Қаланың жаңа келбеті қалыптасуда

PHOTO-2018-09-20-22-12-36

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс бабымен Көкшетау қаласындағы бірқатар нысандарда болып, онда атқарылып жатқан жұмыстармен таныс-ты. Сапар кезінде Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.

Өңір басшысының жұмыс сапары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында демеушілердің көмегімен салынған орталық саябақтағы «Оpenair» спорттық кешенін аралаудан басталды. Көкшетаудағы «Гормолзавод» кәсіпорны қалалықтарға тарту еткен ашық аспан астындағы спорттық кешеннің құрылысына 5 миллион теңге қаражат жұмсалған. «Жастардың түзу жолдан тайқымай, салауатты өмір салтын ұстануы үшін барынша жағдай жасалынуда. Осы орайда көше спортының дамуына біз де өз үлесімізді қосқымыз келді. Жақында қаладағы Васильков мөлтек ауданы мен №4 орта мектеп аумағында екі спорт алаңын салуды жоспарлап отырмыз», – дейді «Гормолзавод» кәсіпорнының қаржы мәселесі бойынша директоры Аслан Құрманғалиев. Сонымен қатар, «Технодом» қазақстандық сауда желісі мен «Қазақстанның халық банкі» АҚ филиалының демеушілігімен орталық саябаққа спорт жəне балалар алаңы салынған. Халық банк жыл басынан бері «95 жылдыққа – 95 игі шара» марафонын өткізуде. Бұлардың қатарында балалардың сырғанақ алаңында тегін демалуы, театр спектакльдерін тамашалауы ұйымдастырылып, «Мектепке жол» акциясымен бірінші сыныпқа баратын 95 балаға көмек көрсетті. «Жақында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инватаксиді тарту етпекпіз. Игі шараларымыз мұнымен тоқтап қалмайды. Ай сайын қалалықтарды түрлі қайырымдылық шараларына шақыратын боламыз», – дейді «Қазақстан халық Банкі» Ақмола облыстық филиалының директоры Дәулет Топин.

Өңір басшысы «Сарыарқа» мөлтек ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысының барысымен танысты. Қала әкімі Е.Маржықпаевтың мәлімдеуінше, бүгінде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары үшін төрт тоғыз қабатты жəне жалдамалы алты бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оған қоса, əлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жалпы, ағымдағы жылы Көкшетауда 132 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін барлығы 180 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілмек. Қазіргі кезде қалада көпқабатты 34 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 18-ін ағымдағы жылдың соңына дейін тапсыру көзделген.

Аймақ басшысы аулаішілік абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Қалада биыл 70-тен астам аула абаттандырылып, 40-тан астам спорттық және балалардың ойын алаңдары жабдықталды. Бурабай мөлтек ауданында облыс әкімі 9 қабатты тұрғын үйдің, 180 орындық балалар бақшасының құрылысын аралап көрді. №2 жылу қазандығында болған өңір басшысы «Көкшетау Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшыларымен жылу науқанына дайындық барысын талқылады. Облыс бюджетінен бөлінген қаржы арқылы төртінші қазандықтың құрылысы және қолда бар қазандықтардың қайта құру жұмыстарының жобалау құжаттары дайындалуда.
Зиянды қалдықтарды азайту мақсатында кәсіпорындағы №8 бу қазандығының электр сүзгілерін жаңарту жұмыстарына 600 миллион теңге қаражат бөлінген. Ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан электр сүзгінің ескіргенін айтады мамандар.  Облыс әкімі ауа райы жағдайына байланысты биыл жылу беру науқанын жоспарланған мерзімнен бұрын бастауға тапсырма берді. Осыған сәйкес, 25 қыркүйектен әлеуметтік сала нысандары, одан кейін тұрғын үй секторы жылу жүйесіне қосылатыны белгілі болды. Қопа көлі жағалауын абаттандыру жұмыстарына байланысты облыс әкімі Әуезов, Горький көшелері шекаралары мен Қопа көлі маңайындағы тұрғын үй ауданының нақты жобалау жоспары және сәулет кескіндемесімен танысты. Жобада жағалау аймағы мен айналма жол аралығын кешенді абаттандыру, жаяу жүргіншілер және велосипед жолы, демалыс орындары қарастырылған. Мұнда Қылшақты өзенінде көпір салынып, жағалау бойымен төрт жолақты жол жүретін болады. Аталған жоба бойынша мектеп, балабақша, тоғыз қабатты ғимараттар бой көтермек.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий