Қалдырған ізің мәңгілік, жадымда тұрар жаңғырып…

Ағасын көріп, іні өседі,

Апасын көріп, қыз өседі, – деген нақыл да, ақыл сөзбен барлығына ардақты аға, білімді ұстаз, талай інілер алдында беделі жоғары, ақылшы бола білген, ел ағасы десем қате айтпаған болармын деп ойлаймын, міне, осы сөздер бәрі менің өмірлік ұстазым Мағауин Батырхан Ақжігітұлы жайында.

Батырхан Ақжігітұлы Көкшетау облысы, Көкшетау ауданының Еленовка ауылында 1952 жылы 10 желтоқсанда дүниеге келген. Бастауыш сыныптық білімді Ақан ауылының мектебінде, ал сегізжылдық білімді Жылымды орта мектебінен алып шығып, жоғары сыныптарды Петропавл қаласында оқып, бітіреді. Оқуды бітірісімен жоғары оқу орнына түсуге жағдайы болмағандықтан, ауылшаруашылығында қызмет атқарып, осы жерден өзінің азаматтық борышын өтеуге Германияға аттанады. Армиядан соң 1974 жылы Ақан ауылының мектебіне дене шынықтыру және еңбек пәндерінің мұғалімі ретінде қабылданады. Жұмыс барысында өзіне біраз тәжірибе алып, Солтүстік Қазақстан облысындағы педагогикалық институттың география пәні факультативіне түсіп, ауылға білімді маман болып оралып, өзі оқыған Ақан мектебіне жұмысқа орналасады.

1-1Батырхан Ақжігітұлы жас кезінен-ақ жұмыстан қашпайтын, ел ақсақалдарының назарына ілігіп, «Осы жігіттен болашақта жақсы отбасы иесі, жақсы ұстаз шығады» деген сөзін ақтап, өзінің өмірлік жұбайы Риза Баубекқызымен бас қосады. Бұл асыл жандардың бас қосуына тікелей ықпал еткен менің әкем Баржақсыұлы Асылбек болатын. Риза Баубекқызы жастайынан әке мен шешеден ерте айырылып, балалардың үлкені ол өзінің соңынан ерген інісі мен сіңлілеріне ана орнына ана, әке орнына әке бола білген жан. Ауылда нағашы әжесі Шарбан апаның үйіне келіп жүргенде, менің әжем «Әй, Риза, осы сен Ақандағы Ақжігіттің ұлы Батырханмен сөзің бар дейді ғой, ол жақсы жігіт, соның етегінен ұстасаң бақытты болсың» деген үлкеннің бірауыз сөзіне тоқтай білген, менің әкемді аға ретінде сыйлап, әкемнің айтқан ақылын тыңдап, Батырхан Ақжігітұлына тұрмысқа шығады. Міне, екеуінің сөз байласқан күннен бастап, көтерген шаңырағы бір шайқалмай, арттарынан бір сөз ермей, «Шіркін, жанұя болса, осындай болсын!» деген атаққа ие болған отбасын құрды. Өмірден талай қиыншылық көрген Риза Баубекқызының әкесін ел біліп, білімді ұстаз, анасы аяулы ана өмірден ерте кетсе де, артына сепкен дәндері, ұрпағы қазіргі таңда бір-бір шаңырақ иесі. Бәрінің де алған білімдері бар, алдарына қойған мақсаттарына жетуге деген күш-жігер, өжеттілік, ата-ананың о, дүниеде тыныш жатуы үшін, аянбай еңбек ете білетін жандар өсіп, шығуы ол Риза Баубекқызының тәрбиесі мен еңбегі. Өздері жас отбасы болып құрылса да, ешқандай қиындықтан қорықпайтын жандар екенін көргенде, мен өзім таңғалатынмын. Өздерінде төрт баласы бола тұра, аядай ғана үйде тұрса да, Батырхан Ақжігітұлының әкесінің інісі Болат ағаның жұбайы қайтыс болғанда, артында қалған балаларды асырап алудың өзі ерлік дер едім. Қазақта мынандай мақал бар ғой «Анасы жоқ тірі жетім» деген ол рас, аналары қайтыс болғанда «Артында қалған балалар менің көргенімді көріп қиналмасын» деген ой түйген Риза Баубекқызы балаларға ана, Батырхан Ақжігітұлы әке орнына әке бола білді. Оларды өз балаларымен бірдей өсіріп, бағып-қағып, оқуға түсіріп, бір-бір маман иесі етіп шығарды. Үйіне қашан барсаң толған бала, бірі ас істеп, бірі мал жайлап, үлкендер кішіге оқу үйретіп  жатқанның үстінен түсесің. Сонда не аға, не Риза Баубекқызы қабақ шытпайды.

Мен өзім осы оқу бітіріп, тұрмысқа шығып Ақан мектебіне бірінші келгенде осы екі жан мені туғанындай қарсы алып, ұжымның ішінде қалай қарым-қатынасқа түсу керек, сабақты, сабақтан тыс жұмыстарды қалай ұйымдастыру керектігін үйреткен еді. Мектепке келген жас маман болғандықтан, бұрыннан қызмет етіп жүрген ұстаздардың сабағына қатыстыратын. Батырхан Ақжігітұлының география сабағы бір әлем болатын. Әлемнің түкпір-түкпіріне саяхат жасай отырып, картаны  сөйлетудің хас шебері болатын. Ал, Риза Баубекқызы орыс тілінің майталманы дер едім. Сабағында әкелген көрнекіліктер, қойылымдар, ұстаздың әртісше сабақ беруінен мен көз алдыма әкем Асылбектің Жылымды ауылында құрған театрының әртістерін елестететінмін. Пушкин тілімен шебер сөйлеген ұстаз, бала түгілі, сабаққа қатысқан жанды баурап алатын. Әлі есімде Риза Баубекқызымен өз сыныбымды сайыстырғаным. Ол кісі Пушкинді, мен өзімнің Абайымды жырлап, поззия кешін өткізгенбіз. Содан болар үйде алған тәрбиемнің жалғасын мен осындай майталмандар берген сабақтармен ұштастырып, осы жандардан алған тәжірибем өмірлік азығым болып отыр. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген сөздің дәлелі осы.

Айтылған ойлар ол сабаққа байланысты болса, жұмыстан тыс уақытта бұл екі жан басқаша. Мектептегі жағдайды үйге әкелмей, үйде бір басқа болуды да осы екі кісіден үйрендім. Өздерінің төрт баласы да өнерге жақын, білімді азаматтар болып өсті. Үлкені Нұрлан тарих факультетін бітіріп, жақсы маман иесі болып отыр, қазіргі таңда екі қыздың әкесі. Ал, жалғыз қыздары Нұргүл ол бір төбе. Жастайынан әкесі мен шешесі сияқты өнерге жақын болды. Мектептің атын орыс тілі пәнінен өткен республикалық олимпиадада шығарып, орындар әкелсе, білім мен өнерді қатар ұстап «Әнші балапан» сайысының республикалық жүлдегері атанды. Алматы қаласындағы Жүргенов атындағы өнер мен театр институтын қызыл дипломмен аяқтап, өзін сахна төрінде көрсетіп, елдің даңқын аспанға шығарды. Алғаш рет «Ақылдың кілті» фильмінде Нүргүлді көргенде ел болып қуандық. Ал, егіз ұлы Асхат пен Азамат та ән айтып, өнер қуған жандар. Мұның өзі ауыл ішінде отырса да, отбасында берілген тәрбиенің жемісі. Әр баласының жетістігіне ғана емес, мектеп шәкірттерінің жетістігіне балаша қуанатын аға, тек бір қырынан ғана емес, сонымен қатар өзінің ұжымында болып жатқан жағдайдың бәрінен хабардар болып, көмек қолын созып, ақыл айтатын. Бәріміз жанұялы жандармыз, бір келеңсіздіктер болса болды, ешкімге бармайтынбыз, ағаға келіп айтып, шерімізді тарқатып, ақылын естіп, сабамызға түсіп кететінбіз. Жас жанұялардың өздерінің берекесі мен бірлігін сақтап қалуына да үлкен көмек жасаған осы жанға барлығының айтар алғысы шексіз.

Батырхан Ақжігітұлы ешқашан «Мен мектеп директорымын!» деп кеуде көтерген жан емес. Есіктен кірген әр оқушы ер балалармен амандасып, халін сұрап, егер көңіл-күйі келмей тұрса, жеке шығарып, сөйлесіп, содан соң сабаққа кіргізетін. Оқушылар ағаны қатты сыйлағандықтары сондай, егер есік көзінде көрмесе, іздеп барып амандасатын. Аға тағы бір қасиеті мектеп бітіріп кеткен шәкірттерін үнемі іздеп тұратын. Жыл сайын маған «Сандуғаш осы жылы 5 жыл, 10 жыл, 15 жыл бұрын бітіріп кеткендерді шақырып, мектептің жетістіктерін көрсетіп, өзіңнің театрыңмен қойылым қойып, жақсы концерт дайында!» деп жыл сайын «Жылдар жүздесуін» өткіздіретін. Әр жылды жеке отырғызып, балалардың жас кездеріндегі оқиғаларын айтып, қонақ етіп, күтіп бір марқайып қалатын.

Ел ішіндегі ақсақалдардың арасында беделі жоғары Батырхан Ақжігітұлының сөзіне қарттардың өзі тоқталатын. Ауыл ішінде шешімін таба алмай жатқан сұрақтардың өзін «Батырханнан сұрайық, ақылын айтсын!» деген сөздерді талай естігенмін. Ақсақалдардың өткен өмірі мен қиын жолдары жайында болашақ ұрпақ ұмытпай жүрсін деген мақсатта ақсақалдарды мектепке жиі шақырып, балалар алдында сөйлетіп, өзі бірге қосыла отырып, бала пікірі мен ақсақалдар берген кеңесін тыңдататын. Ол да бір сабақ болатын. Қазір ол кісілер өмірден өтсе де, әр баланың есінде айтқандары қалды. Мен ойлаймын, ауыл баласының жаман жолға түспеуінің бір кепілі осы деп ойлаған, үлкенді сыйлауға тәрбиелеген аға қателескен жоқ. Біздің ауылдан жамандық жасапты, соның баласы сондай деген сөз естімеуіміздің өзі осының дәлелі. Ағадан алған тәрбие, әр оқушыға өмірлік азық болмақ.

Батырхан Ақжігітұлына әрбіріміз ерекелей де алатынбыз. Отырған жерде жаспен жас, кәрімен кәрі бола білетін ерекше қасиеті үшін бәрі қатты сыйлайтын. Бізбен бірге ән айтсақ, ән айтып, билесек бірге билейтін. Қызықты әңгіме айтып, ренжіп отырсаң, ұмыттырып жіберетін, жүрегі ен даладай кең болған ағаны, өмірден өтті деуге қимаймыз. Ауырып жатқанда Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүрген шәкірттері келіп, амандығын біліп-кетіп жатқанның куәсі болдық. «Аллаға да жақсы адам керек» дейтін әжем. Бірақ ол сөзге өзім қосыла алмаймын. Мұндай жақсы адам әлі де өмір сүру керек. Немерелеріне ақыл айтып, оларға жол сілтеу керек уақытта өмірден өткені өкіндіріп тастады барлығымызды. Ағаның күлгені, қолымнан қысып ұстап, менің жолдасымды «Анау батыр қайда?» деп сұрауы жетпей тұрғанын енді сезініп жатырмын. Өмір екі келмейді, бірақ мен аға өмірін мәнді де, сәнді өткізді деп ойлаймын. Жан жары Риза Баубекқызы бірінші күннен бастап, сыйлап, құрметтеп, атағын асқақтатып, еркелетіп ұстаған жандардың бірі – ол Батырхан Ақжігітұлы болатын. Ардақты әке, аяулы ұстаз Батырхан Ақжігітұлының жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Біз сізді ешқашан ұмытпаймыз!

 

Сандуғаш САМҰРАТОВА,

№3 Красный Яр орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 

 

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий