Қарияларға – құрмет

Егде адамдар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығы аясында облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласының соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесті. «Өмірдің алтын кездері» салтанатты шарасы «Достық» мейрамханасында өтті. Ағалық ақыл-кеңесін айтып, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне қол ұшын созып жүргендері үшін өңір басшысы ардагерлерге алғысын білдірді. Аға ұрпақ өкілдерінің елдегі ұлтаралық татулық пен келісімнің ұйытқысы болуы тиіс екендігі де айтылды. Облыс әкімі соғыс және еңбек ардагері Асылбек Дәулетовке, Социалистік Еңбек Ері Есілбай Қадыралинге, еңбек ардагерлері Тельман Мұқышев, Зура Шуатаева, Мейрамбек Қиықов пен Ленин орденінің иегері Виктор Павленкоға арнайы сыйлықтар тарту етіп, дендеріне саулық тіледі. Өңір басшысымен кездесуге келген қариялардың бәрі ақшалай сыйлық алды. Өзара сыйластық және достық рәуіште өткен шараға Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин қатысты.

Соғыс және еңбек ардагерлері қашаннан еліміздің өркендеуі жолында қызмет етіп келген. Олардың қажыр-қайраты, батыл рухы, Отанға адалдық пен туған жерге тағзымы кейінгі ұрпақ үшін үлгі. Аштықты көріп, сұрапыл соғыс-ты басынан өткеріп, тұралап қалған шаруашылықтарды қалыпқа келтіріп, еліміздің еңсесін биіктету жолында атқарған еңбектері бағалауға тұрарлық. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Елбасына қолдау көрсетіп, жергілікті билікке бағыт сілтеген де осы аға ұрпақ өкілдері. Олардың кәсіби шеберлігі, адамдармен жұмыс істей білу қабілетінің арқасында өңірдің әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуы жолға қойылды. Қазірдің өзінде қатардан қалмай, кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетіп жүрген қариялардың ақыл-кеңесі құнды. Осы ретте өңір басшысы «Қарты бар елдің қазынасы бар» екенін тағы да еске салды. Бүгінгі кездесуге келген әр қарияның өңірде өз орны, өз сара жолы, өз соқпағы бар. Олардың әрбірі құрметке лайық жандар. Жыл сайын қатары сиреп бара жатқан майдангерлерді қамқорлыққа алып, оларға жылылық сыйлау басты парызымыз. Бүгін облыс бойынша 100 мыңнан астам зейнеткер бар. 138 қария Ұлы Отан соғысының ардагері, 7102-сі тыл ардагері, 1422-сі Отан соғысына теңестірілгендер. Оларға зейнетақы, жәрдемақы уақытында төленеді. Баспанамен қамту мәселесі де ойдағыдай шешімін табуда. Зейнетке шықса да сүйікті істерінен қол үзбей, кәсіпорындарда, қоғамдық ұйымдарда жұмысын жалғастырып жатқандар да бар.
Олардың қажырлылығы мен еңбекке деген құлшынысының өзі таңдандырады. Облыс әкімі Сергей Кулагин дастархан басына жиналған барша соғыс және еңбек ардагерлерін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтады. Әрқайсысына туған жерге деген шексіз махаббаты мен ар тазалығы үшін алғысын білдірді. Өздеріне көрсеткен сый-құрмет үшін ризашылықтарын білдірген ардагерлер жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс