Қала ұстаздары салтанатты шара өткізді

Облыстық филармонияның залында Көкшетау қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шара болып өтті. Оған қала әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, ұстаздар мен ата-аналарға, озат шәкірттер мен қоғамдық ұйымдар жетекшілеріне мерекелік медальдар, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар, облыстық, республикалық олимпиадаларда сан мәрте жеңіске жетіп, қала намысын абыроймен қорғай білген «Әулет» мектептен тыс жұмыстар орталығына су жаңа шағын автобустың кілтін тапсырды. 

Мінберге көтерілген қала басшысы Е.Маржықпаев алдымен жиырма бес жылдық мерейтойы аталып өту үстіндегі еліміз тәуелсіздігінің мәні мен мағынасына, тәуелсіздік алған жылдарғы қиындықтар, одан кейінгі экономиканың алға басуы, ел дамуының баспалдақтарына тоқталып, осы ұлан-ғайыр істерді жүзеге асырудағы Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың рөліне кеңінен тоқталды. Одан әрі облыс орталығының күннен-күнге көркейіп келе жатқандығын тілге тиек етіп, қала мектептері ұстаздарының оқу-тәрбие ісіндегі жетістіктері, қоғамдық жұмыстардағы белсенділіктері мен ынта-жігерлерін сөз етті. Балалар үшін салынып жатқан ойын және спорт алаңдарын, мектептерді кеңейтіп, қосымша құрылыстар салудың одан әрі жалғасатынын айтты. Е. Маржықпаев одан кейін ұзақ жылдар ұстаздық етіп, үздік нәтижелерге қол жеткізіп, шәкірттері оза шапқан мұғалімдерге мемлекеттік наградалар – мерекелік медальдар, қала әкімінің алғыс хаттарын және бағалы сыйлықтар табыс етті. Сахна төрінен көрінген бейне-роликтер тәуелсіздік тарихынан қысқа да нұсқа сыр шертсе, оқушылар мен ұстаздар күшімен қойылған сахналық қойылымдар, билер, көріністер де ашық ажар, терең мазмұнымен ерекшеленді. Ал, салтанатты кешті қорытындылаған мектеп директорларынан құралған хордың Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні кеш мақсатын айқындап, әр жүректе патриоттық сезім алауын жаққандай болды. «Мұндай үлкен, ауқымды іс-шара өткізу бірер адамның қолынан келе қоймасы белгілі. Бұл жұмысқа білім бөлімі, барлық педагогикалық ұжымдар атсалысты. Қол ұшын берген басқа да әріптестерге алғысымыз шексіз!», – деп пікір түйіндеді осы жиын туралы ойын Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Жүсіпов.

Серік Сапарұлы

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс