Қала келбеті көркейе түседі

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығындағы құрылыс нысандары мен тұрғын үй аулаларында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Алдымен қала басшысы Вавилов көшесі бойындағы жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Учаскелерге жөндеу жұмыстарын «Көкшетау автодор» серіктестігі жүргізуде. Қала әкімі мердігер ұйымдардың назарын жұмыстың сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуына аударды.

Қала аралау кезіндегі кезекті нысан «Боровской» мөлтек ауданында бой көтеретін балабақша құрылысы аумағында жалғасты. Мердігер компания – «ЭлитСтори» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Серік Ешмағамбетов қала басшысына алда атқарылатын жұмыстардың барысын баяндады. Қала әкімі №18 орта мектептің 420 орындық қосымша ғимараты құрылысының барысымен танысты. Құрылысшылармен кездесіп, мәселенің мән-жайына қанықты. Алдағы оқу жылында тапсыру көзделіп отырған ғимараттың ішкі әрлеу, абаттандыру жұмыстарына қатысты сын айтылды. Ермек Боранбайұлы өз сөзінде бұл құрылысты маңызды деп атап өтіп, жұмыс сапасына назар аударуды шегелеп тапсырды. Мердігерлерге жұмыс барысын тездетіп, ғимарат ауласы мен маңайын көріктендіру жөнінде тапсырма жүктеді.

Қала әкімі Мир көшесі бойындағы жол жөндеу жұмыстарымен таныс-ты. Құрылысшыларға асфальттау жұмыстары жауын жауғанда су жиналып қалмайтындай етіп жасалуы тиістігі ескертілді. Қала әкімі сала басшыларына жұмыстың барынша сапалы жүргізілуін және белгіленген мерзімінде аяқтауды тапсырды. МПС, 42 мекенжайында өткен кездесу барысында жергілікті тұрғындардың пікірі тыңдалды. Қураған ағаштар кесіліп, аулалардың абаттандырылып жатқанына алғыстарын білдірді тұрғындар. Өз сөзінде қала әкімі осы аудандағы су шайып кеткен ескі көпірге жөндеу жүргізілетінін айтты. Қалада жарамсыз ағаштарды бұтау жұмыстары жалғасып, жасыл желек санитарлық формаға келтірілуде.  Ендігі мәселе –  аула тазалығы мен қауіпсіздігін тұрғындардың өздері қамтамасыз етулері керектігін атап өтті шаһар басшысы. Сапар соңында қала әкімі «Сарыарқа» мөлтек ауданында салынып жатқан 900 орындық жаңа мектеп құрылысының басында болды. Қазіргі күні құрылыс бригадасы әрлеу жұмыстарын қолға алуда. Қажетті материалдар уақытылы жеткізіліп отырғандықтан, құрылыс жұмыстары да қарқынды жүруде. Ғимараттың іші-сыртын түгел аралап көрген қала әкімі электр, жылу жүйесіне қатысты да ұсақ-түйектің бәрін ескеруге кеңес берді. – Құрылыс жұмыстарын қарап жүріп, өз ұсыныс-ескертпелерімді айттым. Жалпы, бәрі өз деңгейінде жүріп жатыр, – деді құрылыс жұмыстарының мән-жайымен танысқан шаһар басшысы.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий