Қанатың талмасын өнерлі інім!

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 29-30 қазанда Елордада Ақмола облысының күндері өткен-ді. Мәдени шара аясында Бейбітшілік пен келісім сарайында көкшелік ақын, драматург Құдайберлі Мырзабектің «Ақбоз-өлең тарту еттім халқыма» әдеби кешінің өтуі – белсенді қоғамдық қызметі мен шығармашылық ізденісіне берілген лайықты баға.

Тарихтың текке лайлап
сырын тұнған,
Аулақпын шежірені шұбыртудан.
Шұбарды қоныс етіп,
ұрық шашқан,
Есенбай Шұңғыршадан
Шұғыл туған.
Ол күнде ел бастаған Абылай хан,
Қалмақтың Абылайдан
бағы тайған.
Қаймығып қалың қытай
етек жинап,
Қазаққа заман туған мамырайқан.
Қол бастап Хан Абылай
ат арытты,
Қазақты талай жауға апарыпты.
Бес жігіт сол заманда
найза ұстаған,
«Шұғылдың бесқасқасы»
атаныпты.

Жерлес інім, ақын Құдайберлі Мырзабектің «Нұрының ақбел аты» дастанынан үзінді оқып отырып, көз алдыма бір-бірімен жарасым
тапқан Ақан тауы мен Ақан көлі келе қалды. Бұл өзіміз білетін сері Ақан емес, Қарауыл-Шұңғыршаның тумасы, батыр Ақан. Оның кезінде Ағашқұла атты сәйгүлігін осы көлге суарғанын көнекөз қария-
лар айтып отыратын. Ақын Құдайберлі де осы қасиетті де киелі өлкеде дүние есігін ашып, Рақымбек әкесінің аузынан жыр-дастандарды тыңдап өскен. Менің де ата-бабам Ақан батырдың аты берілген жердің топырағын басып, суын ішкен. Жастайымнан қызмет бабымен елден жырақта жүрсем де, азаматтардың жетістіктеріне қуанып отырамын. Бұлар менің жерлестерім, інілерім, қарындастарым деймін. Ақан ауылында талай шешендер, айтқыштар көп болғаны да мәлім. Солардың қатарында менің інім Құдайберлі Мырзабектің суырылып озық шығып, Көкен атасының тәрбиесінен өтіп, батасын алуының өзі оның өміріне үлкен жолдама болды. Талай додаларда топ жарып, сөзден маржан түзіп, жыр сүйер қауымды талантына тәнті еткені күні кеше ғана. Содан бері бірнеше жыр шумақтарын жариялап, жерлес тұлғалар, біртуар дарындар Науан Хазірет пен Мәлік Ғабдуллинді сахна төріне алып шығып, драмалық шығармалары арқылы халқымен қайта қауыштырғанының өзін ерлікке баладым.
Жақында Астананың төріндегі Бейбітшілік пен келісім сарайында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, драматург Құдайберлі інімнің «Ақбоз-өлең тарту еттім халқыма» атты кешінің куәсі болдым. Кеш өте тартымды, мазмұнды өтті. Өзінен жасы үлкен, жыр әлеміне ерте келсе де, өз қатарына қойып, Құдайберліні құрметтеп жатқан жанашыр ағалары Тұрсын Жұртбай, Қонысбай Әбіл, Баянғали Әлімжанов, Қорғанбек Аманжолдың ақжарма тілектері жанымды жадыратты. Ортаға шығып, сөз алғанымда қатты толқыдым. Торғай өңірінде туып өсіп, қызмет бабымен сол жақта жүрсем де інімнің табысына сырттай қанық болып, қуанып жүруші едім. Сол дәреже-деңгейінің биіктей түскеніне осы жолы көзім әбден жетті. Бүгінде Батыр Мәліктің музейіне жетекшілік етіп, бабасының мұрасын көзінің қарашығындай сақтап отырғанының өзі азаматтығы. Кеш бойы ақын інімнің өлеңдері оқылып, сазгерлік қырынан танылғанына риза болдым. Ақынның туған жер жайлы толғаулары тебірентпей қоймады. Енді міне, жақында тағы бір жақсы жаңалық естіп қуанып қалдым. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік. Әдебиет. Қаламгер» атты еліміздің шығармашылық зиялы қауымының республикалық форумында ақын інім Құдайберлі Мырзабектің «Үздік ақын» аталымына ие болғанын естіп, тағы бір риза болдым. Қадамың қашанда қарымды болсын, демекпін айтыстың ақтаңгері атанған Құдайберлі бауырыма!

Амангелді САДЫРБЕКОВ,
қоғам қайраткері.
Астана қаласы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс