Қарттарға қажет орталық

«Нұр Отан» партиясының «Арда-герлерді ардақтайық» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында Көкшетаудағы Достық үйінде зейнет жасындағы қарттардың кез келген күні бас қосып, пікір алмасып, уақыттарын тиімді өткізе алатын орталық жұмысын бастады.

л«Белсенді өмір» орталығының ашылуына «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы түрткі болған. Зейнет жасындағы адамдар үшін бұл жерде компьютерлік сауаттылықты арттырып, қазақ тілін үйренуге әрі емдеу-сауықтыру жаттығуларымен айналысуға барлық мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар
күнделікті жұмыс істеп тұрған заңгерлік, психологиялық кеңес беру кабинеттері мен халықтық қолданбалы өнер бойынша тегін шеберлік сабақтары ұйымдастырылған. Зейнеткерлер өмір сапасын жақсартып, қаладағы қариялардың қарттық кезеңін белсенді өткізуіне арналған орынға келетіндердің қатары көбейетініне сенімді. Олар қарияларға деген қамқорлықты сезіну ерекше толқынысқа бөлегенін айтады. Орталық ашылады дегенді естіп, алғашқылардың бірі болып жазылған Раиса Шалагина қарттар үшін ашылған арнайы орталық жұмысына дән риза екендігін жеткізді: «Достық үйінің әсем ғимаратында орналасқан орталық қариялар үшін өте тиімді. Мен Достық үйінен алыс тұрмаймын. Күнделікті келіп кетуіме өте қолайлы. Компьютерлік сауаттылығымды арттырсам деп едім. Жасым 70-тен асып кетсе де әлі бүгінгі жастардан қалғымыз келмейді». Ал, оның құрбысы Сара Керейбаева скайп жүйесі арқылы байланысқа шығып үйреніп, алыстағы туыс-туғандарымен тікелей хабарласуға мүмкіндік бар екендігіне қуанышты. «Бос уақытыңда үйде отырмай, осында келіп, өзіңмен үзеңгілес жандармен әңгімелесіп, шахмат ойнап, домбыра тартып, тарих жайлы пікірлесуден артық бізге ештеңе де керек емес. Мұнда, тіпті денсаулығын шыңдағысы келгендерге де жағдай жасалған. Кейбір қарияларымыз компьютер үйренуге де талпыныс танытып жатыр. Бұл жаңа заманның жаңашылдығынан қалып қоймай, заманауи өмірге бейімделудің бір түрі ғой. Осы жақсы бастаманың нәтижесінде қарттардың жасы ұзақ болып, болашақ ұрпаққа берер тәрбиесі мен айтар ақылы көп боларына сенімім мол», – дейді ол.
Келушілерді арнайы мамандар оқытып, олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға жағдай жасайды. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен алдағы уақытта осындай орталықтар облыстың Зеренді, Целиноград аудандары мен Степногор қаласында ашылады деп жоспарланған. «Орталыққа келуші қарияларымыз осында өздерін дамыта жүріп, қоғамға пайдалы істер атқаруға белсене қатысатын болады деген ойдамын. Олар жаңашылдыққа үйреніп, шығармашылығын дамытып, қоғамға өзінің керек екендігін сезінетін болады», – дейді Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мәрзият Тохаева.
Бүгінгі таңда Ақмола облысында 112 мыңнан астам зейнеткер, облыс орталығы Көкшетау қаласында 26 565 зейнет жасындағы адам тұрып жатыр.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий