Қанаттасым қарындасым!

...Мерейлі мерейтойы тұсында өзім аса бір қадірлейтін әріптестерімнің бірі, қатар қызмет істеген замандас қарындасым, дүйім жұртқа есімі жақсы таныс Нүрикамал Сейітжанова жөнінде бірауыз лебізімді, жылы сөзімді жеткізгім келді. Расында, Нүрикамал еткен еңбек, атқарған лауазымды қызметтері өз алдына, атақты «Нүрикамал» әні арқылы да аты аңызға айналған адам. Ол ән туралы айтылып та, жазылып та жүр, телебаяндар да жеткілікті. Сондықтан, куәсі, алғашқы тыңдаушыларының бірі болсам да ол ән туралы әңгіме қозғамай-ақ, басқа ізгі қасиеттері, қайраткерлігі мен адамгершілігі жөнінде тілек-ниетімді баян етейін.

1c7d8701849151c810d33e10ca0316c6Біз Нүрикамал екеуіміз бір елдің адамдарымыз. Екеуіміз де бұрынғы Торғай облысы, Державин (қазіргі Жарқайың) ауданы Далабай орта мектебінің түлектеріміз. Екеуміздің тегіміз – фамилиямыз да ұқсас. Бірге тумасақ та, туғандай боп өстік. Бір кезеңде жұмыс істеп, лауазымды қызметтер атқарып жүргендіктен жұрт ағалы-қарындасты екен деп ойлайтын. Үй-ішімізбен араласып, сыйласып жүргендіктен сұрағандарға «Иә, қарындасым» дейтінмін. Алайда, тек фамилиямыз ғана ұқсас болған жоқ, қадірлі қарындасыммен екеуіміздің жолымыз үнемі қиысып тұрды. Ылғи бір өңірде, қаз-қатар жұмыс жасап жүрдік. Ол да қызық. Бір ауылдың балалары – екеуіміз де бір қалада, Целиноградта, мен ауылшаруашылығы, ол педагогикалық инс-
титутта оқыдық. Жастық жалынмен біраз жерде жұмыс жасап, көзге түсіп мен Торғай облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып, басқа жұмысқа ауысқанда Нүрикамал сол обкомға хатшы болып сайланды. Одан кейін екеуіміз де облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушілері болдық. Мен Мәскеудің Қоғамдық ғылымдар Академиясын оқып бітірген соң, бірер жылдан соң Нүрикамал сол жоғары оқу орнына келіп түсті. Енді мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жүргенімде Нүрикамал осы облыс обкомының үгіт-насихат бөлімін басқарды. 1990 жылы Торғай облысы қайта ашылғанда мен Қима аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым. Ол уақытта Нүрикамал Сейітжанқызы Торғай облыстық партия комитетінің идеология бөлімінің басшысы болып қызмет істеді. Осылай қатар жұмыс жасап, аралас-құралас, қанаттас жұмыс жасауымыз одан әрі Ақмола облысында, Көкшетауда жалғасты. 1997 жылы Торғай облысы жабылғаннан соң Сенаторлық қызметімді аяқтап, Ақмолаға облыс әкімінің бірінші орынбасары болып келсем, Нүрикамал облыстық мәдениет басқармасының бастығы болып істейді екен. Бұл кезең Көкше жұртының көз алдында…
Мәдениет пен өнер саласында атқарған айтулы іс-шаралары көптің көңілінен шығып жататын. Әсіресе, ұлтымыздың ұлылығын ұлықтауға келгенде кең көсіліп сала беретін… Сахнада ғана емес, Наурыз мейрамы сияқты халықтық мерекелердің мерейін үстем етуге келгенде алдына жан салмайтынын көкшелік бауырлар ұмыта қоймаған шығар.
Алла Тағала ажар беріп, келбеттен кем қылмаған менің артық туған асыл қарындасымды іс үстінде көрсең өзгеше күйге түсесің… Маңдайға біткен қос жанары оттай жанып, шоқтай қарап шалт қимылға көшкенде Қобыланды батырдың Құртқасын көргендей қалт тұра қалмасыңа шара жоқ. Ондай кезде, менің Нүрикамал қарындасымның қас пен қабағынан ғана сыр ұғатын өнер ұжымдары қанаттанып, арқаланып шыға келетініне талайымыз куә болдық емес пе?!
Ал, осылайша үнемі қызметтес болып, аралас-құралас, сыйлас болған қатар ұшқан қарындасым Нүрикамал Сейітжанқызы туралы өткенге қарай отырып не айтар едім? Жаратқан түр-тұлғасын келістіріп пішкен Нүрикамал жаратылысынан қазақтың батыр-бағлан қыздарындай алғыр, өткір адам. Ешқашан қиындықтан қаймығып, намысты қолдан бермеген жан. Әкесі Сейітжан да елге қадірлі, байыпты, ақылман қария еді. Демек, ел ісімен айналысып, ел алдында болуы қарындасымыздың қанында бар қасиет. Нүрикамалға жасынан-ақ небір күрделі, жауапты қызметтер тапсырылды. Соның қайсысын болмасын ол шырқ үйіріп, тиісті деңгейде жүргізді. «Нүрикамал жұмысын алып жүре алмады, ақсатты» деген сөзді естіген емеспін. Керісінше, басшылық болсын, қарапайым халық болсын: «Ой, Нүрикамал ол жұмысты да тез игеріп, көтеріп әкетеді ғой» дейтін. Солай болатын да еді. Ол қашан да болмасын жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарады, қолға алған ісіне зейін қойды. Жұмысты тыным көрмей, жалындап істеді. Аянбай тер төкті. Бар ынта-ниетімен кірісіп, ұжымын соған жұмылдыра білген соң, әрине, ісінен нәтиже шықты. Ел-халық алдында беделі өсті. Бұл қарындасымның қызметі жөніндегі қысқа қайырған пікірім.
Ал, айта кететін оның тағы бір сыры – Нүрикамал достық, жолдастыққа өте берік. Мұнысы да оның ерекше құрмет тұтуға лайық қасиеті. Бұл қасиетін тарқатсам да ұзақ әңгіме айта алар едім.
Енді бір ұстанған, айнымайтын, көпке үлгі етуге тұрарлық ұстанымы өзінің ағайын-тумасына қарайласуы. Ол кеңпейілділігі, мейірбандығы да жүрек елжіретер жақсылығы. Мына адам-адамға қараудан қалған тасбауыр дүниеде ағайын-туғанға шамаң келгенше қол ұшын беріп, көмектесіп жүргенге не жетсін.
Сол себепті де «Нүрикамал жөнінде бірауыз сөзбен не дер едіңіз?» деген сұрақ қойылса, мен: «Дархан жүректі адам» деп жауап берген болар едім.
Мерейтойы үстінде оның алған атақтары, марапаттарын тізбелемей-ақ, оның жақсы аты жұртқа кең жайылған, жолдас-жорасына қадірі артқан абзал азаматша екенін айтсам, жеткілікті деп түсінемін. Отанға да, отбасы, туған-туысына да талмай қызмет еткен қажырлы да қайратты, қадірі қымбат қанаттас қарындасыма зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!

 

Аманжол СЕЙІТЖАНОВ,
мемлекет қайраткері.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий