Қала жылды жақсы қорытындылады

Жақында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен қала активі өтті. Жиында Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың баяндамасы тыңдалды. Өңір басшысы ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштерді орындап шыққандығын атап, жоғары баға берді.

Көкшетау қаласының әкімі Е.Маржықпаев өз баяндамасында шаһардың он ай қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді орындап отырғанын, жылды ойдағыдай нәтижелермен аяқтауға толық мүмкіндік бар екендігін айтты. Өнеркәсіп саласы 80,3 млрд. теңгенің өнімін өндірген, 4 млн. теңгенің ауылшаруашылығы өнімі сөреге жолданған. Оның ішінде ет өндіру 1,7 пайызға, сүт 1,8 пайызға, жұмыртқа 0,7 пайызға өскен.

Негізгі капиталға инвестиция салу 30,03 млрд. теңгені құраса, ол өткен жылдағыдан 6,1 млрд. теңгеге артық. Құрылыс саласында 13,6 млрд. теңге игеріліп, 152,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

2018 жылдың қаңтары мен қыркүйегіндегі айлық жалақы орта есеппен 125,1 мың теңге, 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,5 пайыз артық. Облыс бойынша төртінші орыннан екінші орынға жоғарыладық. Бөлшек сауда айналымы 124,7 млрд. теңге, ол өткен жылғыға қарағанда 17,7 млрд. теңгеге артық.

Индустрияландыру картасы шеңберінде «Вектор комбайн заводы» ЖШС жобасын жүзеге асыруға әзірге 2 млрд. 203 млн. теңге жұмсалды, жұмыс жалғасуда. Ол жерде 96 жұмыс орны ашылады. Нысан 2 кезең бойынша салынады. Бірінші кезеңі осы жылы аяқталды, екінші кезеңін аяқтау 2019 жылға жоспарланып отыр. Ал, 2020 жылы ауылшаруашылығы техникаларын сататын және оларға қызмет көрсететін «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС орталығының құрылысы аяқталады. Бұл жоба 2,6 млрд. теңге тұрады, 136 жұмыс орны ашылады.

Одан әрі Е.Маржықпаев «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 2019-2023 жылдар аралығында жол жиегінде қызмет көрсету нысандары ашылатынын, туристерді тарту мақсатында туристік бренд құрылатынын, турис-терге арналып жылы аялдамалар салынып, ақпараттық тақталар орнатылатынын, Қопа көлінің жағалауын демалуға қолайлы ету сияқты жұмыстардың жүзеге асатынын, көптеген көшелердің, аулалардың жөнделгенін, бұл жұмыстардың жалғаса түсетінін айтты.

Қала әкімі күні бүгіндері тұрғындар пайдаланып жүрген бірқатар қолайлылықтарды, алдағы жоспарларды тілге тиек етті. Жиынды облыс әкімі Мәлік Мырзалин қорытындылап, қала әкімінің есепті уақытта атқарған жұмысына жақсы баға беріп, алға қойған жоспарларды ойдағыдай орындауына сенім білдіріп, сәттілік тіледі. Ол 2016 жылы Көкшетау қаласына облыстық бюджеттен 5,5 млрд теңге мақсатты трансферттер бөлінгенін, 2017 жылы осы санның 8 млрд. теңгеге жуықтағанын, биыл да осы көлемде қаржы бөлінетінін жеткізді. Алайда, 2018 жылы 7 млрд. теңге кері қайтарылған. Өзімізде өндірілетін бірқатар тауарлар қымбаттаған. Осындай олқылықтар алда орын алмасын, – деген ескертпе де жасады.

С.САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий