Қала біршама тазарып қалды

Сәуірдің 16-сы күні Көкшетауда жалпықалалық сенбілік өтті. Осыған орай қала аумағы 181 учаскелерге бөлінді. Осы аумақтарды күл-қоқыстан тазартуға 148 ұйым қатысты. Шағын учаскелер мемлекеттік мекемелерге, коммуналдық кәсіпорындарға, пәтер иелері кооперативтеріне, заңды және жеке тұлғалар мен бюджеттік мекемелерге бекітілді. Бұл жұмыстардың бәрі қыстан шыққан қаланы жайдарлы жазға дайындауға бағытталды. Қар астынан шыққан қоқыстың бәрін алып, қала сыртына шығару көзделді. Оған барлық коммуналдық сала, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, еріктілер мен волонтерлер тартылды.

DSC_6701

Жалпықалалық сенбілік барысында тек қоқыс жиналып қоймай, ағаштар отырғызылып, әктелді, газондар қураған жапырақтардан тазартылды. Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев бірнеше учаскені аралап, «Көкшетау» мәдениет сарайының жанында қалалық мәслихат депутаттарымен бірге ағаш отырғызу жұмыстарына қатысты. Қала басшысы үнемі назарда ұстайтын Красный Яр трассасы бағытындағы атқарылып жатқан шаруаларды да барып бақылады. Бұл жерде «Алтынтау-Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері жұмыс істеп, саяжай аумағында 8 қоқыс үйіндісін тазартты. Оған 220 адам мен 5 техника бірлігі қатыстырылды. Тыңғылықты атқарылған істерге оң бағасын берген қала басшысы, Ғабдуллин көшесінің бойын қоқыстан тазартып жүрген «Көкшетау-Жылу» мекемесі қызметкерлерінің ұйымшылдықпен атқарып жатқан жұмыстарына көңілі толды. Сәуірдің 4-і мен мамырдың 20-сы аралығында жарияланған қаланы абаттандыру мен көгалдандыру айлығы шеңберінде көшелердегі аялдама павильондары қалыпқа келтіріледі. Бұл шаруа қазірдің өзінде өрмек жүзінен ауып қалды. Мұнымен қоса көпірлер мен металл құрылымдардың да кетілген, сынған жерлері жөнделеді. Сенбілік барысында осы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ.
Көкшетау қаласын көгалдандыру мақсатында жасыл өскіндер сатып алынып, оларды отырғызатын жерлер белгіленді. Топырақ тыңайтылып, өңделді. Қаладағы 21 учаскеге 768 дана сібір қарағайлары, терек, қайың, алма ағашы егілді. Красный Яр бағытындағы жолайырығынан бастап, саяжай бойындағы жол жиегі, Сәдуақасов көшесіндегі Революция күрескерлеріне арналған сквер, Абай көшесіндегі Досмағанбетов атындағы
сквер, Орталық саябақ, Даңқ Аллеясы, Бұқпа тауының бөктері мен алаңқайлары тазартылды. «Есіл» автобекеті мен ескі әуежай аумағындағы қыс бойы қар төгілген жер аршылды. Аталған жұмыстарға коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері, жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінен құралған барлығы 100 адам тартылды. Осы шаруаларды уақытында атқаруға қажетті құрал-жабдықтармен коммуналдық шаруашылықтар қамтамасыз етті. Атап айтқанда, «Көкше Жәрдем» мен «Көкшетау жол» мекемелері ұйымдар, мемлекеттік және бюджеттік мекемелерге 8 тонна әк пен қоқыс жинауға қажетті 8 мың қап бөлді.

DSC_6739Қаладағы бекітілген ұйымдар мен кәсіпорын қызметкерлері 9895 ағаш, 10830 жиектасты әктеп, 7845 қап қоқыс жинады. Жалпы қала бойынша 25 қоқыс үйіндісі, 1221 текше метр қоқыс сыртқа шығарылды. Осы жұмыстарға 34 кәсіпорын техникасы мен 30 ұйым техникасы жұмылдырылды. Жалпықалалық сенбілікке 148 мекеме, ұйымнан барлығы 11759 адам қатысты. Соның арқасында Көкшетау қаласы тазарып, жаңарып қалды. Оған қатысқан жандардың бірі де қалмай белсенділік танытты. Алдағы уақытта қаланы қоқыстан тазарту бейсенбіліктері мен сенбіліктер үнемі ұйымдастырылып тұрмақ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс