Қала келбеті көркейе түседі

Көкшетау қалалық мәслихаты депутаттарының қатысуымен қоғамдық кеңес отырысы өтті. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – білім беру мекемелерінде қамқоршылық кеңестерін құру туралы қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов баяндады. Оның айтуынша, былтырғы жылдың қарашасынан бастап қаладағы 24 мектепте қамқоршылық кеңесі құрылған. Оның құрамында 274 адам бар. Қамқоршылық кеңестер мектептерде оқу бағдарламаларының ойдағыдай іске асырылуын, педагогикалық ұжымға қажетті жағдайлардың жасалуын, білім ошақтарының материалдық-техникалық базасының күшейтілуін, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын бақылайды.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Марат Жүнісов қаладағы абаттандыру жоспарымен таныстырды. Биыл қалада 87500 мың теңгеге 25 балалар ойын алаңдарын, 99 981 033 мың теңгеге 13 спорт алаңдарын орнату, 25 аула алаңдарын абаттандыру жоспарланған. Жол жөндеу жұмыстарынан бөлек шаһарда атқарылар істер көп. Мәселен, қала көшелеріндегі аялдамалардың көбісінің тозығы жеткен. Алдағы уақытта бұл мәселе оң шешімін табатынын айтады қала әкімінің орынбасары Иван Юрченко. «Қаладағы аялдамаларды жаңартуды «Дизайн сити» серіктестігі өз мойнына алғалы отыр. Жалпы, қаладағы 178 аялдаманың көбі ескі үлгімен салынған. Жаңа аялдамалар эстетикалық талғамға сай болады деп күтілуде. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін бірқатарында сауда павильоны  жұмыс істейтін болады. Бұл жұмыс орындарының ашылуына және салықтық түсімге өз әсерін тигізбек. Автобустар кестесі көрсетілген ақпараттық табло, лэд экрандар орнатылып, тұрғындар кез келген ақпаратқа қол жеткізетін болады. Мұның өзі, әсіресе, жаз айларында қала көшелеріндегі жабайы сауданы ретке келтіруге жол ашар еді. Әрине, қаладағы барлық аялдаманы бір күнде жаңарту мүмкін емес. Бағдарлама бір жылға ғана арналмаған. Бәрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Шеткі аумақтар да басты назарда», – дейді И.Юрченко.

«Көкшетау Жылу», «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорындары мен «Көкшетау энерго орталығы» серіктестігінде тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы жайлы мекеме басшыларының есебі тыңдалды. «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорны электрондық форматта қызмет көрсетуге көшкен. Тұрғындар жылуға, тұтынған энергияға онлайн түрде интернет банкинг арқылы төлем жасай алады. «Русская община» АҚ төрағасы А.Артеменко қорымдарды күтіп ұстау, жолдарды ретке келтіру жұмыстарына қатысты мәселелерді алға тартты. Оның айтуынша, қабір қазып, құлпытас орнататындар артылып қалған құрылыс заттары қоқыс алаңына айналуда. Халық қалаулылары ортақ істе тұрғындар жұмыла іске кірісіп, алда өтетін сенбіліктерде осы жұмыстарды қолға алу қажеттігін алға тартты. Қоғамдық кеңесте 2018-2020 жылдары қалалық бюджетке енгізілетін өзгерістер туралы қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің жетекшісі Гүлмира Шұқатованың есебі тыңдалды.

Ә.ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий