Қамкөңіл жандарға қамқорлық мол

Елімізде қазанның соңғы жексенбісінде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Кәсіби бұл мереке – адам басындағы қиындықтарды алғаш болып сезініп, қолынан келгенше бұл мәселелерді шешуге көмектесетін мейірімді адамдарға көрсетілер құрмет. Осыдан он жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалып отырған қазіргі әлеуметтік қамқорлықтардың жер мен көктей айырмашылықтары бар. Бұл туралы Көкшетау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Қали Ахметов айтып берді.

Бүгінгі айлары асығыс, күндері қауырт өтіп жатқан қоғамда барлығымыздың мейірім мен қайырымға, аялы алақанға мұқтаж екеніміз жиі байқалады. Ал, тағдыр жазуымен егде жаста жалғызбасты өмір сүруге мәжбүр қарттар мен дерттері жас талғамайтын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де ыңғайлы, біртұтас ағзадай жүйелі жағдай жасау біздің қоғам алдында тұрған маңызды міндет. Бүгінде қоғам мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мейілінше мұңайтпаудың, олардың да өзгелермен тең дәрежеде, өзін қоршаған ортада кедергісіз өмір сүрулеріне қажетті жағдайлар жасауда. Əрбір дамыған, зайырлы мемлекеттің даму деңгейі халқының өмір сүру деңгейіне байланысты сараланатыны сөзсіз. Мемлекет бұл орайда жүргізілетін жұмыстарды міндеті айқындалған мақсат етіп қойып отыр. Осы орайда азаматтардың әлеуметтік қолдауға мұқтаж топтары жүйелі және тұрақты түрде ерекше қамқорлыққа алынған. Мемлекеттік бюджет есебінен түрлі жағдайларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылар, қосымша әлеуметтік төлемдер мен көмектер қарастырылған. Әлеуметтік қамсыздандыруды реформалау, өнімді жұмыспен қамту және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға көмектесу Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы аясындағы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Біздің мекеме мемлекет қамқорлығына зәру зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі балаларға, әлеуеті төмен, көпбалалы отбасы және мүгедек жандарға жанашырлық танытып, дер кезінде көмек беруге барынша күш жұмсап отыр. Сала қызметкерлері халықты әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, халықтың кедейшілігі мен жұмыссыздығына қарсы күрес жүргізу және мүгедектерді оңалту саласындағы мемлекет саясатын жүзеге асыру мақсатында еңбек етіп келеді. Жыл басынан 292 адамға 7,3 миллион теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі төленді. Мемлекеттік балалар жәрдемақысына барлығы 8,99 миллион теңге қарастырылды. Жыл басынан 711 балаға 7,4 миллион теңге тағайындалып төленді. Ал, тұрғын үй жәрдемақысына 19000,0 мың теңге қаржы бөлінді. Үйде оқитын мүгедек балаларды материалдық қамсыздандыруға каралған қаржы 3756,0 мың теңге. Жыл басынан 77 отбасындағы 77 мүмкіндігі шектеулі балаларға барлығы 2422,0 мың теңге тағайындалып, 2422,0 мың теңге төленді. Ауылдық елді мекендерде тұрып жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім, мәдениет, спорт және ветеринария салаларының мамандарына отын сатып алу үшін 9872,0 мың теңге қарастырылған. Әлеуметтік көмек бөлімшелерінен 470 адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Олардың 8-і мүгедек жандар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 64 маман әлеуметтік қызмет көрсетуде. Мұқтаж жандар мамандардың арқасында гидротерапия, физио ем-шаралары, массаж, емдік денешынықтыру тағы сол сияқты көптеген оңалту шараларын қабылдап, дерттеріне шипа табуда. Олардың ішінде жалғызбасты зейнеткерлер, соғыс ардагерлері, соғыс ардагерлерінің жесірлері, тыл еңбеккерлері мен өз уақытында тың және тыңайған жерлерді игеруге атсалысқан қарттар да бар. Әлеуметтік қызметкер атағын абыроймен алып жүрген, өз жұмысына шын ықыласпен кірісетін әлеуметтік қызметкерлердің еңбегін де ерекше атап өтуге болады. Олар үшін өзге біреудің проблемасы деген түсінік жоқ, қиналған адам көрсе, қолұшын созып, көп саралап жатпай, қолынан келген көмегін еш аямайтын жандар.
Қала бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдауға бағытталған жұмыстардың барлығы жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Биыл 703 мүмкіндігі шектеулі жандар «Алмаз» санаторлы-курорттық орталығына жіберілді. Мүгедектер протезді-ортопедиялық көмекпен, сурдо, тифлотехникалық құралдармен, санаторлық-курорттық сауықтыру шараларымен, есту протездерімен, кресло-арбалармен, міндетті гигиеналық құралдармен, ымдау тілімен қызмет көрсететін мамандармен қамтамасыз етіледі. Ең алдымен жаңа технологияға көңіл бөлінуде. Мүгедектерге арналған құралдардың сапалы әрі соңғы үлгіде шыққандарын ғана сатып алып жатырмыз. Себебі, технология жаңарған сайын олардың да озық үлгілері шығып жатыр. Сурдотехникалық құралдардың 71 түрі сатып алынды. Тірек-қозғалысы бұзылған мүгедектер арбамен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, көру қабілеті нашар мүгедектерге арналған жаңа технология бойынша 183 тифлокешен және Брайль жүйесі бойынша оқитын машиналар сатып алынды. 328 мүгедек жаңа технология бойынша протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар «Инватакси» қызметі де мүгедек жандар үшін қолайлы болып отыр. Биыл 70 адам осы такси қызметін пайдаланған. Жыл сайын мүгедектерді оңалту үшін мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік жобалар ұсынылады. Биылғы жылы 149000,9 мың теңгенің 15 меморандумы жасалды.
Мүгедек жандарға әлеуметтік көмек көрсетуден бөлек оларды қоғамдық шараларға қатыстырып, жұмыспен қамту біздің міндетімізге кіреді. Осы уақытқа дейін мүмкіндігі шектеулі 63 азамат жұмысқа орналас-
тырылып, 19-ы квота бойынша, 33-і қоғамдық, әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар іс-тәжірибесіне жіберілді. Қамқорлықты қажет ететін мұндай адамдар үнемі назарда болып, олармен бірге сенбіліктер, мәдени-көпшілік шаралар өтеді. Мәселен, жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі жандар үшін төрт жәрмеңке ұйымдастырылды. Мүгедек жандар қоғамнан мүлде бөлек өмір сүрген уақыт та болды. Ал, қазір мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелерін шешу және әлеуметтік жағдайын жақсарту – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының біріне айналып, бұл адамдарды қорғау шаралары «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырылып келеді. Жалпы, мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Оларға жасалатын әрбір көмек еш уақытта толастамауға тиіс. Себебі, өмірдің тауқыметін тартса да, басына түскен іске мойымай күн кешіп жүрген кемтар жандардың жайы қай кезде де басты назарда болмақ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий