Қала мен ауылдың алтын көпірі

Мәлік Ғабдуллин музейі өткен жылдан бастап қолға алған «Ауылым – алтын тұғырым» көрмесіне осы жолы Ақкөл орта мектебінің «Ерлік даңқы» музейінің экспонаттары қойылды. Келушілер назарына ұсынылған бұл осымен алтыншы ауыл мұрағаты. Музейдің қорын қолда бар құжаттар ғана емес, саз балшықтан, ағаштан, темірден оқушылардың  өз қолымен жасаған экспозициялары мазмұнды ете түскен. Бұл ретте «Шебер» үйірмесінің жетекшісі Шәріп Алдажановтың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Әсіресе, соғыс тақырыбына арналған мұрағаттарды оның саздан жасаған белгілері толықтырып тұр. Рухты жауынгер Рақымжан Қошқарбаев жайлы әңгімелегенде, қолдан жасалған Рейхстагтың макеті мен ондағы желбіреген Қызыл ту, Талғат Бигельдинов туралы айтқанда оның жау авиациясымен шайқасатын ұшқыр ұшақ-жойғышы, Мәлік туралы баяндағанда 28 батыр-панфиловшылар, Мәншүктің пулеметі мен Әлияның мерген винтовкасы, тіпті Мәңгілік алауға тағзым еткен жауынгердің бейнесі аса нанымды. Дәл сол жерде майдан даласында шейіт болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алу да дұрыс ойластырылған. Фотосуреттер мен сарғайған көне құжаттар да өткен тарихтан сыр шертеді.

Ақкөл орта мектебінің жоғары сынып оқушылары Райса Ахмерова, Қарлығаш Самұратова, Замира мен Гүлзада Шайдуллиналар және Елена Яроховец бірінен соң бірі іліп әкетіп, әр тақырыпқа қатысты экскурсиясын бастағанда келушілер тына қалды. Балалардың әсерлі әңгімесі бірден еліктіріп әкетті. Оқушылар әр мұрағаттың мазмұнына үңіліп, өзінің туған ауылының тарихына қатысты мәліметтерді қателеспей жеткізуге тырысты. Ақкөлдік еңбек ерлері, танымды спортшылары, соғыс ардагерлері мен тыл тарландары, талай жыл шәкірт тәрбиелеген ұстаздар жайлы мол мағлұмат жинақталған. Келушілерге сауатты ақпарат беруге ықпал еткен мұғалімдердің де ізденімпаздығы көрініп тұр. Оны «Ауылым – алтын тұғырым» көрмесін ұйымдастыруға ұйытқы болған Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек те атап өтті. Таныстырылымнан кейін сөз алған Ақкөл ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Қабдірахман Ғабдолұлы, Галина Солохина туған жерінің жәдігерлерін орталыққа жеткізіп, халыққа көрсетіп жатқан ұжымға алғыстарын айтты. Ақкөлдік балаларды спортқа баулып, еркін күрестен талай белестерді бағындыруға жетелеп жүрген Қазақстанның еңбегі сіңген жаттықтырушысы Марат Жармағамбетов, Ақкөл ауылдық округінің әкімі Талғат Мұхамеджанов алдағы уақытта да осындай жақсы бастамаларға қолдау көрсететінін ортаға салды. Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Рақымбекұлы болашақта құрып бара жатқан ауылдарды жаңғырту жолында «Алаң да, алаң, алаң жұрт» атты жобасын қолға алғалы отырғанын жеткізді. Сол арқылы туған топырағынан үдере көшіп, қаңырап, бос қалған елді-мекендерді қайта түлету туралы ой тастау-
ды жоспарлап жүр екен. Ауыл мен қала байланысын жандандыру бағытындағы жұмыстар әрі қарай жалғаса бермек. Ал, «Ауылым – алтын тұғырым» көрмесіне қойылған ақкөлдік мұрағаттар бір ай бойы көкшетаулықтар мен қала қонақтарының назарына ұсынылады. Келем деушілерге есік ашық. Әсіресе, ақкөлдік азаматтардың құлағына алтын сырға.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс