Қар – қыстың көркі

Жылдың әр маусымының өзіне сай болғаны жақсы. Жазың жаңбырлы, ыстық, күзің қара суықты, күрең дегендей. Адам ағзасы, психологиясы да соған үйренгендей. Тіпті, кей «мінезі» жайсыз болса да сөйтеді.
Биылғы қыс басында қарсыз болып, жұрттың мазасы кетті. Желтоқсан айында Көкшетауда қара шаң бұрқылдап, топырақ бетке борап жатқанын ешкім көп уақыт көрмеген. Қалың қысқы киіммен қара жерде қаздиып жүру ешкімге ұнаған жоқ. Тіпті, бір жолы қала үстін мұржалардан будақтаған көк түтін құрсап алып, ауаны бүлдіргені бар. Бұл да қар мен желдің болмағанынан. Сөйтіп, сағындырып барып ақ қар ала боранымен қоса келгенде қалалықтар қол соғып қуанды! Орталықта мұз қалашығы, биік-биік сырғанақтар болмай қала ма деп күдіктенгендердің де күдігі сейіліп жүре берді. Ақ қарды сықырлата басып қыдырысып, көк мұзға конькимен шығып, қыр-қыраттардан төмен сырғанап, мәре-сәре болды да қалды, жұрт! Кеудені кернер таза ауаны айтсайшы!.. Білмеген біреудің: «Қалың қарда омбылап, үскірік аязда қалтырап, тоңып жүргенше, қара жерде қайқаңдап жүрген рахат емес пе?» деп ойлауы мүмкін. Бір қарасаң жөн де сияқты. Қысқы отыныңды үнемдейсің, малыңды айналаға жайып, шөбіңді шығындамайсың. Бірақ, олай емес екен. Қарсыз қыс сиықсыз, тіпті қолайсыз болып шықты.
…Иә, әрнәрсенің өз уақытымен, орнымен болғанына не жетсін?!

Ақтөре Бұхардан.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий