Қамқорлық шуағына бөлеп…

Облыс бойынша бүгінгі таңда кәмелеттік жасқа толмаған 181 мыңдай бала бар. Оның қырық мыңдайы Көкшетау қаласында тұрады. Еліміздің болашақ құрылысшыларының мектепте білім алып, балабақшада тәрбиеленіп, қалаған мамандығын таңдап, өмірден өз орнын табуына барлық мүмкіндік жасалған. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мемлекет қамқорлығына бөленіп отыр.

DSC_9710

1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай облыс орталығындағы мәдениет ошақтарында, демалыс орындарында әртүрлі қызықты шаралар өткізді. Мәселен, Көкшетау қаласына келген Сандықтау, Ақкөл және Урюпин балалар үйінің 140 тәрбиеленушісі алдымен орыс драма театрында «Карлсон қайтып оралды» спектаклін тамашалап, «Полянка» ансамблінің өнеріне тәнті болды. Оларды «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалдарының өкілдері, облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары, банк жетекшілері құттықтап, сыйсыяпаттарын жасады. Қамкөңіл балғындар өздеріне арналған мерекелік шараға дән риза болысты. Сандықтау балалар үйінің тәрбиеленушілері – жергілікті «Саяхат» және «Сталкер» туристік клубтарының мүшелері. Олар талай мәрте кросс-саяхат пен жарыстарының жүлдегері атанған. Ал, Ақкөл балалар үйінің тәрбиеленушілерінен құралған «Арыстан» командасы жақында ғана «Астана-Арена» стадионында футболдан өткен «Навстречу мечте» сайысының жеңімпаздары атанды.

DSC_9774 Олар биыл Ұлыбританияның Премьер-лигасының «Челси» немесе «Манчестер Юнайтед» футболшыларымен кездеседі. Урюпин балалар үйінің тәрбиеленушілері болса, қолөнермен шұғылданады. Оқуда да озат. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов балаларды және олардың ұстаздарын айтулы күнмен құттықтап, алдағы өмірлеріне табыс тілеп, балалар үйінің тәрбиешілеріне алғыс хат тапсырды.
Облыстық мәслихаттың депутаттары Серік Аяғанов, Елена Мащинская, қалалық мәслихаттың депутаты Жұмабай Әміржанов, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы Көкшетау филиалының жетекшісі Аяш Кеншінбаева балалардың бәріне танымдық кітаптар үлестірді. «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Павел Безвербный 13 жылдан бері аудан балаларына «Континент» лагеріне тегін жолдама беріп келеді. Биыл 40 жеткіншек жазғы демалысын «Дискавери» орталығында өткізетін болады. Ал, облыстық мәслихаттың депутаты Әсен Жақсылықов Көкшетау сүт зауытының атынан балаларға балмұздақ үлестірді. «Нұрбанк» филиалының жетекшісі Ержан Түгелбаев Сандықтау балалар үйіне спорттық жабдықтар тарту етсе, халыққа қызмет көрсету мекемесінің атынан Ақкөл балалар үйіне ақшалай сыйлық берілді. Осы мекеменің басшысы Рауза Қанатова мерекелік шараға Ақкөл балалар үйінен 50 бала әкелгенін айтты.

DSC_9725Олардың бәрі – шетінен дарынды, көптеген байқаулардың жеңімпаздары. Облыстық дарынды балалардың шығармашылық орталығының өрендері концерттік бағдарламасын ұсынды. Шара соңында ақ арман, қиялдарына қанат бітірген балалар Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай іштей тілектерін айтып, аспанға 25 шар ұшырды. Ауданнан келген балаларға «Дәстүр» мейрамханасында қайырымдылық түскі асы берілді. Одан кейін олар облыс орталығындағы музейлерді аралап, Щучье-Бурабай курортты аймағына саяхатқа шықты. Кешкісін «Звездный» балаларды сауықтыру орталығында мерекелік бағдарламаны тамашалайтын болады.
PS. 1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай Көкшетаудағы Тәуелсіздік алаңында спорттық асық ойындарының «Асық ату», «Үш табан», «Ханталапай», «Бес асық» түрлері бойынша оқушылар арасында 6-шы қалалық жарыс өтті. Облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған сайысқа қатысқан балалардың бәріне сыйлықтар үлестірілді. Бұл күні сондай-ақ, «Қоғамдық келісім» мекемесінде «Балалар – біздің болашағымыз» атты мерекелік шара өтсе, поляктар бірлестігі атынан «Балалар кинозалында» поляк мультфильмдері көрсетілді. Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай орталық саябақта әткеншектер, аттракциондар толық көлемде жұмыс істеп, қызықты ойындар ұйымдастырылып, кішкентай балғындарға арналған арбалар, велосипедтер, ойыншық көліктер қызмет көрсетті.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс