Қарқынды бәсеңдетпеу қажет

Қала әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс бабындағы іс-сапармен облыс орталығындағы бірнеше нысандарда болды. Шаһар басшысы жөнделіп жатқан жолдардың, тұрғын үйлердің, мектепке жапсарлас ғимараттардың, жеделсатылардың сапасына, қалыпқа келтіріліп жатқан жаяу жүргінші жолдары мен көлік тұрақтарындағы атқарылып жатқан шаруаларға назар аударып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Қала әкімімен бірнеше нысандарды орынбасары Иван Юрченко мен қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса бірге аралады.

Алдымен қала әкімі Тәшенов көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарын бақылады. Ұзындығы 3 километр 38 метр қашықтықты алып жатқан жол енінен кеңейтілген, науалар қойылған. Енді жарықтандыру қолға алынбақ. Жұмыстарды «Көкшетау Жолдары» ЖШС жүргізіп жатыр. Бұл стратегиялық жол болады, сондықтан сапасына баса мән берген жөн. Күннің жаңбырлы болуы жұмысқа біршама кедергі келтіруде. Дегенмен, жұмысшылар әр ашық күнді тиімді пайдалануға тырысуда. Дәл осы серіктестік Қуанышев көшесіндегі ағымдық жөндеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Ойдым-ойдым тұстарының ескі асфальты сырылып, орнына жаңасы төселіп, жамалуда. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары жетекшісі Ермек Қарағаевтың айтуынша, жоспарланған істер өз уақытында тәмамдалады.
Қуанышев көшесіндегі 198а мекенжайында 108 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Мердігер – «Алуа Строй» ЖШС. Аталған компания қалада бірнеше баспана тұрғызып, өзін жақсы қырынан танытып қалған. Сенімге ие. Шаһар басшысы құрылыс сапасына мән беріп, материалдардың жергілікті өнім екенін сұрап білді. Отандық шикізатты тұтыну – заман талабы. Абай көшесіндегі 131 үйдің жеделсатысы жөндеу көрмегелі талай жылдың жүзі болған. Осы тұралап қалған шаруашылықтың тамырына қан жүгіріп, жоғары қабатқа шығу қиямет-қайым болып келген тұрғындар дән риза. Қазір сең қозғалып, әсіресе, қариялардың көңілі тоқ. Олардың сұранысы көлік көп жүретін жерге кедергі орнату.
Қалада барлығы 300-ден астам аула бар. Соның бүгінде алтыдан бір бөлігі қалыпқа келтірілді. Бұл мақсатқа 800 миллион теңге жұмсалмақ. Биыл қалада 19 жеделсаты жөнделетін болады. Оған 139 миллион теңге бөлінген. «Центральный» мен «Сұңқар» мөлтек аудандары ерекше назарда. Қала басшысы жеделсатыларды сапалы жасау қажеттігін айтты. Өйткені, Астана қаласында лифтілерде бірнеше оқыс оқиға орын алып, көз жұмған тұрғындар бар. «Қыс шанаңды жаз сайла» қағидасы шаһар басшысының назарында. Сондықтан қаланы жылумен қамтитын №1 және №2 аудандық қазандықтарды осы кезден дайындап, қаһарлы маусымға сақадай-сай ету маңызды. 8-9 қазандықтарды жеңіл-желпі жөндеу қажет болса, 10-шы қазандыққа күрделі жөндеу жасалуы тиіс. Қазір екі қазандықта да жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жауапты мекемелерге қыркүйектің 15-де бәрі дайын болуы тиіс делінді.
Қала әкімі Ермек Маржықпаев іс-сапар барысында «Бірлік» мөлтек ауданында да болды. Мұндағы автобус павильонына қатысты тұрғындар шағымданған еді. Шалғайдағы аумақта қысы-жазы жел соғып тұрады, ал жауын-шашында ашық аспан астында тұру бірліктіктерге қолайсыз. Сондықтан қала басшысы тиісті мекеме жетекшілеріне автобус павильондарын қалыпқа келтіріп, сапалысын орнату қажет деп қадап тапсырды. Дәл осы шағын аудандағы жаяу жүргінші жолдары да сын көтермейтін. Әсіресе, жаңбырлы күндері тұрғындар белуардан саз кешіп жүретін, қазір тақта тастар төселуде. Ермек Боранбайұлы жақын арада тротуарларды жөнге келтіріп, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай туғызу қажет деді. Шаһар басшысы «Сарыарқа» мөлтек ауданында құрылысы жүріп жатқан 900 орындық мектепке де барды. Білім ошағын салу жұмыстарымен «Байсын-А» серіктестігі айналысуда. Жаңа шағын ауданда тұратын балалар үшін аса қажет ғимараттың құрылысы сапалы болғаны абзал. Оған бөлінген 1 млрд. 400 млн. теңгенің 361 млн. игерілген. Осы ауданда бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің де талапқа сай салынуы қала басшысының назарында. Мұнда қазір 45 пәтерлік қосалқы ғимаратымен он баспана салынуда. Ермек Боранбайұлы ең басты назарды сапаға аударуды және белгіленген мерзімде жұмыстарды аяқтауды қадап тапсырды.
Қала әкімі, сондай-ақ, «Алтын ғасыр» әмбебап дүкені алдындағы көлік тұрағында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысына мән берді. Дәл осы жерде азық-түлік жәрмеңкесін өткізу дәстүрге айналған, әрі Тәуелсіздік алаңы мен орталық саябаққа апаратын аумақтың келбеті жүдеу тартып тұр еді. Қазір жартысынан астамына асфальт төселіп, жаңарып қалды. Міне, енді жуық арада бұл жердің жолы тегістеліп, халыққа ыңғайлы болмақ. Ермек Маржықпаев жоспардағы істерді сапалы атқарып жатқан мердігерлердің жұмысына оң бағасын беріп, қаланы көркейту шараларына ат салыса беруге шақырды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс