Қариясын қадірлеген ел ардақты

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығы аясында соғыс және еңбек ардагерлерін үйлеріне арнайы барып құттықтап, сый-сияпат жасады.

Валентина Герман соғысқа 16 жасынан аттанған. Ол қан майдан ортасында жараланғандарға медициналық көмек көрсетіпті. 92 жастағы қарт майдангер өскелең ұрпақ соғыс дегенді көрмесе екен дейді. Соғыс ардагері Жанайдар Рамазанов әкім құттықтауын ерекше ілтипатпен қарсы алып, қала басшысына ақ батасын берді. Ол 18 жасында Ресейдің Шадринск қаласындағы әскери командирлер дайындайтын училищеге түсіп, қысқа мерзімді оқу курсын аяқтайды. Кейіннен Беларусь майданына аттанады. Генерал Жуковтың басшылығымен Берлинге дейін жеткен. Қала басшысы қарияларға ақылы қызмет көрсететін пансионатта болды. Пансионат директоры Ғалия Рахымберлина бұл жобаны қолға алмас бұрын жан-жақты зерттепті. Шетелдік тәжірибелерге сүйеніп, қарттар мен мүгедек жандарға ақылы қызмет көрсетіп, олардың күтімін мойнына алуға болатын орталық ашуды жоспарлапты. Пансионаттағы қариялардың тағдыры әртүрлі. Мұнда ем алуға келгендері де бар. Күндіз осында болып, кешке үйіне қайтатын қариялар алдын ала тапсырыс беріп, жазылуда. Қазір пансионатта 34 қария тұрып жатыр. 50 адамға лайықталған пансионатта алғашқы медициналық көмек, психологиялық-коррекциялық әдістеме арқылы бейімдеу жүргізіледі. Қариялар электрлі, жарық, жылу, парафин, гидро-магниттік, физиотерапиялық процедураларды алады. Оларға түрлі сала бойынша 19 маман қызмет көрсететін болады. Сондай-ақ, алдағы уақытта интерактивті сайт ашылып, онда пансионаттың қызмет түрлері туралы ақпарат беріледі және әлеуметтік қорғау, зейнеткерлерге қолдау орталықтары, ауруханалар, күтушілерге қатысты ақпараттар да осында жайғастырылады. Ғимараттың іші кең, қариялардың жүріп-тұруына лайықталған, баспалдақтары да ыңғайлы. Мүгедек арбасына арналған лифт пен пандус орнатылуда. Арбаға таңылған жандардың қозғалысына ыңғайлы болуы үшін есіктер кең етіп жасалған. Қариялардың әр күні жоспарланған. Оларға арнайы бағдарлама жасалды. Түрлі мерекелік шаралар, таза ауада тыныстау режимі бар.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий