Қаржыгерлер марапатталды

Облыс әкімі Сергей Кулагин қаржы жүйесі қызметкерлерін Ұлттық валюта – Теңге күнімен және кәсіби мерекелерімен құттықтап, осы салада табысқа жеткен бірқатар қаржыгерлерге Алғыс хат табыс етті. Өңір басшысы Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде ұлттық қаржы жүйесін тұрақтандыруға қосқан үлестері үшін сала қызметкерлеріне алғыс білдірді.

– Төл теңгеміздің алғаш рет айналымға енгізілген сәті әлі күнге дейін менің көз алдымда, – деді облыс әкімі сөзінің басында. – Бұл біздің тәуелсіздігіміздің нышаны болатын. Қатты толқып, қолымызға өз ақшамызды ұстап, сау-да нүктелеріне барғанымыз күні кеше ғана. Тіпті, біздің теңгеміз өзге елдің қаржысына қарағанда қорғанышы жоғары болып бағаланғаны да жетістігіміз еді. Қазір Қазақстан экономикасын дамытып, қаржы жүйесін тұрақтандырып, инвестиция тарту бойынша озық елдермен теңесті. Ал, осы жұмыстардың дұрыс жүруіне қаржы жүйесі қызметкерлерінің қосқан үлесі зор. Екінші деңгейлі банктер көптеген мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына ықпал етіп келеді. Ары қарай да бұл байланыс жалғаса бермек.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Ақмола облыстық филиалының директоры Бектұрған Бозтериев өзінің баяндамасында еліміздің ақша бірлігі халықаралық нарықта мойындалғанын атап өтті. Ұлттық валютаның енгізілуімен біздің өңірде дамыды. 2015 жылы жан басына шаққанда жалпы өнім 1 триллион теңгені құраған. Теңге айналымға енгізілген сәттен осы кезге дейін облыс бюджеті 1 миллиард теңгеден 197,4 миллиард теңгеге дейін өскен. Бұл өз кезегінде сумен қамтамасыз ету, қоршаған ортаны сақтау, әлеуметтік саланы дамыту, тұрмысы төмен азаматтарды қолдау, жол жөндеу сияқты бірінші кезекте тұрған мәселелерді шешуге ықпал етті. Облыс-та бүгінгі таңда 64 банк филиалы, 44 айырбас пункті жұмыс істейді. Өңірдің экономикасына салынған несие көлемі соңғы он жылда 15 есе өсіп, 165 миллиард теңгені құрады. Депозит көлемі 111 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 38 пайызға жоғары. Жеке тұлғалардың депозиттік үлесі жалпы соманың 86 пайызын құрады. Бұл күні 14 қаржыгер облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Атап айтқанда, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Фариза Байманова, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Айбек Мұхаметқалиев, осы мекеменің бас мамандары Гүлнәр Иманбаева, Омар Әбдіғалиев, Қайрат Исімбаев, Шынар Әбжанова, облыстық қаржы басқармасының бас маманы Тамара Тарада, осы мекеменің бөлім басшылары Сауия Оспанова, Сәуле Шүйкенова, Көкшетау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Қанат Әлімов, қазынашылық департаментінің бюджетті орындау бөлімінің жетекшісі Оксана Середкина, «Еуразия Банкі» акционерлік қоғамы операциялық басқармасының басшысы Динара Жұмағұлова, «ХоумКредит Банкі» акционерлік қоғамы филиалының тұтынушы несиелерін сату бағытының жетекшісі Дарья Павлухина, «Каssa Nova Банкі» акционерлік қоғамы филиалы орталық сатылым басқармасының сарапшысы Жандос Нұржауов.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс