Қансонардың қызықтары

Бүркітшілер Бурабай баура-йында «Қансонар-2018» турнирінде биыл да бас қосты. Байрақты бәсеке екінші жыл халықаралық деңгейде өтіп келе жатыр. Биыл еліміздің құсбегілерінен бөлек, Ресей, Мажарстан, Испания, Моңғолия, Қырғызстан, Қытай, Түркіменстан және Біріккен Араб Әмірлігінен саятшылық өнердің майталмандары жиналды. Бір қуанарлық жағдай, бас жүлдені көкшетаулық бүркітші Руслан Тумырзиннің жеңіп алуы болды. Саятшылық өнерді жанына серік еткеніне төрт жыл ғана болған жас жігіт облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің қолынан «Нива» автокөлігінің кілтін алып, үйіне мініп қайтты. Биылғы турнир өңірге әйгілі бүркітші Мәсіп Батырханұлының құрметіне өткізілді.

Қазақтың осы төл өнерін көпшілікке паш ету мақсатында өткізіліп келе жатқан бұл жарыс биыл Көкше өңірінде 13-ші рет ұйымдастырылды. Биылғы турнирге бас-аяғы 40-қа жуық құсбегі жиналды. Сала мамандарының айтуынша, «Қансонарды» Азия чемпионатына балауға болады. Себебі, деңгейі жоғары. Жүлде қоры да қомақты. Ал, қансонар деген не? Енді соған келейік. Қансонар – қалың қар жауып, аңның ізі айқын білініп жатқан шақта, аңшы құс, тазылармен аң аулаудың сəтті күнін айтады. Ал, турнирдің мәртебелі қонағы Моңғолия еліндегі қандасымыз, бірімізге сіңлі, бірімізге қарындас болып келетін Айшолпан Нұрғайып. Ол жас та болса, біліктілігімен ерекшеленген, әлемге аты танылған бүркітші қыз. Сондықтан болар Біріккен Араб Әмірлігінен келген қонақтар емес, жүзінен нұр тамған Айшолпанның турнирге мейман болып келуі көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Жергілікті телеарна, басылым тілшілері бірден бүркітші қызды іздестіргені де содан. Қарапайым қазақ қызы сабырлы да салмақты қалыппен турнирдің барысын тамашалап тұрды. Бізге берген сұхбатында Айшолпан сегіз жасынан бастап бүркіт баптауды үйренгенін, он жасынан бастап әкесіне еріп, тау-тасты кезіп, аңға шыққанын ортаға салды. 13 жасынан бастап бүркітшілер сайысына қатысып, 2014 жылы бас жүлдеге қол жеткізген. Қолға шақыруды бес секунд, шырға салуды алты секунд уақытпен орындап, рекорд жаңартқан. Алдағы уақытта бүркітшілер қорын ашып, балаларды үйретуді мақсат тұтатынын да ортаға салды. Бурабай баурайына алғаш келген бүркітші қыз табиғаттың тамашасынан қатты әсер алғанын айтты. Айшолпанның жасы 17-де. Қазір Астанадағы «Нұр Орда» мектебінде грантпен білім алып жатыр. «Ақ қанат» атты бүркіті ауылында. Қазір өзінің сүйікті құсын сағынып жүр екен. Қысқы демалыс күндері Моңғолиядағы Алтынсөксі елді мекеніндегі ата-анасына, бауырларына және саятшылықтағы серігі қыран құсына асыға жетпек. Айшолпанның айтуынша, жеті атасынан бері бәрі бүркітшілікпен айналысып келеді. Әкесі, ағасы, әкесінің бауырлары бүркітші. Бүркіт баптаудың қаншалықты қиын екендігін сұрағанымызда, бүркітші қыз ер адамның жасайтын ісін әйел адам да жасай алады деп жауап берді. Шетелдің 27 елінде болып қайтқан қайсар қыз қазақ,түрік, моңғол және ағылшын тілін біледі. Айшолпан Бурабайдағы бүркітшілер турниріне әкесі Нұрғайып Ырысұлымен бірге келді. Қасқыр ішік киіп келген нар тұлғалы азамат та бірден назарды өзіне аударды. Әңгімеге тарттық. Көкше еліне қонақ етіп шақырылғанына дән риза. Әрі ұлттық спорт түрінің біздің елде қанат жайып келе жатқанына да шын қуанышын білдірді. Үстіндегі киімі жайлы да сұрадық. – Қасқыр ішікті негізі қырықтан асқан адам киеді. Бір жағынан өзгенің мысын басып тұрады. Өзім аулаған сегіз қасқырдың терісінен тіктім. Моңғолияда ауа райы қатты болады. 50 градусқа дейін суытады. Сол кезде аңға шыққанда осы ішікті киіп аламын. Өте жылы. Бүркітшілікпен өзім 12 жасымнан бастап айналыстым. Төл өнерімізді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, қазір Айшолпан қызым осы құс арқылы дүние жүзіне танытып жүр. Әке-шешеден он бір ағайындымыз. Тоғыз ұл, екі қыз. Бауырларымның бәрі бүркіт ұстайды. Бір уақытта аңға шығып, құс салып, ит жүгіртіп, қызық көреміз, – дейді Нұрғайып Ырысұлы.
Турнирде бүркітшілер қолға құсты шақыру сайысынан бірінші күні өтті. Қыран құстар Қызыл кітапқа енгеннен бастап, олардың балапанын ұясынан алуға тыйым салынған. Сондықтан бүркітшілер қазір оларды арнайы өсіретін жерлерден сатып алады. Турнирге қатысушы жамбылдық Елдар Дәлелұлы жарысқа 4 бүркіт, бір қаршығасын алып келіпті. Қолындағы бүркітінің аты Қапсалған. «Негізі ұябасарларды қолға үйретеді.Себебі, олар әлді, мықты келеді», – деп Тас-танбек Бергенбай есімді ақмолалық саятшы да әңгімеге араласты. Әкесі Үмітхан Тастанбек өңірге белгілі бүркітші. Талай сайыстардың жеңімпазы. Жақында Алматыда өткен Әлем чемпионатында Ақсеңгір атты бүркітімен екінші орынды жеңіп алыпты. – Бүркіттің алдымен тілін табу керек. Оңай шаруа емес. Ат баптағанмен бірдей. Үнемі айналысу керек. Бүркіт жазда аңға шыға қоймайды. Түлекте отырады. Қазақта сөз бар «Құсты жазда түлегінен, қыста тілегінен айырма» деген. Түлеу дегеніміз өзінің жасына сәйкес қауырсын, қанат, құйрығын айырбастау. Сынғанын ауыс-тырады. Мамық түлейді, ол қыста жылы болу үшін қажет. Дұрыс түлемеген құс дұрыс ұшпайды. Бабы да келмейді.
Турнирдің екінші сайысы – шырға салу. Оның да өзіндік ерекшеліктері бар. Шырға – құсты қолға, аңға түсуге баулығанға қолданылатын аңның жасанды бейнесі. Ал, бұл турнирде шырға кәдімгі аңның жасанды бейнесі болды. Са-йыс барысында құстың шырғаны қанша уақытта іліп түсетіні саналып, соған байланысты баға берілді.
Диас Кунтуғанның жасы сегізде. Астана қаласында тұрады. Ал, ителгісі ауылдағы атасының қолында. Жұма күні сабақ біте салысымен ауылға кетеді екен. Тамақтандырып, қолға шақырып үйретеді. Жарыстарға дайындайды. Қолындағы ителгісін сипап тұрып, бұл бір уақытта бірнеше құсты теуіп құлатады дейді. Аңға шықпаған кезде көгершін, үйрек сияқты құстардың етін береді. Бұларға піскен ет беруге болмайды, өліп қалады, тек шикі ет қана беру керек дейді бүркітші бала.
Жергілікті спорт жанашыры Қанат Ахметовтың айтуынша, Тәуелсіздік пен Көкбайрақтағы қыран құстың қалықтауы бір-бірінен бөліп алынбайтын ұғымдар.Бұл тектен-тек емес. Құмай тазы, төбет, қыран құс қазақпен біте қайнасып, дүниеге келген. Сондықтан егемендік алған еліміз көкке Көк байрағын желбіретіп жатқан кезде, ата салтымызды жаңғыртып, қайтадан түлетіп жатырмыз.
«Қансонар-2018» халықаралық турнирінің жеңімпазы көкшетаулық Руслан Тумырзин бас жүлдені қанжығасына байлап, қуанышын бізбен бөлісті. Өткен жылы да осы сайысқа қатысып, бағы жанбаған жігіт, биыл бүркітін баптап, сақадай сай дайындықпен келді. Русланның Ақиығы бұл жолы оны жерге қаратпады.
Айта кету керек, соңғы жылдары аймақта өтетін айтулы шараларды Бурабай баурайында ұйымдастыру дәстүрге айналып келеді. Оның түпкі мақсаты бұл жерге туристерді көптеп тартып, көрікті аймаққа саяхаттаушылардың санын арттыру дейді сала мамандары. Ал, Қансонарды қызықтауға келген шетелдік меймандар оларда да құс баптап, ит жүгіртетін саят-шылар бар екенін алға тартты. Сондықтан ұлттық спортты жандандырып, Көкшенің көрікті жерінде өткізіп жатқанының өзі үлкен мәртебе. Биылғы турнир өңірге белгілі бүркітші Мәсіп Батырханұлының құрметіне өткізілгенін атап өттік. Әйгілі құсбегінің ұрпағы Шынарбек Батырханұлының айтуынша, Мәсіп атасы бүркітімен өзінің ауылдастарын аштықтан аман алып қалған және Ұлы Отан соғысы жылдары құсы аулаған аңдарды сатып, ақшасын майдандағы жауынгерлерге оқ-дәрі жасатуға жұмсаған. Сондықтан турнирдің Мәсіп атаның құрметіне ұйымдастырылуы заңды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий