Қала көркі айшықтала түсуде

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев құрылыс алаңдары мен аулаларды абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Жоспарланған құрылыс нысандарын уақытылы пайдалануға беруге, тұрғын үй аулаларында ойын алаңдарын күтіп-ұстауға, тазалық сақтауға ерекше назар аударды.

IMG_7092Көкшетау жыл өткен сайын көркейіп, көз тартар сәулетімен ерекшеленіп келеді. Жалпы қай жағынан алып қарасаңыз да заман талабына сай түрленіп, өсіп-өркендеген шаһарда қазір небір нысандар мен кешендер, көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, әсем қалаға айналуда. Сондықтан да болар, құрылысы қарқын алған өлкенің абаттанып, тіршілік тамырына қайта қан жүгіргені. Әрине, мұнымен шектеліп қалмақ емес. Өйткені, алдағы уақытта облыс орталығында салынатын жаңа үй мен ғимараттар қатары одан сайын толыға түспек. Калинин көшесі бойында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» желісі бойынша тұрғызылып жатқан 9 қабатты тұрғын үйлер құрылысы жақын арада аяқталмақ. Сапасы дұрыс, тиісті комиссия да жұмыстарын жасап жатқанын жеткізді «CayдаPlast» құрылыс компаниясының директоры Ғалымжан Көпішев. Бұл тұрғын үйлердің ерекшелігі де аталып өтті. Олардың әр түрлі деңгейлері болмақ. Салынып жатқан үйлерде бейнекамера, домофон, «ақылды» шамдар орнатылуда. Үйдің кіреберісінде коды мен темір есігі болады. Әжетхана мен жуынатын бөлмесі төбеден еденге дейін кафельмен әрленеді, еденге ламинат жа-йылып, терезелерге қос әйнек орнатылған. Осыған орай пәтерлердің бағасы да әр түрлі болады. Қала басшысы жауапты тұлғаларға салғырттық танытпауды ескертті.
Осыдан 27 жыл бұрын тәуелсіз ел бүлдіршіндеріне есігін айқара ашқан «Аққу» балабақшасы биылғы жылға дейін күрделі жөндеу көрмепті. Қазіргі уақытта мердігерлер нысандағы жаңғырту жұмыстары белгіленген мерзімінде аяқталады деп сендіріп отыр. Балабақша көз алдыңызға ертегідегі ғажайып сарайларды елестетеді. Мұндай кешен бұрынғы Кеңес Одағы тұсында Рига мен Санкт-Петербургта ғана болған. Қайталанбас бірегей туынды Қопа көлінің жағалауына жақын жерден орын тепті. Аталған нысанды №2 Көкшетау құрылыс тресі тұрғызды. Балабақша жел электр станциясымен жабдықталды.1991 жылы бірегей кешенде Германия, Англия, АҚШ, Түркия, Қытай, Оңтүстік Африка елдерінің арнайы делегациялары, кәсіпкерлер, Уокешо қаласының тұрғындары болды. Қазіргі уақытта ғимараттың едені, есіктері, инженерлік желілері қалыпқа келтірілу үстінде. Қала әкімі бірінші кезекте жұмыстың сапасына бақылау күшейтетінін ерекше ескертті. –Барлық мектептер мен балабақшалар уақыт талабына сай болуы тиіс. Қалыпқа келтіру шаралары кезең-кезеңімен атқарылуда. Осы жылы білім беру мекемелеріндегі күрделі жөндеу мәселесі оң жолға қойылды. Бұл әлі бастамасы ғана. Бірте-бірте материалдық-техникалық базаны жаңартамыз, – деді әкім.
Бұдан соң қала басшысы Абылай хан, 7 мекен жайындағы спорт алаңын барып көрді. Жаңа нысанға көпқабатты үйдің кішкентай тұрғындары дән риза. Айта кету керек, бұған дейін де қаламыздың көптеген аудандарында осындай спорттық алаңдар пайдалануға беріліп, бұл алаңдарды қалалықтар айрықша қуанышпен қабылдаған болатын. Қазіргі уақыт талабына сай жабдықталған спорттық нысанды осы ауланың тұрғындары да асыға күтті. Спорттық алаңқайдың маңына топтасқан балалар асыр салып, үлкендер жағы олардың шаттыққа бөленген сәттерін қызықтап, мәре-сәре болуда. – Бұл балаларымыз бен жастарымыз бос уақыттарын тиімді өткізіп, осы жерде спортпен айналысып, денсаулықтарын шыңдау үшін салынған нысан, – деген қала әкімі осындай спорт алаңдарының шаһарда әлі де көптеп бой көтеретінін жеткізді.
Қала әкімі Т.Досмағамбетов атындағы аллеяда жүргізіліп жатқан жұмыстарды барып көрді. Мұнда жас көшеттер отырғызылып, гүлдер егіліп, тазартылып жатыр. Аллея маңайы жарықтандырылып, серуендеуші қонақтар үшін арнайы орындықтар қойылатын болады. Қазіргі уақытта бедертас төселуде. Барлық жұмыстар қазан айына дейін аяқталмақшы. Әкім тұрғын үй аулаларын аралай жүріп жергілікті тұрғындармен, басқа да мүдделі адамдармен кездесіп, мәселенің мән-жайына қаныға түсті. Тұрғындарға өз аулаларына ұқыпты қарау жөніндегі өтініш-тілегін білдіріп, оның дұрыс күтіп ұсталуына бақылауды күшейтуге орай тиісті қызмет өкілдеріне шұғыл тапсырмалар берді. Қаланың әрбір қуыс-қалтарысының барлығын тазалап шығу мүмкін емес. Егер әрбір тұрғын қалаға деген ыстық ықыласын өздері тұратын аулаларын күл-қоқыстан тазарту арқылы көрсететін болса, бұл да бір үлгілі істің көрінісі емес пе! Рас, көрікті қалада айналасы гүлзар-баққа оранып, бұтасы мен ағашы жайқалған аулалар жоқ емес, бар. Бірақ, олар көп емес. Мәселен, Абылай хан, 8 үй ауласының айналасын көпке үлгі етуге болатынын атап өтті қала басшысы. Айналасы мұнтаздай таза. Әктеу, сырлау жұмыстарына үй тұрғындары бір кісідей атсалысқаны байқалып тұр. Ағаш көшеттері отырғызылып, гүлдер егілген, аумақты жасыл желекке айналдырған. Жұмыс сапарының соңында қала басшысы Кенесары, 25 мекен жа-йында орнатылған балалар ойын алаңын барып көрді. Балдырғандар кішкентай күрекшелерімен түрлі-түсті шелектеріне, мәшинелеріне құм толтырып, қиыршық құмның үстінде ойнап отыр. Ойын алаңдарының керемет көркін кіргізетін сүйкімді бүлдіршіндерге сүйсіне қараған сайын бала өмір бағының жайнаған гүлі екендігіне көзіміз жетеді. Шыны керек, әрбір ата-ана өз перзентінің қауіпсіздігіне қатты алаңдайды. Ойын баласы болған соң олар төрт қабырғада қамалып отыра алмайды. Осы ретте, қаладағы көп қабатты үйлердің жанында балалар ойнайтын алаңдардың көбейіп келе жатқанына тұрғындар ризашылық білдіруде.

Ә. ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий