Қарттарға құрмет көрсетілді

1 қазан – Халықаралық қарттар күні аясында бір топ зейнеткер марапатталды. «Көкшетау» мәдениет сарайында ұйымдастырылған мерекелік шараға өңірдегі барлық қалалар мен аудандардан ел абыройына бөленген ардагерлер шақырылды. Оларды аймақ басшысы Мәлік Мырзалин құттықтап, бір топ қазыналы қарттарға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Ақмола облыстық ардагерлер ұйымының құрамында 111 мыңнан астам зейнеткер бар екен. 8473 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. 2 қалалық және 17 аудандық ардагерлер кеңесі аға ұрпақ өкілдерін бір мақсатқа жұмылдырып отыр. Соғыс ардагерлерінің саны  өкінішке орай, жылдан-жылға азайып келеді. Қазір 68 қарт майдангер қалды. Мыңға жуық соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер, 5570 тыл еңбеккері, 900-дей Ауған соғысы ардагері, Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысқан 59 адам бар. «Ортамызда жүрген қарияларымыздың елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше. Қазіргі кезде мемлекетімізде қарттарға ерекше көңіл аударылып, жан-жақты қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбіт өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыз әрқашан құрмет тұғырында болады», – дей келе Мәлік Мырзалин ардагерлерді облыста атқарылып жатқан жаңа заман үрдістеріндегі игі істерден хабардар етті. Өңір басшысы әлеуметтік қолдау бағытындағы жаңашылдықтар туралы айтып, құрылыс, медицина, білім саласындағы жетістіктерге де тоқталды.  Өйткені, аға ұрпақ өкілі қашанда тіршілік тамырын басып, аймақтың тынысын білуге құштар. Себебі, өздері де талай мәрте заман ағымына сай өзгерістерге ат салысып, қол ұшын тигізген. Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл да жиналған қауымға ықыласты тілегін білдірді. Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий