Қанатың талмасын, Қанат имам!..

…Көкшетауда сондай бір оқиға орын алды. Тас бауыр дүниеннің тас емшегін иіткендей, Арқаның ызғарлы суығын кейін серпіп, сәтте жанға мерейлі шуақ сепкендей әсер алдық. Мұндай, көпшіліктің жүрегін жылытып, көңілін көк теңіздей тербеген оқиғаға себепкер от пен судан, он сан тартыс-ты белестерден өтіп, алпыс-жетпісті артқа тастаған, алдымызда келе жатқан ардагер аға емес, көбіміздің баламызбен жасты, отызды енді ғана орталаған жас жігіт – Қанат имам.

Иә, бүгін бар, ертең жоқ өтпелі ғұмырда кім қызмет ауыстырмай, кім көшіп, қоныс аудармай жатыр? Күнде естіп, күнде көріп жүрген жағдай. Дүйім жұрт ошарыла бұрылып, өре түрегелетін оқиға дермісің?!.. Жоқ, әрине. Алайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы, Науан хазірет мешітінің бас имамы Қанат Қыдырминнің Бас мүфтидің бұйрығымен Астанадағы Әзірет сұлтан мешітіне найб имам болып бекітілуі осындай елеулі оқиға болды! Жұма намазына жиналған жамағатты Астанадан келген бас имам Серікбай қажы Ораз аталмыш бұйрықпен таныстырды. Қанат имамға риза халық иығына шапан жауып, астына шетелдік көлік мінгізді. Көлікті сол жерде ол мешітте үй сыпырушы, жеті баласы бар жесір әйелге сыйлайды. Әлгі әйел адам үйсіз, өзі де, балалары да намазға жығылған, тақуа жандар екен. Бұл мәліметтермен журналист Бақыт Смағұлдың «Жүректер неге жылады!..» деген мақаласынан көзі қарақты оқырман оқып-білген болуы керек. «Алланың үйінде мыңдаған адамның жанарына жас іркіліп, жүректері жылағанын алғаш көрдім. Бір адам емес, жұма намазына келген бірнеше мың намазхан шынайы толғанысты бастан өткеріп, жылап жатты… Маған жүректері де, өздері де жылап жатқандай көрінді», – деп жазады көп жылдан осы мешіттің баспасөз хатшысы болып жүрген журналист. Оның бұл хабары әлеуметтік желі арқылы шартарапқа тарап кетсе керек. Тіпті, шетелдің адамдары облыс имамының осы бір мейірбандығына, иманды әрекетіне қол соғып жатыр екен.
Әрине, адамдар ақшаға, байлыққа құнығып, өзгеден айла-қулығын асыруға асыққан мына заманда Қанаттың бұл шешімі жүрек тебірентеді, жанарларға жас үйірілтеді. Әйтпесе, күнделікті ақпараттар ағыны бізге заңмен қорғалған халық қазынасынан қаптап жымқырып жатқан тойымсыздар туралы сан алуан хабарларды жеткізіп жатқан жоқ па? Қайсы қай міскінге көк тиынын ауыстыра қояр еді? Қолындағысын бермек түгілі, қорғаулыға қол салып, қан қақсатып жатқан жоқ па? Жамағаттың көзіне жас алуы Қанат имамның өзіне сыйлаған мәшинені мұқтаж жанға сыйлағандығы ғана емес, әрине. Бақыт әріптесіміз айтып өткендей, ол бұрын да ондай қайырымдылықтарды жасап жүрді. Оның уағызын тыңдап, әңгімесіне қанығып, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болып тұратын ізгі мінезіне, кіршіксіз достық пейіліне тәнті жұрт, тіпті іргедегі Астанаға да қимай тұр ғой, оны! Иман жүзді, мейірбан жанды күнде көргісі, күнде сұхбаттасқысы, жадырап амандасқысы, өзін мазалаған қордалы сұрағын қойып, толымды жауап алғысы келеді. Сол құрмет, сол сыйластықтың жасы ғой ол! Қанат имам кетерінде өзінің дос-жар аға-інілерін, жамағатын шақырып, дастархан жайып, алғыс-рахметін айтып, батасын алып кетті. Айтылған тілектерді естісеңіз?! Оның шынайы еңбегінің, төккен терінің нәтижесі еді, бұл. Көкірегіне иман ұялаған ұл сол мадақтау-мақтауларға тағы да ата дініміздегі ұлағатпен, сүйікті пайғамбарымыз Мұхамед (с.ғ.с.) хадистерімен, өнегелі жауап қайырды. Асқан да, тасқан да жоқ. Бұл – ислам дінінің ұстанымы, ислам дінінің мәдениеті, үлгісі, шын мұсылманның әдебі.
Осы тұста біз де Қанат имам жөнінде бірер ауыз пікірімізді оқырман назарына ұсына кеткенді жөн көрдік. Ілкіде, ол діни оқуын бітіріп қалаға келгенде: «Қанат қари екен, Құранды түгел жатқа білетін көрінеді», – дегенді естіп, көргенше асыққанбыз. Танысып-білісе келе оның жанының сондай таза, білімге ынтық, бойында қажымас қайраты бар, ата дінімізді насихаттауға бүкпесіз бел буған азамат екенін ұқтық. Жақын араласуымыз ол облысқа имам болып тағайындалғаннан кейін болды. Жап-жас жігіт ақпарат саласы өкілдерімен жиі бас қосып, насихат жұмыстарын жанды жүргізудің жолдарын, оның зайырлы қоғамға ізгі ықпалын түсіндіруден жалықпады. Өзі мақалалар, сұхбаттар жариялап, жамағат алдында сөз сөйлеуі өз алдына, Қадір түні, Мәуліт мерекесі, Құрбан айт, тағы басқа мұсылманның көпшілік мерекелерін әлі дінге келмеген жалпы жұртпен біріге өткізуге атсалысты. Сөйтіп, дінді қалың көпшілікке жақындата түсті. Телеарнадан мерекелер кезінде тікелей эфирге жиі шығып, тұрғындар сұрақтарына жауап берді. Бір жолы тікелей эфирге Арабстаннан келген дін маманын шығаратын болдық. Ол қонағымыз тек қана араб тілінде сөйлейді. Аудармашы Қанат имам. Сосын, «Кейбір сөзін аудара алмай қала ма, беделіне нұқсан түсіріп аламын ба», деп оған сұрақ қойдым: «Қонаққа тек қана тізімде көрсетілген сұрақтарды ғана қояйын ба, әлде орайы келген сұрақтарды қоя берейін бе?». Қанат: «Қандай сұрақ болса да қоя беріңіз», – деп жауап берді. Сөйтіп, тікелей эфирде Қанат ешқандай қиындықсыз қазақшаны арабшаға, арабшаны қазақшаға мүдірместен еркін аударып отырды. Біз оның бұл білігіне өте тәнті болдық. Қазақ баласының тек қана Құран сөзін жаттаған емес, араб тілін жатық білуі мақтаныш еді!
Имам Қанат Қыдырмин айтқан уағызға неге жұрт ден қояды? Біздің пайымымызша, біріншіден оның сөзі мен ісінің, өмір тіршілігінің бір арнадан шығуы. Екіншіден, ол қазақтың тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, әдет-ғұрпын жақсы біледі. Үшіншіден, өзі бала күнінде айтысқа түскен ақын, домбыра тартып, терме айтады. Абай өлеңдерінен жатқа оқып, «Қара сөздерінен» мысал келтіре береді. Төртіншіден, отбасынан, ата-анасынан көрген қазақы тәрбиесі. Осы төрт пайымымызды тарқатып, ұзақ әңгіме шертуге болар-ды. Бүгінгі күндері мұсылмандар діни басқармасы «Имам қандай болуы керек?» деген мәселе көтеріп жүргені белгілі. Сондағы барлық талап біздің Қанатымыздың бойында бар. Ол ислам қағидаттарын қарапайым жұртқа жеткізуде тек қана шариғат жолын, хадис сөзін, дін жолын ғана айтпайды, қазағымыздың ежелгі таным-түсінігі, ұстанымын, Абай хәкімнің ойларын ортаға салады. Ұстамды мінезі, шешен тілі, шыншылдығы үлкен-кішіні ұйытады. Кішіпейіл жан кімнің болмасын өтінішін, сұрақ-сауалын аяқасты қалдырмайды. Сыйластық, достығы, пейілі бөлек! Осындай имамын халық қайдан қисын?! Жыламағанда қайтсын? Бірақ, қазақта «Бір атаның ғана емес, бүкіл ұлттың ұлы бол» деген сөз бар емес пе? Бұрын оны Көкше жұрты ғана тыңдаса, енді Астана жамиғаты, оған келер еліміздің барша азаматы тыңдасын! Білімдар, талантты имамның тыңдаушысы көбейсін. Бұл тілектен ешкім де қалыс қалмақ емес. Мұны Қанатқа ақ жол тілеген сол кеш дас-тарханы басында ұқтық. Ол ұлан елдің ақ алғысын, алғаусыз батасын алып аттанды. Алла абырой берсін, қанатың талмасын, Қанат имам!

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
жазушы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс