатшысы Гәкку Асылбекқызы, «Степной маяк» газетінің тілшісі Аружан Сатыбалдинова ие болды. Сонымен қатар, жарыққа шыққанына 20 жыл болған тәуелсіз «Бұқпа!» газетінің бас редакторы Бақыт Смағұлға арнайы сыйлық табыс етілді. Биыл мерейтойларын атап өткен бірқатар журналистер де құрметке бөленді.
Салтанатты шара концерттік бағдарламамен түйінделді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий