Қарқынды істер бәсеңдемейді

Соңғы жылдары облыс орталығы – Көкшетау қаласынан басқа Станционный поселкесі және Красный Яр селосында да жолдарды жөндеу, үй маңдарын абаттандыру, әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды жаңғырту мәселелері ерекше қолға алына бастады. Соның нәтижесінде жоғарыда аталған елді мекендерде әжептәуір жұмыстар жүзеге асырылды. Дегенмен де, басты назар облыс орталығына аударылатыны белгілі. Сол себепті облыс және қала әкімдері айына үш-төрт рет қаланы аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысуды, шешілмей жатқан түйінді мәселелерге көпшіліктің назарын аударуды дәстүрге айналдырған.

Қала әкімі Красный Яр селосының кіреберісінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына назар аударып, оның барынша сапалы жүргізілуін және белгіленген мерзімінде аяқтауды тапсырды. Қала әкімі сала басшыларымен алдағы уақытта Красный Яр селосы мен Чайкино поселкесін байланыстыратын көпірде жүргізілетін жөндеу жұмыстарының жоспарын талқылады. Өте жауапты іс болғандықтан оны мамандандырылған мекемелер ғана салуы керек. Бұл іске жол полициясы мен көлік инспекциясы, зертхана мамандары да қатысатын болады. Коммуналдық шаруашылық мекемелері мамандарының айтуынша, көктемде мөлшерден тыс ағын суы жіберілгендіктен, көпірдің жанындағы бос топырақты шайып кеткен. Ендігі жерде көпір салынатын жер жан-жақты зерттеледі. Қазіргі күні жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. Қала басшысы құрылысқа пайдаланылатын материалдардың сапалы болуына баса назар аудару қажеттігін жеткізді. Кеңес дәуірінен күрделі жөндеу көрмеген ескі көпірмен жүру қауіпті екендігі ескертілді. Қазіргі уақытта Чайкино поселкесіне күніне үш мезгіл автобус қатынайды.
Бұдан соң қала басшысы алдағы уақытта Краснояр селолық округінің әкімдігі болып қайта жаңғыртылатын ғимаратта атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарын барып көрді. Қала әкімі Е.Маржықпаев селодағы халыққа қызмет көрсету орталығы филиалында болды. Орталық 2010 жылдан бері сапалы қызмет көрсетіп келеді. Мұнда өтініш берген әрбір адам операциялық залдың кез келген терезесіне өтініш беріп, аз уақыттың ішінде түрлі құжаттар алатын болады. Бүгінгі «бір терезе» қағидаты қолымызды біраз ұзартқандай. Әсіресе, уақыт жағынан ұтарымыз көп. Орталықта құжаттың ресімделуі көп уақытты алмайды. Ең бастысы, қазіргі таңда халықтың орталық қызметін пайдалануға деген құлшынысы артып келеді. Селодағы «Стерх» серіктестігі 20 жылдан бері облыс орталығын сапалы өнімдерімен қамтамасыз етуде. Серіктестік директоры Виктор Кулястың айтуынша, өнімнің сапалы болуының басты себебі шикізат тек жергілікті қожалықтардан алынуында. Шұжыққа ешқандай қоспа қосылмайды, таза ет пайдаланылады. Оны сақтау, тасымалдау талаптары қатаң сақталған. Халал технологиясына негізделген арнайы ет турағышы да бар. Технологтың айтуынша, шұжық құрамының 85 пайызы ет болуы керек. Шұжық цехына жеткізілген ет алдымен сүйегінен бөлектеніп, айырылады. Арнаулы аппарат арқылы тартылып, дәмдеуіштер қосылып, араластырылады. Қаптамаға енгізіліп, пеште құрамына қарай 2,5 немесе 3 сағат бойы пісіріледі. Сосын субұрқақта ұсталып, салқындатылған соң пеш ішінде қақталады. Сөйтіп, тұтынушыларға жол тартады.
«Агротрейд Көкше» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мал шаруашылығымен де, көкөніс өсірумен де айналысады. Қала басшысы шаруашылықтың көкөніс алқабын аралап көрді. Жыл сайын 250-270 гектар алқапқа картоп егіледі. Жоғары технологиямен қамтамасыз етілген шаруашылықта картоп голланд әдісі бойынша өсіріледі.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс