Қала дамуының қарқыны бәсеңдемейді

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша өндіріс, құрылыс, жұмыспен қамту, қаржыны игеру саласындағы түйткілді мәселелер талқыға түсті. Қала басшысы атқарылған жұмыс нәтижелерін талқылай келе, Индустрияландыру картасы бойынша белгіленген нысандардың дер кезінде пайдалануға берілуін талап етті. Өйткені, ел тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығын лайықты қарсы алу – алда тұрған асқаралы міндет.

Көкшетау қаласының бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жетекшісі Гүлмира Шұқатова сөз алып, негізгі көрсеткіштерге жан-жақты тоқталып өтті. Баяндамашы өз сөзінде, есепті мерзім ішінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты серпін сақталғанын айтты. Оның айтуынша, өндіріс көлемі 104,9 пайызды, ауыл шаруашылығы өнімі 108,3 пайызды, құрылыс көлемі 101,2 пайызды, негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 104,2 пайызды құрады. Осы уақыт аралығында қалада 76,2 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерген. Қалада машина жасау және тағам өнімдерін өндіру қарқын алып келеді. Алғашқы жартыжылдық ішінде ірі кәсіпорындар 38,4 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Биік межеден көрінуде өңдеуші саланың үлесі басым болып отыр. Қаңтар-маусым айларындағы олардың үлесі 25,5 миллиард теңгені құрауда. Айталық, «Камаз-Инжиниринг» акционерлік қоғамы 3,2 миллиард теңгеге 269 бірлік техника құрастырған. «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы 6,0 миллиард теңгенің алкогольді және алкогольсіз өнімін, «Новопэк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1,9 миллиард теңгенің, «Көкше» акционерлік қоғамы 436,4 миллион теңгенің, «Агример-Астық» кәсіпорны 86,1 миллион теңгенің өнімін өндірген. Алайда, «Молоко Синегорья», «ЕНКИ», «Көкшетау нан зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Тыныс» акционерілк қоғамында тауарға деген тапсырыстың жоқтығынан өнім көлемі азайып кеткен. Қала басшысы Индустрияландыру картасы шеңберіндегі нысандарды дер кезінде іске қосу сияқты бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды. Бүгінге дейін осы басым бағыт бойынша 20,6 миллиард теңгенің 15 жобасы жүзеге асырылған. Биыл облыс орталығында тағы 4 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жалғасады. Индустрияландыру картасының екінші кезеңіне 2 жоба енгізілген. Оның бірі – консерв, шұжық, жартылай фабрикат өнімдерін өндіретін «МПЗ Бижан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Көкшетау филиалы. Жоба жүзеге асырылғанда 160 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, жобаға енген дәнді және майлы дақылдарды сақтау және өңдеумен айналысатын «Ақмола Бидай» серіктестігі биылғы жылдың наурыз айынан бастап іске қосылды. Қалада инвестиция тартуға және жаңа өндірістер ашуға жеткілікті мүмкіншіліктер бар. Алайда, инвестжобалар бойынша кәсіпорындармен жұмыс өз деңгейінде жүргізілмеуде. Мекемелердің бірқатары белгілі бір мақсаттарға бөлінген мемлекеттік қаржыны игере алмай келеді. Шағын және орта бизнестің белсенділігі төмендеген. Әсіресе, қалада бизнес нысандарының саны артқанымен, олардың белсенділерінің саны азайған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 16 жобаны іске асыру көзделген. Қазіргі уақыта Красный Яр селосында 140 орындық балабақшаны жаңарту жобасы бойынша құжат дайындалуда. Аталған жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 14,2 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ, Красный Яр селосында 32 пәтерлік тұрғын үйді жаңғыртуға 12,5 миллион теңге қаражат бөлінуі үшін облыс әкімінің атына хат жолданды. Есепті кезеңде экономиканың нақты секторында 1228 жаңа жұмыс орындары құрылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 4 жоба жүзеге асырылып, 9 жұмыс ашылды, 699 адам жұмыспен қамтылған. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша «Кәсіпкерлік негіздері» курсынан өтуге микрокредиттер бөлінді. Бүгінгі күнге дейін 6 бизнес-жоба мақұлданып, 4,5 миллион теңгенің несиесі берілді. Бадарламаның үшінші бағыты бойынша 15 адам қайта даярлаудан өтсе, 60 адам әлеуметтік жұмыстарға, 24 адам жастар іс-тәжірибесіне жіберілді. Аппарат мәжілісінде қаржы бөлімінің жетекшісі Гүлнар Құсайынованың 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы бюджеттің орындалуы туралы есебі тыңдалды. Осы уақыт аралығында 8 миллиард 242 миллион теңгенің кірісі түскен. Жыл басымен салыстырғанда дебиторлық қарыз 93,9 миллион теңгеге азайған. Кредиторлық қарыз 190,8 миллион теңгені құрап отыр. Мәжілісте қалалық кәсіпкерлік, сәулет, жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары да сала бойынша атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Жиынды қорытындылаған қала басшысы экономикалық салада қол жеткен жетістіктерге оң баға берді. Ол қала дамуының бүгінгі деңгейін сақтай отырып, экономикалық, әлеуметтік әлденуге барлық саланың жұдырықтай жұмылуы, нәтижелерді одан әрі жақсарту үшін сала басшыларының жауапкершілікпен еңбек етуі қажеттігін қадап айтты.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс