Қала дамуы – басты назарда

Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайыловтың тұрғындармен биылғы есеп беру кездесуі инстаграм желісінің тікелей эфирінде өтті. Көрсетілім қалалық әкімдік пен қала басшысының әлеуметтік желідегі ресми беттерінде жүргізілді.

Бұл жолы көкшетаулықтар қала әкімінің есебін онлайн режимде бақылады. Іс-шараға дайындық кезінде колл-орталық және өтініштерге арналған арнайы жәшіктерге 3 145 сұрақ келіп түсті, сондай-ақ, әлеуметтік желілер және тікелей эфир кезіндегі өтініштер де ескерілді. Көрсетілім 1,5 сағатқа созылды, «Достар» сарайында слайдтар мен бейнероликтер көрсетілді.
– Коронавирус пандемиясы ескеріле отырып, облыс орталығында дағдарысқа қарсы жедел шаралар қабылданды. Табысын уақытша жоғалтқан 45 мыңнан астам көкшетаулықтар
42 500 теңге көлемінде көмек алды. Бұл мақсатқа шамамен 2 млрд теңге бөлінді. 19 мыңнан астам отбасы азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтарға ие болды. Мемлекет басшысының бастамасымен, «Nur Otan» партиясының және «Біргеміз» қорының қаржылай қолдауымен қаладағы 12 мыңнан астам отбасына көмек көрсетілді. Төтенше жағдай кезінде 7 374 адамға коммуналдық қызметтерді төлеуге 30 мың теңгеден бөлінді», – деді қала әкімі Амангелді Сма-йылов.
«2020 жылы қаланың барлық шағын аудандарында халықпен кездесуім өтті. Бұл іс-шараларға 2 мыңнан астам азамат қатысты, олардан 400-ден астам сұрақтар мен ұсыныстар келіп түсті. Оның басым бөлігі абаттандыру мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолдар мен әлеуметтік нысандар құрылысы, құқықтық тәртіпке қатысты болды. Бұрын өткізілген кездесулердің арқасында сыни мәселелердің саны едәуір қысқарды, бұл жергілікті атқарушы органдар қызметінің нәтижесі», – деп атап өтті Амангелді Халауденұлы.
Өткен жылы атқарылған жұмыстар мен ағымдағы жылға қойылған міндеттер туралы есеп бере отырып, қала басшысы Көкшетаудың өнеркәсіп, жер қатынастары, ТКШ және халықты жұмыспен қамту саласындағы дамуына, сондай-ақ, облыс орталығындағы эпидемиологиялық жағдайға, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына егжей-тегжейлі тоқталды. Өндіріс саласы мен құрылыста елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша қаланың өнеркәсіптік секторында 163,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, қызмет көрсетілді. Нақты көлем индексі 153,5%-ды құрады. Қала басшысының айтуынша, 2021 жылға арналған міндет – қарқынды төмендетпеу және 170 млрд теңгеден астам сомаға өндірісті қамтамасыз ету. Өткен жылы тұрғын үй нысандарына бюджеттен 4,3 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді.
Баяндамадан соң қала басшысы келіп түскен сұрақтарға жауап беруге көшті. Алғашқы сұрақ Застанционный кентін абаттандыруға қатысты болды. Қала әкімі Матросов, Ақан және Маяковский көшелерін орташа жөндеу жоспарда бар екенін айтты. Онда тротуар мен көше шамдары орнатылады. «Шанхайға» апаратын көпірді жөндеуге қатысты жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Тәшенов көшесі, 76 тұрғындарының «Газ-Қызмет» ЖШС-не шағымына жауап
бере отырып, әкім ақпан айының соңында газ тарату қондырғыларына қызмет көрсетуге жаңа конкурс өтетінін атап өтті. Осыдан кейін ғана газ жеткізушісін ресми түрде өзгерту мүмкіндігі пайда болады. Бірнеше өтініш ПИК-тің жөнсіз жұмысына қатысты болды. «Көпқабатты тұрғын үйлер ортақ мүлік екенін түсініп, оған қамқорлық жасау керек. Көкшетауда жаңғыртудан өтпеген көптеген үйлер бар, бірақ олар өте ұқыпты көрінеді. Себебі, онда бастамашыл және белсенді адамдар тұрады», – деп атап өтті әкім. Әуезов көшесі, 178 және 180 үй тұрғындарының өтініші бо-йынша қала басшысы көрсетілген аумақтарды жөндеу биылғы жылдың жоспарында бар екенін жеткізді. «Бейбітшілік» шағын ауданының тұрғындары өткен жылғы тұрғын үй кварталындағы инфрақұрылым үшін алғыс білдірді. Жобаға сәйкес, жол құрылысына және шағын аудан-ды абаттандыруға шамамен 500 млн теңге қарастырылған. Жұмыстардың бірінші кезеңі 2020 жылы басталды.
Тікелей эфир кезінде қала әкімі 30-ға жуық сұраққа жауап берді. Амангелді Халауденұлы есеп беру кездесуі аясында көтерілген өзекті тақырыптар үшін көкшетаулықтарға алғысын білдірді. Қала басшысы қалған сұрақтарға БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы жауап берілетінін атап өтті. Сонымен қатар, ол қала тұрғындарын аптасына екі рет, сәрсенбі және жұма күндері қалалық әкімдікте өтетін қабылдауға жазылуға шақырды.

Әсем ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий