Қалымбек қарымы

Журналист Қалымбек Мұхамеджанов есімі еліміз, қаламыз,
облыс тұрғындары, оқырман-көрерменіне жақсы таныс.
Ол сонау жастық шағында қалаған мамандығына, кәсібіне адалдық танытып, қырық жыл қызмет істеп, абыроймен зейнеткерлікке шыққан аптал азамат.
Иә, осылай деп тоқтала салуға да болады.
Бірақ, қаламгер Қалымбек жолы оған келіңкіремейді.
Оның өзгеге ұқсамайтын, өзгеге үлгі боларлық өз жолы бар…

Жасынан спортты жаны сүйіп, бокс өнерімен құлшына айналысқан ол басқа мамандық бар-ау деп алаңдамайтын. Боксты жан-тәнімен сүйді, спорт залдарынан шықпады, ерінбей тер төкті. Жандәрмен дайындалып, жарыстарға қатынасты. Әскердегі өмірі де бокспен өтті. Тіпті, спортшылар дайындайтын техникумды да бітіріп алды. Өзінің ринг төріндегі жолы тоқтаған соң, бапкерлік жолының жалғасып кете барар реті бар-ды. Тек өзінің емес, жанындағы командалас әріптестерінің де жеңіске жеткенін қалады. Енді бірде, олардың адал еңбектері көрінбей жатқандай, жалаулы жеңістерін жанкүйерлер естімей-білмей жатқандай көрді. Мектеп партасында отырып әлдебір әсерлерін әдемі өлең жолдарына түсіру машығы, оңашада тәп-тәуір жыр жазып тас-тайтыны бар жасөспірім қолына қалам алып, мақала жаза бастады. Онысын газеттегі тәжірибелі журналист ағалары көріп, сенім артып, қолқа салды. Сөйтіп, жарыстар, жеке спортшылар қыр-сыры туралы мақалалар үнемі жазылып, жарияланып тұрды. Міне, осы соқпақ оны журналистикаға алып келді. Газетке жұмысқа қабылданды, КазГУ-дің журналистика факультетіне түсіп, оны тәмамдады. Ал, спорт, бокс ше? Жоқ, ол да қалған жоқ. Осы екі өнерін ол өмір бойы жанына серік етіп, бірге алып келеді. Сондықтан да, Қалымбектің жолы өзгеше.
Шындығында, қай мамандықты қаласаң да, қай салада, қай жерде жүрсең де спорттан қол үзбеген дұрыс. «Бірінші байлық – денсаулық» деп халқымыз бекер айтты дейсіз бе? Спортпен үзбей, үнемі айналыссаң денсаулығың жақсы, өзің сергек боласың. Қабағың ашық болған соң жұмысың да өнікті. Әсіресе, стол басында шұқшиып ұзақ отырып қағаз жазуды қажет ететін журналистика мамандығы үшін алар орны бөлек. Бірауық спортпен айналыссаң денеңнің құрыс-тырысы да тарайды, ойың да сергиді. Басыңа жаңа ойлар, идеялар келеді. Тіліңе жаңа тіркес, ұтымды сөз оралады. Қызығы сол, осыны біле тұра жүздеген, мыңдаған адамдар ұстана алмайды. Денсаулығына ақау түсіп, кейде артық салмақтан ақау шегіп, қиналып жатса да өз өміріне аса қажеттігін біле тұра спортпен үнемі шұғылдана алмайды. Өкінішке орай, осы кереғарлық бізбен бірге жасап келеді. «Неге?» деген сауалға әркімнің әртүрлі жауап берері сөзсіз. Дегенмен, бұл шамасы адам бойына спортпен шұғылдану мәдениетінің ерте сіңірілмегендігінен, әр адамның жеке мәдениетіңнің деңгейінен хабар берер мәселе сияқты. Туабітті қабілетті де жоққа шығаруға болмас.
Қалымбек ағамыз бұл жөнінен көпке үлгі бола алады. Ол өмір бойы спортын тастаған емес. Соның арқасында денсаулығы ойдағыдай, спортшылармен аралас-құралас, қай жарыстың қайда, қалай өткенінен үнемі хабардар. Сол жарыстардың бел ортасынан жалындатып репортаждар беріп жатады.
Мен Қалымбек ағамен бес-алты жыл облыстық телевидениеде бірге жұмыс жасадым. Сонда көргенім, Қалекең аумағы үлкен Ақмола облысының алыс-алыс аудандарына қыс-жаз, күн-түн демей аттана береді. Шаршап-шалдығуды білмейді. Дер кезінде қажетті материалды эфирге жеткізеді. Ауылшаруашылығының, өнеркәсіп, өндірістің басшылары, мамандарымен тез тіл табысар қабілеті де бір мектеп. Жалпы, журналистке қажет бір қару – мінез. Мінезің жайлы, жұғысты болмасаң өзгенің саған сенім артуы, сыр ашуы қиын. Қалекең қайда барса дос табады, көпшіліктің сеніміне ие болады. Оның жаңалықтарға дайындаған сюжеттері, дайындаған хабарлары көрерменнің көз алдында. Айтып жату артық. Сол шалғай ауылдарға іссапарға барғанында да пәлен шақырымдық таңғы жүгірісін қалдырмайды. «Груша» кезіге қалса, былғары қолғабын киіп, ақ тер, көк тер болып «төпелеп» те алады.
Ол өлеңнен де қол үзген жоқ. Арасында жыр-өрнекті келістіріп қағазға түсірері бар. Жырлары жинақталған кітабы да шыққан. Журналистикаға оны алып келген спорты мен өлеңі десек, кейінгі жастар журналистикаға көп дайындықтың, әртүрлі өнердің қажеттігін де аңғарар.
Қалекең жас жур-налистерді дайындауға да көп еңбек сіңірді. Адал еңбегін, тәжірибесін, азаматтығын сыйлайтын кейінгі толқын оның айтқанын екі еткен емес. Көбіне қалжыңға айналдырып айтар сын-ескертпелерін тез арада түзетуге тырысады.
Жақында, баспасөз күніне арналған салтанатты жиын үстінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев журналистика саласының ардагері Қалымбек Мұхамеджановқа сіңір-ген зор еңбегі үшін Алғыс хат табыстады. Кәсіби мерекесі қарсаңында оған Қазақстан Журналис-тер одағының баспасөз саласында қырық жыл қызмет атқарғандарға берілетін арнайы ма-рапаты – «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы да келіп жетті. Сөйтіп, журналистикаға маңдай
тері сіңген майталман әріптестері, артынан ерген қаламдас іні-қарындастары алдында мадақталып, құрметке бөленді. Арқаның ақ дән тербеген айдынды даласын тынымсыз кезіп, еңбек адамдарын, дихандары мен малшыларын, айбынды спортшыларын, ерекше көзге түскен дарындарын, қарапайым тұрғындарын көпке таныстырып, жаңалық жаршысы болып келе жатқан журналист әлі де сергек те серпінді қалпында. Қаламын тастаған жоқ, былғары қолғабын шегеге ілген жоқ. Эфирге шығады, жазады, спорт залдарынан табылып, жаттығады, жастарға білгенін үйретеді. Біз Қалекеңнің мақтауға тұрарлық мазмұнды жолының әлі ұзақ жылдар жалғаса беруіне бек тілектеспіз.

С.САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий