Қариялар қамқорлыққа бөленеді

Осыдан отыз жыл бұрын, 1987 жылдың 21 наурызында Алматыда өткен тарихи құрылтай конференцияда республикалық соғыс және еңбек ардагерлерінің ұйымын құру туралы шешім қабылданды. Осы жылдардың ішінде ардагерлер ұйымы еліміздегі ең ірі қоғамдық бірлестікке айналды. Мамыр айының алғашқы онкүндігінен бастап республикамыздың барлық аймақтарында ардагерлер ұйымының құрылғанына отыз жыл толуына орай салтанатты жиындар өтуде. 22 мамырда «Достар» мәдениет сарайында қалалық ұйымның осы атаулы датаға арналған салтанатты пленумы болып, оған қатысушыларды Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев құттықтап, қалалық кеңеске автокөліктің кілтін тарту етті. Ел игілігі жолында қажырлы еңбек еткен бір топ ардагерлерге Алғыс хаттар және «ЭКСПО-2017» көрмесіне тегін билеттер тапсырылды.

IMG_3831

Адами құндылықтарды бойына жинақтай білген аға ұрпақтың кешегі қан майдандағы қаһармандық ерліктері, тылдағы қажырлы еңбектері әрқашанда ел назарында. Майданнан елге жеңіспен оралған әкелеріміз қираған халық шаруашылығын қайта қалпына келтіріп, тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына да белсене атсалысты. Тәуелсіздік жылдары да өздерінің бай тәжірибесін, білімін еліміздің гүлденіп-көркеюіне арнай отырып, жастарымызды отаншылдық сезімге баулуда да үлгі-өнеге бола білуде. Бұл орайда қалалық ардагерлер кеңесінің атқарған игілікті істерін әрдайым мақтанышпен айтуға болады. Қарияларымызды қаланың қоғамдық-саяси өміріндегі әлеуметтік түйткіл мәселелерді шешуге іскерлікпен жұмылдырып және оларға қолайлы тұрмыстық жағдайлар туғызуда ерекше рөл атқарған кеңес төрағалары П.Агеев, М.Ястребов, Р.Шерьяздановтың есімдерін құрметпен атаймыз. Көкшетау қаласының соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевтың салтанатты пленумда жасаған баяндамасында бұдан басқа да жағымды жаңалықтар баян етілді.
Бүгінгі таңда қалалық кеңесті құрап отырған 24 мыңнан астам зейнеткер өздеріне жүктелген қоғамдық тапсырмаларды тиянақты орындаумен бірге өздері де мемлекет тарапынан лайықты қамқорлыққа бөленуде. Мәселен, Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай көкшетаулық 38 майдангер 200 мың теңге ақшалай көмек алды. Ал, тыл еңбеккерлері 10 мың теңгеден, олардың ішінде үкімет наградасымен марапатталғандар 20 мың теңгеден көмекке қол жеткізді. Осындай әлеуметтік қолдауға қаламызда тұратын Ленинград блокадасына қатысушы үш адам мен фашистік концлагерьлердің кәмелеттік жасқа толмаған тұтқындары, майдангерлердің жесірлері де ие болды. Ардагерлердің қоғамдық қызметі жайлы айтқанда «Ақбұлақ-Родник» және шахмат-дойбы клубтарының белсенді жұмысын алдымен тілге тиек етеміз. Өнерпаз және спортқа құштар қарияларымыз жыл сайын қалалық, облыстық деңгейлерде өтетін байқауларға, біріншіліктерге қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған емханадағы «Алтын жас» клубы қарияларымыздың арасында сала-уатты өмір салтын насихаттауға белсене атсалысуда. Ардагерлеріміздің әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатыстыру мақсатында жүргізілетін жұмыстар ауқымы жылдан-жылға кеңейе түсуде. Бұл орайда Галина Марченкова, Хабиболла Ғазизов, Баяу Байлина жетекшілік ететін қалалық кеңестің жанындағы қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шаралар, медициналық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиялардың жоспарлы жұмыс істеп, ардагерлерге айтарлықтай көмек көрсетуде. Жыл ішінде қалалық кеңестің Красный Яр селосында, Станционный поселкесінде көшпелі мәжілістері өткізілді. Бұл басқосуларда мәлім болғанындай, әлі де болса, шешімін таппай отырған түйткіл мәселелердің де орын алатындығын ашық айтуымыз керек. Алдымен ауылдардан көшіп келген қарияларымыздың басым көпшілігі қалалық кеңестің есебіне алынғанымен, әлеуметтік көмектер алу үшін ешқандай мекемелерге тіркелмеген. Тегін дәрі-дәрмекпен жабдықтауда да түйінді мәселелер баршылық.
Салтанатты пленумда сөз сөйлеген еңбек ардагерлері Тельман Мұқышев, Баяу Байлина, Сәкен Тәңірқұлов Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында және Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсетілгеніндей, ұлттық тілімізді, салт-дәстүрімізді өркендету, қариялардың өтініш-тілектерін неғұрлым тезірек шешуде сергектік танытуға айрықша назар аударды. Өйткені, жылдан-жылға майдангерлердің қатары сейіліп барады. Көбінің жүріп-тұруы қиындап, төсек тартып жатып қалғандықтан олар бірінші кезекте дәрігерлік көмекке зәру. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл бүгінгі таңда қаланың жетінші тұрғыны саналатын зейнеткерлерге өмірде ізгілік, отбасында қуаныш-шаттық тіледі. Пленумда Хабиболла Ғазизов қалалық кеңес төрағасының орынбасары болып сайланды. Мерекелік шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағанбетов қатысты.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс