Қамданған қапы қалмайды

Қала әкімі Е.Маржықпаев облыс орталығының тазалығы, тұрғын үйлер мен мекемелерге, қызмет көрсететін барша ғимараттарға жылу беру, көшелер тазалығы, қауіпсіздік пен тәртіпке жауап беретін бөлімдер басшыларымен жиналыс өткізді.

Шыршалардың әшекей шамдары жарқылдап, аспанға сансыз отшашу атылып, қызыл-жасыл түрленген Жаңа жыл мерекесі де өтті. Қызығы мен қуанышы көп жарқын мереке болғанымен, оның қауіпсіз өтуін қадағалаушылар үшін жұмыс көп болғаны сөзсіз. Талай адам көз ілмей кезекшілік үстінде болды. Алдын ала тексерулер, бақылаулар, қадағалаулар жүргізілді, ескертулер жасалынды. Сондай мазасыз әрекеттер арқасында мереке ойдағыдай өтті. Басшы алдымен осындай қызметке атсалысқандарға алғысын жеткізді.
Одан әрі қала әкімі күнделікті атқарылар жұмыстарды пысықтады. «Қыстың аты – қыс. Біз қалың қар түсуіне немесе қатты аязға, жел мен боранға әр күн сайын дайын болуымыз керек. Әзір күн жылы, қар аз екен деп арқаны кеңге салуға болмайды. Техникалар үнемі сақадай сай болсын. Көлік және жаяу жүргіншілер жолдары күн сайын тазаланып, тайғанақ болмауы қадағалансын. Ол тұрғындар денсаулығы мен жүріп-тұрудың жеңілдеуіне әсер етеді. Балаларға арналған кордтар, сырғанайтын жерлердегі қауіпсіздік назардан тыс қалмасын», – деген Е.Маржықпаев әр бөлім басшысына міндеттер жүктеді.
Расында да, күні бүгінге қала таза, тайғанақ жоқ. Көше тазалайтын техникалар мен жұмысшыларды үнемі іс үстінде көресіз. Тоқтаусыз қызмет өз нәтижесін беруде. Дегенмен, тұрғындар да «мінезі» қатаң қыс айларында осы іске өз үлестерін қосып, қала көркін кетірмеуге атсалысып, токпен жұмыс жасайтын пештер, әртүрлі қондырғыларды қолдануда аса сақ болулары керек. «Қамданған қапы қалмайды» емес пе?

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий