Қала тұрғындары алғыс айтты

Наурыз жыл басы, Ұлыстың Ұлы күні. Парсы тілінде «жаңа күн» деген ұғымды білдіреді. Күнтізбе бойынша 22 наурыз күні күн мен түн теңеледі. Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейді, жаңарады. Табиғат, жан біткеннің бойына қан жүгіріп, тал теректер бүршік жарады. Ұлы даланы Қызыр баба кезіп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы еріп, қасиетті қара жер, қара топырақ бусанады.

IMG_2102

Наурыз – достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі. Бүкіл Шығыс халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйім халық, мұқым ел ауызбіршілікте болады. Ұлыстың Ұлы күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып өзіне де өзгеге де жақсылық тілеген. «Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамына орай мемлекеттік тілімізді, ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында мереке қарсаңында ұйымдастырған «Армысың, Ұлы Наурыз» акциясын өткізді.
Ақция жолаушылар тасымалдау көліктерінде (№10, №12) бастау алды. Мұны қала тұрғындары зор-ықыласпен қарсы алып, мерекелік көңіл-күйлерін білдірді. «Аққу», «Көктем» аялдамаларынан бастау алған автокөліктерде әртүрлі аялдамадан кірген жолаушыларға Наурыз мейрамына және қазақ халқының салт-дәстүрлеріне байланысты сұрақтар қойылып, белсенді жауап берген қатысушылар акция жазуы бар шарлар және сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, аталмыш акция Мемлекеттік кіріс басқармасы, қалалық емхана, ҰОС ардагерлері мен мүгедектерінің емханасы және қалалық әкімдігінің қызметшілері арасында жалғасты. Наурыз мерекесі, қазақ халқының салт-дәстүрлеріне байланысты қойылған сұрақтар, мәселен, «Ұлттық тағамдарға не жатады?», «Жыл аттарын айтып беріңіз?», «Неліктен Наурыз «Ұлыстың Ұлы күні» деп аталады?», «Ұлыстың Ұлы күнінде айтылатын тілектер?», тағы басқа сауалдар қатысушыларды қызықтырды.
Атап өтетін жағдай, осы іс-шараға жоғарыда аталған бөлімдер аса бір жауапкершілікпен және үлкен дайындықпен қатысты. Бөлім қызметкерлері бір-біріне деген сыйластығы, бірлігі, ықыласы жарасқан бір отбасының мүшелері сияқты атсалысып, белсенділік танытты. Акцияға қатысқандар: «Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің» бас мамандары: Назгүл Бәкірова, Жанар Қажкен, Арман Төлеев және «Достар» мәдениет үйінің жүргізушілері Бейбіт Кешу, Екатерина Ивашенинко, Еңлік Жақыпова. Акция қорытындысы бойынша Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» атынан «Армысың, Ұлы Наурыз» акциясына белсендік танытқаны үшін әр мекеменің бөлімшелері алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды, сондай-ақ, аталмыш акцияға қолдау көрсетіп, ат салысқаны үшін бөлім жетекшілеріне де алғыс хаттар табыс етілді. Осындай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Ынтымағы жарасқан көп ұлтты еліміздің осы бірлігін Құдай ұзағынан сүйіндіргей! Әрбір шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! Келе жатқан Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!

Назгүл БӘКІРОВА,
Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің
бас маманы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс