Қарттарды толғандыратын мәселе көп

Көкшетау қалалық ардагерлер ұйымының оныншы есеп беру сайлау конференциясынан

Көкшетау қаласындағы ең үлкен бұқаралық ұйым мүшелері – ардагерлер қауымы 8 қыркүйекте «Дос-
тар» мәдениет сарайында оныншы есеп беру сайлау конференциясын өткізіп, бес жыл ішінде атқарған жұмыстарына сараптама жасады. Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, қалалық мәслихаттың хатшысы Рүстем Қалышев, қала әкімінің орынбасары Серік Құдабай қатысқан салиқалы жиында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев есепті баяндама жасады.
Толайым табыстарға толы бес жылдың ішінде қалалық кеңес тарапынан тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, елдің бірлігі мен татулығын сақтау, қоғамдық жұмыста белсенділігін арттыру бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Басты назар Мемлекет басшысының Жолдауынан, Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымының VIІ съезінің шешімдерінен туындайтын міндеттерді орындауға бағытталды. Елу бір адамнан сайланған қалалық ардагерлер кеңесі мен алқасы жергілікті атқарушы және өкілетті органдармен, еңбек ұжымдарымен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, егде адамдардың құқықтары мен мүддесін қорғау-
да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.
Қалалық кеңестің алты тұрақты комиссиясы мен 144 бастауыш ұйымның белсенді қызметінің арқасында зейнеткерлердің тұрмыс жағдайы мен денсаулығын жақсартуға бағытталған ауқымды шаралар ойдағыдай жүзеге асырылды. Бұл орайда Ақмола теміржол бөлімшесі, «Тыныс» акционерлік қоғамы, «Алтынтау-Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, облыстық аурухана, Краснояр селолық округі бастауыш ұйымдарының белсенді қызметін, Х.Ғазизов, Б.Байлина, Г.Марченкова, Г.Николаева жетекшілік еткен тұрақты комиссиялардың іс-қағаздарын жүргізудегі, денсаулық сақтау мекемелерімен байланысты жақсартудағы, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттаудағы үйлесімді жұмысын ерекше атап өткіміз келеді.
Бастауыш ұйымдарда өткен есеп беру жиналыстарында көпшілікті толғандырып жүрген бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, соғыс жылдарында тылда еңбек еткендерге қоғамдық транспортта тегін жүру, тегін дәрі-дәрмекпен жабдықтау, коммуналдық қызмет тарифі мен азық-түлік тағамдар бағасының өсіміне жол бермеу, т.т. 2017-2019 жылдары «Алмаз» және «Зеленый бор» санаторийлерінде жергілікті бюджет қаржысы есебінен 1720 көкшетаулық соғыс және еңбек ардагері демалған болатын. Алайда, «Ардагерлер туралы» 2020 жылы қабылданған жаңа заңда тек мүгедектерге ғана рұқсат етіліпті. Осы жағдайға байланысты қала әкімі Бауыржан Ғайсаға арнайы хат жолдаған болатын. Тиісті органдар бұл мәселені заңдылық тұрғыдан тексеріп жатқан көрінеді.
Қоғамдық дертке айналған коронавирус пандемиясы кезінде жалғызбасты зейнеткерлерге, көпбалалы отбастарына, мүгедектерге көмектесу үшін қалалық ардагерлер кеңесі жанынан арнайы қор құрылды. Биылдың өзінде 820 адамға азық-түлік тағамдары үлестірілді. Бұдан басқа екі мыңдай отбасы «Нұр Отан» партиясы, екінші деңгейдегі банктер мен мешіт арқылы қосымша ақшалай көмек те алды. Еріктілер болса жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектер үйлеріне дәрі-дәрмектер жеткізіп, қолғабыс жасауда. «Алтын жас», «Денсаулық», «Надежда», «Жаңа дауыс» эстетикалық клубтары аға ұрпақ өкілдерінің бос уақыттарын тартымды әрі қызықты өткізуіне мүдделілік танытуда. Ардагер шахматшылар мен дойбышылар қала әкімінің жүлдесін сан мәрте жеңіп алса, бильярд, асық ату, кір көтеру жарысынан да бәйге төрінен көрініп жүр.
Ардагерлер ұйымдарының бастамасымен Көкшетау қаласының орталық көшелеріне Б.Әшімов, М.Сағдиев, К.Салықов, М.Асайынов сияқты тұлғалы азаматтардың есімдері берілді. Қазір ел ардағы Еркін Әуелбековке ескерткіш орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қалалық кеңес облыстық телеарнамен бірлесіп көгілдір экран арқылы Еркін ағаның өміріне арналған телемарафон өткізді. Бұл шара көрермендерге жақсы әсер қалдырды. Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, рухани құндылықтарды насихаттау бағытында жұмыс одан әрі жалғаса бермек. Мемлекеттік органдар басшылары мен мәслихат депутаттары қалалық кеңеске келіп қарияларды қабылдап, олардың сауалдарына жауап берді. Бұл оң тәжірибе кеңінен насихатталып, брошюра шығарылды.
Конференцияда сондай-ақ, тексеру комиссиясының төрағасы Кенжеғали Нұрсейітов қалалық кеңестің есепті мерзім ішіндегі қаржылық қызметі жайлы айтып берсе, делегаттар Б.Байлина, Ж.Ережепов, В.Каплина, Р.Сәпиева, Г.Николаева жарыссөзге қатысып, атқарылған жұмысқа жақсы баға берді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл қоғамдық ұйымның жұмысын онан әрі жақсарту жөнінде ой бөлісті. Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса сөз сөйледі.

* * *
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің жаңа мүшелерінің қатысуымен алғашқы
ұйымдастыру пленумы өтіп, онда Шияп Шәрапұлы Әлиев қалалық кеңестің төрағасы болып сайланды.

Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
журналистика ардагері.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий