Қаламымен де жауынан кек алған

Уара Нұрсейітұлы өзінің небары 60 жылдық ғұмырында талай белестерден өтті. Ол 1916 жылғы 15 қарашада қазіргі Аққайың ауданындағы Аралағаш ауданында дүниеге келіпті. Еңбек жолын 17 жасында Нұра аудандық атқару комитетінің іс басқарушысы болып бастады. 1934-1935 жылдары Қарағанды облыстық атқару комитеті
/орталығы Петропавл қаласы/ ұйымдастыру бөлімінің хатшысы қызметін атқарды. 1935-1938 жылдары Алматы қаласында журналистика институтын қызыл дипломмен бітіргеннен кейін, облыстық «Ленин туы» газетінің редакциясында жауапты хатшы, үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Осы екі арада 1938 жылдың қарашасынан 1940 жылдың желтоқсанына дейін Орал әскери округінде «За Родину» газетінің жауапты хатшысы қызметін атқарған. 1941 жылдың тамыз айында әскер қатарына шақырылып, Ақтөбе қаласында құрылып жатқан 101-ші дербес атқыштар бригадасының «Отан үшін» атты қазақ газетінің редакторлығына тағайындалды. Уара Нұрсейітұлы аз уақыттың ішінде редакция ұжымын құрып, партия ұйымының көмегімен көшпелі баспахана ұйымдастырады. Газеттің алғашқы сандарынан бастап, жауынгерлердің күнделікті жаттығулары жайлы хабарлар жарияланып, қазақ ақындарының өлеңдері де шығып тұрды. Бір күні редакцияға халық ақыны Нұрпейіс Байғанин ақсақал келіп, Москваны ерлікпен қорғаған 28 панфиловшылардың ерен ерлігі туралы шығарған өлеңін ұсынды. Бұл өлең жас жауынгерлердің Отанға деген патриоттық сезімін көтеріп тастайды. Бригаданың қатардағы артиллерисі Мұзафар Әлімбаев та өзінің алғашқы өлеңдерін осы газетте бастырып жүрді. Кейін Қазақстанның көрнекті ақыны Мұзағаң ұзақ жыл «Балдырған» журналын басқарды.
Газет редакторлығы оған штаттан тыс партиялық жүктеме ретінде тапсырылған болатын. Ал, оның негізгі міндеті бригаданың саяси бөлімінің комиссарлығы. Ол ұрыс даласындағы жауынгерлермен бірге Калинин, 1-ші Прибалтика майдандарындағы шайқастарға тікелей қатысты, әрі политрук ретінде жауынгерлермен саяси жұмыс жүргізді. Уәкеңнің редакторлық жұмысы және майдандағы ерліктері туралы №1 батальон командирі подполковник Хакім Бекішев 1985 жылы Алматыда шыққан «Батальон, алға!» атты кітабында толық жазды. Уара туралы К.Әбеновтың «Операция «Марс». Казахи в «Долине смерти» деген кітабында да қызықты ақпарат бар. Еліміздің Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратында істеген полковник жиені Мағжан Қахарманов мына құжатты көпшілік назарына ұсынады: «Майор Нурсеитов в наступательных боях с 27 по 29 сентября 1943 года за населенные пункты Верховье и Сеньково Суражинского района Витебской области проявил себя мужественным и отважным руководителем. Находясь все время в боевых порядках он умело руководил партийно-комсомольскими организациями и добивался авангардной роли коммунистов-комсомольцев в бою, в результате чего бойцы батальона не смотря на жестокие контратаки противника выбили его из занимаемых им выгодных в тактическом отношении рубежей населенного пунктов Верховье и Сеньково. В этом бою Нурсеитов был тяжело ранен – потерял правую руку. Тов. Нурсеитов достоин правительственной награды ордена «Отечественной войны 1-й степени».
Командир полка подполковник Дорохов.
Зам. командира полка по п/ч
подполковник Зубарх
2 марта 1944 года
(ист. Наградной лист Нурсеитова Уара
архив МО РФ)»
У.Нұрсеиітов сол жолы ауыр жараланып госпитальға түсіп, емделіп шыққасын елге оралады, 1944 жылдың сәуірінде жаңадан құрылған Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің редакторы қызметіне тағайындалады. 1949-1957 жылдар аралығында Уәкең Көкшетау облыстық атқару комитетінің хатшысы болып істейді. 1958-1960 жылдары Мәскеудегі СОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғарғы партия мектебінде оқиды. 1960-1961 жылдар аралығында Ақмола облыстық «Есіл правдасы», 1961-1962 жылдары «Тың өлкесі» газеттерінің редакторы болып қызмет етеді. Тың өлкелік газетінің ашылуына орай Сәбең, өзіміздің академик жазушы Сәбит Мұқанов, оған мынадай құттықтау телеграмма жіберіпті: «Акмолинск. Редакция газеты «Тың өлкесі»

Нурсеитову Уаре
Образование Целинного края выход его газеты «Тың өлкесі» радуют меня не только как патриота республики Казахстан но и родного сына указанного края. Я и впредь буду зорко следить за его достижениями и неустанно активно воспевать их. Желаю краю и газете оправдать то высокое доверие коммунистической партии и советского народа которое им оказано».
1962 жылғы шілде мен 1965 жылғы ақпан аралығында Уара Нұрсейітұлы Батыс Қазақстан өлкелік «Батыс Қазақстан» /қазақ тілінде/ және «Западный Казахстан» /орыс тілінде/ газеттерінің біріккен редакциясының бас редакторы қызметін абыройлы атқарып шықты. Өлке тарағаннан кейін ол 1965 жылғы ақпан – 1967 жылғы қыркүйек аралығында Ақтөбе облыстық радио хабарларын тарату және телевидение комитетінің бас редакторы болып істейді. 1967 жылдың қыркүйек айында денсаулығына байланысты елге оралған Уәкең сол кезден бастап 1975 жылдың ортасына дейін «Ленин туы» газетінің мәдениет, ауылшаруашылығы бөлімдерін басқарды. Қырық жылдай журналистік өмірінде Уәкең талай проблемалық мақалалар, очерктер, суреттемелер жазды. Оның туындылары об-
лыстық, республикалық газет, журналдарда жиі жарияланып тұрды. Л.Линьковтың «Капитан Старой черепахи» деген кітабын қазақ тіліне аударды. Уәкең 1974 жылы
республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққаннан кейін де газет жұмысынан қол үзбеді. Оның өмірге құштарлығы, қажыр-
лылығы, қазақ дәстүріне шынайы берілгендігі ғаламат болатын. «Әкем майданда жараланып, оң қолы жұмыс істемей қалғанда сол қолымен жазды. Тіпті, сол қолымен фортепианода ойнауды да меңгеріп алды. Қазақтың халық әндерін ұнататын. Демалыс күндері анам Бикаш екеуі қосылып «Балқадиша», «Маусымжан», «Екі жирен» әндерін және «Қыз Жібек» операсының арияларын нақышына келтіре айтушы еді», – деп еске алады қызы Мира Нұрсейітова. 1976 жылы Уәкең денсаулығы төмендеп ауруханаға түсіп, 13 қарашада 60 жасқа толуына 2 күн қалғанда дүниеден өтті. Оны ақтық сапарға аға-
йын-туыстары, әріптестері, шәкірттері, майдандас жолдастары қимастықпен шығарып салды. Уара Нұрсейітұлының журналистік шығармашылығы мен Ұлы Отан соғысы және бейбіт өмірдегі еңбектері кезінде жоғары бағаланды. 1-ші дәрежелі «Отан соғысы», екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ол Көкшетау облыстық, Батыс Қазақстан өлкелік және Тың өлкелік кеңестеріне депутат болды. СОКП Орталық Комитетінің 1964 жылғы ақпанда өткен пленумына қатысты. Уара Нұрсейітұлы зайыбы Бикаш Есенбаевамен екеуі 6 бала тәрбиелеп өсірді. Олардан 6 немере, 5 шөбере өсіп келеді. Әлия атты немересі атасының жолын қуып Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін тәмамдады. Бұл күндері ол Петропавл қаласында МТРА телеарнасында шеф-редактор қызметін атқарады. Шөбересі Алан Алматыда 1 сыныпта оқиды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған қалалық конкурста 1-ші орын алды. Бүгіндері жүз жасқа толған қадірлі азамат Уәкеңді туған-туыстары, ұрпақтары, оны білетін жолдастары мен әріптестері, шәкірттері зор ілтипатпен еске алады. Оның есімі Ресейдің Ржев қаласында орнатылған мемориалдық тақтаға жазылған.

Қайролла МҰҚАНОВ,
педагогикалық қызметтің ардагері,
журналист, өлкетанушы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс