Қанмен сіңген қасиет

Байқасақ, біздің қазақтың бүкіл қасиеті осындай қиын сәтте сыналады екен. Қайбір жылы елордада бес қыз өртеніп өлген кезде, Арыста жарылыс болғанда, Мақтааралды су басқанда бірінші болып қол ұшын созған осы халық еді. Қазір де сол халық ауруханаларда қат болып тұрған оттегі концентраторын алу үшін, тыныс ала алмай қиналып жатқан жандардың өмірін сақтап қалу үшін жанталасуда…
Қайырымдылыққа шақырған Қайрат Жолдыбайұлына жұрт 100 миллион теңгеден астам ақша аударыпты. Желі белсенділері Айнұр Тұрсынбаева, Дәулет Мұқаевтың оқырмандары жиып берген ақшаға 825 аппаратқа тапсырыс беріпті. Оның 125-і ендігі елге жетіпті. Сырымбек Тау бастаған жігіттер «Шұғыла» қорымен бірігіп «Өмір сыйла» акциясы арқылы 1000 оттегі концентраторын алмақшы. ҚМДБ-ның «Зекет» қоры да «Өмірге үміт сыйла» акциясын бастап, аппарат алуға ақша жиып жатыр. Тіпті, өткенде бір кішкентай баланың туған күніне деп жыл бойы жиған бар ақшасын аппаратқа беріп жатқанын көргенде (видеодан), көзге жас үйірілді… Мұның бәрі нені білдіреді? Біздің қазақ қандай қиын шақта да осылай жұмыла кетеді, аузынан жырып басқаға бергісі, өзгеге көмектескісі келіп тұрады және ең кереметі олардың ешқайсысы сол сауапты ісі үшін қайырым сұрамайды. Осы жылуға ақша қосып жатқандардың көбі – не баспанасы, не көлігі, тіпті қызметі де жоқ ең қарапайым жұрт. Қалай ғана мейірленбейсің!
Бұл қасиет бізге қайдан келді? Қан арқылы сіңді. Қазақта асар, жылу, байғазы, ерулік, кеусен, көгендік, байлау, шүлен, сауын деп кете беретін қайырымдылықтың сан атасы болды. Көбін қазір ұмытып барамыз. Оттегі концентраторына ақша жинау – осындағы жылу дәстүрі. Қазір дамыған елдерде «крауфандинг» деген нәрсе бар. Ол – осы жылу жинаудың заманауи түрі. Бірақ олар біреуге бір тиын беру үшін бүге-шігесіне дейін сұрап, зерттеп барып береді. Ал, біздің қазақ қалтасындағы барын шын сеніммен, шынайы көңілмен ұсынады.
Ежелгі заманнан бүгінге дейін сақталған дәстүрлердің бірі осы – Асар. Оның негізгі мақсаты – көмек көрсету. Отбасында үй-жай, қора-қопсы салып жатқан адам немесе егін науқанында жалғыз шамасы келмей жұмысы өнбей жатқанда көрші-көлең, ағайын-туыс, дос-жарандар келіп еш қайтарымсыз көмек көрсетіп бірлесіп «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» тез-ақ бітіріп тастауға тырысады. Бірлесіп істеген жұмыс тез әрі қарқынды болады. Соған орай, жұмыс та тез бітеді. Ертеңгі күні басқа біреуі де құрылыс бастауы немесе ауқымды жұмыс жасауы мүмкін, сол кезде елге жасаған игі ісіңіз өзіңіздің алдыңыздан шығады. Сол себепті асар жасағанда оған көмек көрсетуге келген әрбір ер азамат ізгі ниетімен, ақ көңілімен шын беріліп жұмыс жасайды. Өзінің істеген жұмысының құны үшін ешнәрсе де талап етпейді.
Келесі бір осыған ұқсас салт-дәстүрдің бірі – Жылу жинау. Бұл да көмекке бағытталған дәстүрдің бір түрі. Мұнда бүтін бір отбасы қайғылы жағдайға ұшырап үй-жайынан (өрт немесе зілзала және т.б апаттар), мал-жанынан қапыда айрылғанда ауыл болып жиналып қолдарынан келген көмекті беруге тырысады. Ол қаржылай, заттай немесе мал беру арқылы жүзеге асырылады. Осылайша көмек көрсету үшін арнайы бір адам «Жылу жинайды». Бұл дәстүрлер реті бүгінде де орындалады. Әсіресе, ауыл-аймақтарда жиі кездеседі. Бір ауылда, аймақта тұратын адамдардың бір-бірімен бауырдай болған татулығы осындайда сынға түседі. Оған қоса, біздің заманымызда әулетте орын алатын ауқымды той-томалақта да жылу жиналады десе болады. Себебі, барлық ауыртпалықты бір отбасының көтеруі қашан да қиындыққа, тығырыққа әкеледі. Сол себепті бір әулеттің бауырлары тойдың әр қажеттісін өз мойнына алып жауапты болып жатады. Бұл да көмектің бір түрі.
Ерулік – бір ауылға жаңадан көшіп келгендерге асын асып, қазанын қайнатып көмек-қолын созу арқылы бұрыннан тұрып жатқан адамдардың көрсеткен ілтипаты. Ол дегеніміз жаңа отбасыға көрсетілген сый-құрмет және тез арада жақын араласып кетудің бір жолы. Ерулік дегеніміз – үлкен мекендерде жайғасқан көшпелі халықтардың арасында орныққан керемет салт-дәстүр. Бір мекеннен екінші мекенге, бір жайлаудан екінші жайлауға орын ауыстыру деген мыңдаған, кемінде 30-40 шақырым болған. Міне, осындай алыстаған мекендерге жету үшін жолым жеңіл болсын деп адамдар ешқандай азық-түліксіз жолға шыға берген. Осылайша қоныс жайғандарға, жақын маңда мекендегендер ерулік көрсеткен.
Ерулік жалғыз көшіп келген отбасыға ғана емес, бір түнге аялдамаға тоқтаған көшке де көрсетілген. Адамдарға тамақ беріп, суын ішкізіп, аттарына да жем берген. Яғни, бұл дәстүр арқылы алдағы уақытта арамызда жылы қарым-қатынас қалыптассын деген оймен жасалады екен.
Кеусен – қазақ егіншілерінің күзде егін жиғанда, қырманға егін бастырғанда, басқа да дақылдардан өнім алғанда ет жақын туыстарын, көрші-қолаң, ауылдастарын егін орып жинасуға, қырман басып соғысуға, картоп, сәбіз, пияз қазысып жинасуға көмекке шақыруы. Әуелі жұмыс бастамай тұрып, атыз басында, қырман қасында көмекке келген адамдарға арнап, бір ақсарбас қойын атап сояды да, даладағы жер ошаққа тайқазанын асып, дала дастарханын молынан жая-ды. Асқа жиналғандар жұмыла жұмысқа кірісіп кетеді. Олар егін жиналып болмай, қырман соғылып бітпей кетіп қалмайды. Егінін түгел орысып, қырманын жиып соғысып, дәнін ақтап қаптасып, қамбасына кіргізісіп бір-ақ қайтады. Егін иесі жұмыс істесе келген адамдарды құр қол қайтармайды. Оларға алған өнімінен «құшыр» қолүзік дән бөліп береді. Оны қазақ ғұрпында «кеусен» немесе «кепсен» деп атайды.
Көгендік – қазақтың ежелгі тарихында ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан тамаша малшылар қауымына тән үлкен дәстүр. Көгендік жасап қазақ малшылары өз туыстарына, ілік-шатыс жұрағаттарына, жас отау құрғандарға ырымдап мал берген екен. Көгендікпен берілген малды жайдан-жай беретін мал ретінде қарауға болмайды. Оны алған адам да көгендікпен берілді деп ырымдап, малдың басын көгенге соғып, оны аузына ақ тамызып алады. Оны көгендік мал, мал басы деп қарайды. Қазақтың көгендік салтына малшылар енші бөлгенде, жоқ-жітікке, кембағалға, қолы қысқа адамдарға жәрдемдескенде қорасындағы, яғни көгеніндегі малын береді. Көгендіктегі малды құты бар мал дейді екен. Оны иемденгендер «көгендік мал алдық» деп ризашылықпен қайтады. Бұл өте маңызды және жақсы салт-дәстүрлердің бірі.
Шүлен тарату – көшпелі қазақ халқының бай адамдары, билер, батырларының кедейлерді жинап оларға материалдық жағынан көмек көрсетуі. Бұл дәстүр қыстың алдында өткізілген екен. Шүлен тарату мейірімділік көрсету үшін жасалған. Қазақ малшыларының мал басы артып, қорасы қойға, табыны сиырға, өрісі жылқыға толғанда, байлар мал басына құрбан береміз деп, ақсарбас қой сойған, қасқа тай атаған, ақ түйенің қарнын жарған. Осындай жомарттық танытқан адамдарды қазақ шүлен адам екен деп атаған.
Қазақтар ерте заманнан бері қандай жиын, той болсын барлық туған-туысты, ауылдағылар мен көршілерін шақырған. Әдетте осындай той-томалақтар бірнеше күнге жалғасқан. Бір ауылда ас беріліп, той өткізілетін болса, алдын ала, тіпті бірнеше жыл бұрын жан-жаққа хабар жіберілген. Мұны сауын айту деп атаған. Шақырылған әрбір қонақ өзімен бірге қымызы мен малын әкелуге міндеттелген. Сауын айтып ұйымдастырылған жиында киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ойнатылып, балуандар күресіп, әр ауылдың ақсақалдары, балуандары, көкпаршылары келіп өнер көрсеткен. Ал, жүйрік аттарды арнайы алдыртып отырған. Қонақтар үшін ұлттық тағамдар әзірленіп, қымызды барынша көбірек етіп дайындаған. Малды жіліктеп беріп жібермесе де, оның орнына сыйлықтар берген. Мысалы, оюланған ыдыс-аяқтар, ұлттық-нақыштағы киім-кешектерді беріп жіберген. Ең бастысы келген қонақ құр қолмен қайтпауы тиіс еді. Бұл қазақтардың бір-біріне құрмет білдіріп, қонақжайлық көрсетуінің тағы бір дәлелі.
Байғазы – жасөспірім балалар жаңа киім кигенде орындалатын салт. Яғни, балалардың үлкендер тарапынан алатын сыйы. Аяғын басып ауыл үйлерін еркін аралауға жарап қалған бүлдіршіндерді жаңа киім киген күні «байғазыңды алып қайт» деп көрші-көлемнің, бірге отырған туыс-туған, жақындарының үйіне жүгіртіп жібереді. Алақайлап қуанған бала ол үйлерге барып жаңа киімінің жарастығын көрсетеді. Қазақ байғазы сұрап келген баланың меселін қайтармайды. Тіпті, ештеңе болмай қалса қолына бауырсақ, кәмпит ұстатып, «байғазың мойнымда» деп, байғазы сұраушы ұл бала болса «байғазыңа байдың қызы» деген секілді сөздермен қайтарады. Артынан міндетті түрде сыйлық боларлықтай бір нәрсе береді. Бұл салт үлкендердің бала қуанышын бөлісіп, сыйлық бере отырып оның киім-киіс, жүріс-тұрысына үлкендердің қатты назар аударып мән беретінін сезіндіруі.
Бұрынғы қазақ тоқ адамның аш адамға, сау адамның науқас адамға, бай адамның кедей адамға жылу беруі – Құдай алдындағы қарыз деп білген. Қуанатынымыз, қазір де солай. Алла бізді осы қасиетімізден айырмасын! Жылу жүректі жылытады. Жылуға ақшасын қосқан, дұғасын қосқан барша қайырымды жандарды Тәңір жарылқасын!

Гәкку БӘЙІШЕВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий