Қала көшелеріндегі қарбалас

Апта басында толассыз жауған қалың қар қала көшелерін ақ ұлпаға толтырды. «Қардың көптігі – елдің ырыздығы. Көктемде ылғалы көп болып, егінге қолайлы жағдай туындайды» деседі көпті көргендер. Алайда, қалың қар қаланы да, даланы да әжептәуір әуреге салды. Коммуналдық мекемелер техникамен толық сайланып отырса да табиғаттың мұншалық тосын мiнезiн ешкiм күтпеген едi. Оның үстiне, жылымық ауа райы кезінде жауған қар жерге түссе сәл ерiген болып, артынан мұзға айналып, ақыры қар тазалаушыларға елеулі қиындық туғызды. Көктайғақ салдарынан екі күннің ішінде 8 жол-көлік оқиғасы болып, 1 адам қаза тапса, 2 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған.
Қаладағы қар тазалау жұмыстарына «Көкше-Тазалық», «Көкшетау ДЭУ» коммуналдық шаруашылық мекемелерінің техникалары тартылды. Көктайғақты болдырмау үшін құм мен тұз араласқан инертті материалдар себетін арнайы техника жұмылдырылды. – Табиғаттың тосын мінезіне мойынсұнбай мекеме қызметкерлері үздіксіз жұмыс жасап, қар басқан жерлерді уақытылы аршып отырды. Бұған арнайы тазалағыш құрылғылармен жабдықталған КамАЗ, ЗИЛ, МТЗ техникалары тартылды. Жұмыс кестесі күшейтіліп, көліктер кешкі мезгілден түн ортасына дейін көше бойына үйілген қарларды қала сыртына тасымалдады, – деп түсіндірді «Көкше-Тазалық» ЖШС көлік учаскесінің бастығы Юрий Орел.
Көшелерді меха-никалық жолмен тазартумен қатар, аялдама алаңдары мен жиектас жанындағы аумақтарды, жаяу жүргіншілер жолдарын, жол маңындағы тротуарларды қар мен мұздан тазалау үшін қол жұмыстары да қатар атқарылды. Барлық коммуналдық мекемелер көлік кәсіпорындары, жол полициясы, «Жедел жәрдем» қызметі мен басқа да жедел әрекет жасайтын қызметтермен өзара тығыз байланыста жұмыс істеуде.

А.АЙҒАРА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий