Қаланың шеткі аймағына ерекше көңіл бөлінсін

Тоғыз жолдың торабындағы қолайлы географиялық кеңістікте орналасқан Көкшетау қаласы жылдан жылға сәулеттеніп, әлеуметтік және экономикалық сипатта қарқынды дамып келеді. Облыс орталығында әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік жедел дамып, тұрғын үй құрылысы қанат жайған. Соңғы бір жарым жылдың ішінде аулаларды абаттандыру, жолдарды жөндеу, ағаш, гүл отырғызу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осынау өміршең өзгерістер сөз жоқ қала тұрғындарының жергілікті билік органдарына деген ризашылық сезімін ұялатуда.

IMG_6405

Газетімізге бұдан бұрын хабарлағанындай облыс әкімі Мәлік Мырзалин 24 шілдеде Көкшетау қаласының бірқатар өндірістік нысандарында болып, онда атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысқан-ды. Жоспарланған істер жүйелі шешім тауып жатқанымен, әлі де болса ерекше назар аударатын өткір мәселелердің бар екендігі осы сапар барысында да айқындалды. Мәселен, қала шетіндегі «Бірлік» мөлтек ауданындағы көше жолдарының жайсыздығы көптен бері әңгіме болып жүр. Қала әкімі бұл мәселе бойынша былайша түсініктеме берді: «1 қыркүйекке дейін Достық және Жазира көшелеріне қиыршық тас төселіп, жарық орнатылады. Сонымен бірге жолаушылар жүретін жолдың бойы тегістеледі». Облыс әкімі бұл ұсынысты құп алып, келешекте асфальт төсеу жөнінде тапсырма берді. Қала басшысының айтуына қарағанда, осы маңда «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес, жекеменшік тұрғын үй құрылысы қанат жаймақ. Қазір келіп түскен өтініштерге орай 3000 жер учаскесі бөлінуде. Жер оларға 2 жылға жалға беріледі. Егер бұл жоба толық көлемде жүзеге асатын болса, Көкшетау қаласын «Бірлік» мөлтек ауданы арқылы Станционный поселкесімен байланыстырады.
«Революция күрескерлері» паркіндегі әкімшілік-тұрмыстық кешенді абаттандыру жұмыстары аяқталу қарсаңында. Орталық аллеяға брусчатка төселуде екен.Кіреберіске арка жасалып, тутұғыр орнатылады. Осы маңнан шаңғы-роллерлі трасса өтеді. Келешекте тартан жамылғысы бар спорттық балалар алаңы жасалмақ. Қала әкімінің айтуына қарағанда, аттракциондар бизнес құрылымдарының көмегімен мемлекеттік- жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Бүгінгі күнге осы парктегі жобаны жүзеге асыру үшін 172 миллион теңге қаржы игеріліпті. №18 орта мектептегі қосалқы ғимаратта ішкі әрлендіру және ауланы абаттандыру жұмыстары қолға алыныпты. Облыс әкімі атқарылған жұмыс сапасына жоғары баға беріп, аталған нысанды 1 қыркүйекке дейін іске қосу жөнінде тапсырма берді.
«Регион строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болған кезде өңір басшысы Мәлік Мырзалин осында шығарылатын материалдардың қайда жөнелтіп жатқандығын сұрап білді. Панельді үй құрылысын өрістету қажеттігін де ескертті. Мұндай үйлер қалаға көрік беретіндігі сөзсіз. Мамандардың айтуына қарағанда қазіргі панельдер бұрынғы керамзиттен әлдеқайда сапалы әрі сәнді.18 сантиметрлік жылу қорғағыш жамылғысы бар. Застанционный поселкесіндегі көптеген үйлер әлі күнге орталық жылу жүйесіне қосылмаған. Түйінді бұл мәселені де тез арада шешуіміз керек. Тәшенов көшесіндегі жөндеу жұмыстары, Застанционный поселкесі мен №2 жылу қазандығы арқылы өтетін жолды абаттандыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Қазір мұнда жолдың жақтаулары нығыздалып, асфальтты бетон қосындылары араласқан жамылғылар төселуде. Шаһар шетіндегі бұл жол іске қосылса, ауыр салмақты жүк көліктерінің Астана және Омбы бағытына қала ішіне кірмей жүруіне мүмкіндік туады. Сапар барысында қала тұрғындарының да өтініш-тілектері назарға алынды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс