Қалаға жылу беруде кедергі жоқ

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев пен облыс әкімінің орынбасары Жанболат Смайылов коммуналдық нысандарын аралап, қысқы жылу беру маусымының барысымен танысты. 

Қала әкімі алдымен сала басшыларымен бірлесе РК-2 жылу беру қазандығын аралап көріп, оның жұмыс істеу жүйесіне назар аударды. Жа-уапты мамандардан жылу қазандықтарының жұмысы, олар арқылы таратылатын жылудың екі аралықтағы сақталуы, үнемделуі жайлы сұрады. Жылу мекемесінің жұмысшыларымен тілдесіп, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ екеніне көз жеткізді. «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнының директоры Сергей Жуковтың айтуынша, жылу жүйелеріндегі температуралық, гидравликалық режимдерді үздіксіз, бірқалыпты ұстап тұруға арналған дербес қазандықтар ақаусыз жұмыс істеп тұр. Бір қазандық қосалқы сақталуда. Биыл жылу беруге қатысты өткір мәселе туындаған жоқ. Жаз бойы Қопа көлі маңындағы магистралдық жылу трассасы қайта жаңғыртылды, жылу қазандықтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Арқаның ауа райы суық, қысы қатты. Техниканың аты техника болған соң кішігірім мәселелер болуы мүмкін, бірақ техникалық мамандардың қажырлы еңбегі арқасында қалалықтарға мұндай жағдайлар сезілмейді де. Бәрі кесте бойынша жүзеге асырылды, көмір қоры жеткілікті. Ең бастысы, қала түгелдей жылумен қамтылды. Жылу беруге қатысты алаңдауға ешқандай негіз жоқ»,–деді ол өз сөзінде. Қыстың ерте түсуі жылуға байланысты мәселе туындатқан жоқ. Бүгінде облыс орталығындағы үйлерде температура қалыпты. Апатты жағдайлар орын алған жоқ. Жылуды тасымалдану кезеңінде жоғалатындығын ескертсек, оған үйішілік желілердің жағдайы, ескі үйлердегі жылудың жоқтығы, су толған жертөлелер де әсер етеді. Су температурасын кәдімгі термометрдің көмегімен өлшеуге болады, ал, жылуды өлшеу үшін арнаулы қондырғы – тепловизорлар керек. Шағым түскен жағдайда мамандар келіп, өлшеп бере алады. Бұл ретте басты мәселе жылуды беруде емес, қабылдауда болып тұр. Дегенмен тағы бір мәрте ескере кетер жайт – жекелеген пәтерлердегі құбырларды ретке келтіріп, үйдің ішіндегі жылу жүйесін қалыпты жағдайда ұстау ПИК немесе өзін-өзі басқару ұйымдары органдарының тікелей міндеті саналады. Жылу мәселесі тұтас бір механизм іспетті болғандықтан қазандық пен тұтынушыға дейінгі аралықтағы жүйеге қандайда бір тосын ықпалдар болса, ол міндетті түрде жылу желісінің келесі бір нүктесіне әсер етпей қоймайды. Сондықтан, тұтынушылар алдында жылу ақысын уақытылы төлеумен қатар жылуды пайдалану ережесін қатаң сақтаулары тиіс. Станционный поселкесінің әкімі Есей Байдалиннің айтуына қарағанда, жылу қазандығында да жағдай бірқалыпты екен. Биылғы жылу маусымында поселкеде жылуды өндіру мен оны жеткізуде ешқандай кедергі болмаған. Күннің күрт суытуы жылу тарату жүйесі қызметіне кедергісін келтіре алмайды. Салқынға байланысты пәтерлерге берілетін температура көрсеткіші жоғарылаған. Жылу тарату жүйесі қызметі ауа райына байланысты тұрғын үйлерге берілетін жылу температурасын қайта қараған. Тиісті стандарттарға сәйкес, салқын күндері пәтерлерде +20 градус жылы болуы тиіс. Қазір бұл нормалардың бәрі сақталып отыр.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс