Қаланың сән-сәулеті артып келеді

Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов өңірлік коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізіп, соңғы он айдағы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы жайында айтып берді.
DSC_9598Жыл қорытындысына үңілсек, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін байқалады. Қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру мақсатында инженерлік инфрақұрылым, соның ішінде жылу, су тарту жүйесі, газ және электрмен жабдықтау бойынша көптеген мәселелер шешімін тапқан. Қалада есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 125,0 млрд теңгенің өнімі өндірілген. 33,3 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бас жоспарға сәйкес қала келбеті жылдан-жылға көркейіп келеді. Соңғы он айда құрылыс жұмыстарының көлемі 33 миллиард теңгеден асты. Шамамен 154 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл облыс орталығында 14 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Сондай-ақ, «Ақмола жастары» бағдарламасы бойынша бес қабатты тұрғын үй және Сарыарқа шағын ауданында медицина қызметкерлері үшін 40 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. «Қазір бір уақытта бес 60 пәтерлі, екі 70 пәтерлі, екі 100 пәтерлі, бір 60 пәтерлі панельді және екі 108 пәтерлі үйлердің құрылысы жүргізілуде», – деді қала әкімі Амангелді Смайылов.
Мемлекеттік бағдарлама аясында үй құрылысы комбинаты бес үйдің құрылысын бастады. Келесі жылы мыңға жуық пәтер қолданысқа беріледі. «21 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы ауданы – 29 800
шаршы метр. Жыл соңына дейін коммерциялық бағыт бойынша қосымша 57 600 шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда», – деп атап өтті спикер. Биыл жоғары көпсалалы колледж және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде екі жатақхана салынды. Құрылыс жұмыстарын «АлуаСтрой», «Көкше Сити», «Отау Кұрылыс», «Евразия Строй» сияқты басқа да құрылыс компаниялары жүзеге асырған.
Қаланың қазіргі тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, алда әлі талай міндеттің тұрғанын және оны орындап, іске асыруда барынша күш жұмсалатынын айтқан Амангелді Смайылов журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Алғашқы сұрақ ауыз су сапасына қатысты болды. Қала басшысы бұған дейін шаһарда су, канализациялық тазарту ғимаратын салу жобасы биыл ғана қаржыландырылып, 2021 жылы алдымен су тазарту, кейін құбырларды жаңарту жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Көшелерді жарықтандыруға қатысты сұраққа әкім осы уақыт аралығында 2400 жарық диодты шамдар орнатылғанын айтты. Энергия үнемдейтін шамдар Атбасар ауданында өндірілген. Қаланы газдандыру да көкшеліктер көптен күткен мәселе екені белгілі. Әкім бұл жоба 2023 жылы іске асырылуы мүмкін деп сендірді. Брифингте Бейбітшілік шағын ауданында жол мәселесі тұрғындарды алаңдатып отыр делінді. Қала басшысы аталған ауданда екі кезеңді қамтитын жол салу жұмыстары биыл басталғанын, аумақта тротуарлар салынып, көшелерді жарықтандыру жұмыстары да жүргізілетінін атап өтті. Шаһарда қоқыс алаңдарының көбеюіне қатысты мәселе де шешімін таппай келеді. «Жасырары жоқ, тұрғындардың көбі қоқыс шығарушы мекемелермен келісімшарт жасаудан бас тартып жатады. Бастапқыда қоқыс шығарумен бес компания айналысқан болатын. Қазіргі күні олардың екеуі ғана жұмыс істейді. Тұрғындар уақытылы төлем жасамайтындықтан, компаниялар банкротқа ұшырауда», – деп жауап берді Амангелді Смайылов.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий