Қалам иелеріне тарту-таралғы

Бұқаралық ақпарат саласында ұзақ жылғы жемісті қызметі үшін «Көкше-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жалғасбек Сүлейменов Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталып, әріптестеріміз «Степной маяк» газеті бас редакторының орынбасары Евгений Кимов пен «Көкшетау» газетінің тілшісі Гәкку Бәйішева «Алтын қалам» облыстық конкурсының жеңімпаздары атанды.  

 Көкшетаудағы «Дәстүр» мейрамханасында қалам ұстаған қауымға Бұқаралық ақпарат құралдары және байланыс күніне орай дастархан жайылып, марапаттар табысталып, құрмет көрсетілді.

Облыстың аудандарынан, қала басындағы редакциялардан, орталық телеарналар мен газеттердің меншікті тілшілері, операторлары мен техникалық қызметкерлері шақырылған жиынды ашқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов баспасөз әлеміндегі бүгінгі таңдағы жаңа леп, оң өзгерістер, электрондық басылымдардың өріс алуы сияқты үрдістерді айта келіп, қоғамдық пікір қалыптастыру, бұрмасыз хабар жеткізудегі журналистер жұмысының маңызы мен мазмұны туралы әңгімеледі. Ұзақ жылғы жемісті қызметі, жүйелі жұмысы, үздік істерімен ерекшеленген бірқатар жураналистер – еңбек ардагері Владислав Холин, «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі Қалкөз Жүсіп, «Көкше-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жалғасбек Сүлейменов ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, осы министрліктің Мақтау грамотасымен «Степной маяк» газетінің жауапты хатшысы Медина Жүсіпова, Аршалы аудандық «Вперед» газетінің жауапты хатшысы Елена Ван, Атбасар аудандық өндірістік телекоммуникация торабының бастығы Қаппас Исасейітов, Есіл аудандық поштасының операторы Людмила Петросян, «Қазақстан» РТРК АҚ облыстық филиалының режиссері Светлана Абдуллина марапатталды. Бірқатар марапаттарды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова, өз салалары бойынша облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Берік Мұстафин, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марал Жақыпова, облыстық қорғаныс істері департаментінің басшысы Жанат Ережепов, тағы басқалар табыстады. Жиналғандар журналистердің қатысуымен «Екі жұлдыз» шоу-бағдарламасын тамашалау мүмкіндігін алды. Олардың ән-шашуларын басқа да кәсіби әнші-бишілер өз өнерлерімен толықтыра түсті. Ақ тілектер әсем ән, мың бұралған бимен өрнектеліп, көптеген қаламгер сый-сияпат, тарту-таралғыға ие болды.

«Көкше-ақпарат».

     DSC_заммм    Уақытта тоқтам жоқ. Жылдар жылжып өтеді, ұрпақ алмасады. Сол тұстарда газетте қызмет атқарған бірқатар апаларымыздың бір тобы әже атанып, немерелерін бағуда, қадірлі қарттық деңгейіне жетіп, ұрпақ қызығына бөленуде. Алдыңғы буынның өнегелі істерін көз көргендер ұмытпайды, айтып отырады. Біз үшін өнеге алар осындай сыйлы әріптесіміздің бірі «Көкшетау» газетінің корректоры Күлжиян Сейілханқызы Айтманова. Елге сіңірген еңбектің зейнеті болады дегендей, Күлжиян тәтеміз Баспасөз күні мерекесіне орай облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды.

         Бүгінде «Көкшетау» газетінің корректоры болып қызмет атқарып келе жатқан Күлжиян Сейілханқызы алғашқы еңбек жолын газет редакциясынан бас-тапты. Газет шығарудың мазасыз тірлігін көзімен көрген, өзі де білек сыбана араласқан ол редакция жұмысының қадірін өзгелерден гөрі жақсы түйсінеді. Газетті шығару барысында журналистермен бірге корректорлар бюросы атқаратын қызмет ерекше. Олар қалың оқырманға жол тартар баспа өнімінің қатесіз күйде жетуіне қатты көңіл аударады. Бұл ретте Күлжиян апайдың қолына газеттің алғашқы нұсқасы тиген сәтте айналадағы өзге дүниені ұмытып, шұқшиып отыра қалатыны көз алдымызда.
– Сексенінші жылдары журналистика әлеміндегі көріністер журналист ағайлардың көз алдында. Ол кезде қазіргідей компьютер жоқ, бәрі қолмен жазады. Редакциядан ақ қағазға терілген мәтіндер баспаханаға барған соң қорғасынға құйылады. Сол шаруалардың машақатын кезекшілікке келген журналистермен бірге көретінбіз, – деп тебірене еске алады Күлжиян Айтманова редакцияда алғаш еңбек еткен жылдарын.
Бүгінгі «Көкшетаудың» кешегі белестеріне үңілгенде, сарғайған газеттер алдымыздан шығады. Сондағы өңір шежіресін оқи отырып, Күлжиян апайымыздың да қолынан өткен дүниелер екеніне көз жеткіземіз. Редакцияға алғаш жұмысқа қабылданған сәтте апайдың үлкен үйдің анасындай әрқайсымыздың жайымызға алаңдап-ақ отыратын бір мінезін байқайтынбыз. Әрине, сырттай сабырлы, қаталдау көрінгенімен, жақын тартып сөйлесе қалған күнде, жаныңды жадыратып жіберер бір сиқыры бар. Одан үйренеріміз әлі де көп. Газеттің жаңа санына жарияланатын әрбір мақаланың тақырыбын, авторын мұқият қадағалап, ұрланып кетіп бара жатқан қателерді дер кезінде түзету корректор апайдың басты міндеті. Осы еңбектері еленбей қалған жоқ. Әрдайым марапатталып, құрметке бөленіп келеді.
Ұжым мүшелері күні-түні газет шығарудың жолында жүре береді, басқа тірлікпен айналысуға мұршалары келмейді деп әсте ойлауға болмайды. Кім-кімнің де үйінде қуанышы болады, тосын жайттар да кездесіп жатады, сондайда мейірімділік таныту – қалыптасқан дағды. Осындай сәтте түрлі әңгімелер айтылады. Қасыңда жүрген жанның тағдырындағы өзгеше бір кезеңдерді біліп қаласың. Әдетте, газеттің шығу процесіне аз адам қатыспайды. Оқырман үшін негізінен қолға қалам ұстаған журналист көзге түседі, ал қалғандарының қымбат еңбегі «сахна» сыртында қалады. Редакциядағы материалдар әбден баспаханаға жіберіліп болғанша компьютерлік цех бөлмесінің есігі жабылмайды. Мұндайда қолы қалт ете қалғанда, Күлжиян апайдың шайы дайын бола қалады. Кезекші болып жүрген журналистер жайлап келіп жүрек жалғай қояды. Соның арасында апайымыз әңгімесін айтып, отбасымыздың жай-күйін сұрайтыны және бар.
Еңбек кітапшасына үңілсек, Күлжиян Сейілханқызы отыз жылдан аса уақыт бойы «Көкшетау» газетінде үзіліссіз жұмыс атқарып келеді. Міне, осындай өзіне тән қиыншылығы бар кәсіптен нәсібін теріп, тапжылмай бір жұмыста, бір мекемеде қызмет атқару екінің бірінің қолынан келе бермес. Оған үлкен төзімділік пен шыдамдылық қажет. Тал бойынан қиыншылыққа мойымайтын қайсарлығы, өз кәсібіне деген адалдығы байқалып тұрады. Біз газет ардагері Күлжиян апайды мақтаныш етеміз.                Бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан өмірлік жан жары Боташ ағаны да қаумалаған ортасы, қадір тұтар жақындары ақжарқын да адал, өз ісіне шын берілген еңбекқор жан ретінде таниды. Мәуелі бәйтеректей жайқалған, шырайлы шаңырақ иелерінің ғибратты өмірі өзгелерге үлгі боларлықтай. Біз де Күлжиян апайға көңіліңіз ортаймай, жаныңыз қартаймай әлі де алар асуларыңызды бағындырып, шалқар шабыт пен толағай табысқа кенеліп, аман-есен балаларыңыз бен немерелеріңіздің қызығына кенеле беріңіз демекпіз.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс