Қар қалың. Қапы қалмайық!

Қаладағы қар тазалау жөніндегі қарбалас жұмысты баян етуді сәл кейінге қалдыра тұрып, әңгімені өзімізден бастасақ. Қардың әдеттегіден 3,5 есе көп түскенін, әлі де толас таппағанын көзіміз көріп отыр. Басқаны былай қойғанда Нұр-Сұлтанмен екі арадағы атақты автобан, ақылы жолдың өзі екі күннің бірінде жабық. Әсіресе, Көкшетаудан шығар бағыттағы жол жиегінің кей бөлігі қайта-қайта бітеліп, ондаған техника тынымсыз күрессе де бой бермей жатыр. Әшейінде үш машина қатар қысылып-қымтырылмай жүретін жолдың біраз бөлігінде көлік бірінің соңынан бірі еріп, бір ізбен жүреді. Басқа бағыттағы жолдардан да сондай хабарлар үздіксіз жетіп жатыр. Бұл – қардың соншалық көп жаууының, қатты соққан желдің әкелген әлегі. Шындығы сол, қанша жанталасса да жолшылар жолаушыларының жолын сайратып қоя алмай отыр.

Қала іші сырттағы жолдарға қарағанда, қар алған басқа қалаларға қарағанда едәуір жақсы. Жасыратыны жоқ, қазіргі өңір басшысы қаланы басқарған тұстағы ыждағаттылық, шаһарды таза ұстау, ешқандай кемшілікті көзден таса қылмау үрдісі жалғасын тауып, ғадетке айналған. Көше күнбе-күн тазаланып, қар шығарылып-ақ жатыр. Жүргінші жолына құм төселіп, мұзы бұзылып, сақтық ескерілуде. Өзіміз ше? Осындай, бұрын-соңды көп кездеспеген табиғаттың «тосын сыйы» кезінде қалаға, бала-шағамызға қол ұшымызды беріп отырмыз ба? Өз ауламыз, есік алды, шығаберісті тазалап жүрміз бе? Немесе ауламыздан шыққан қардың ерігенде қалай қарай ағарын аңғарып жатырмыз ба?
Қаланың әр бөлігін, әр пұшпағын жатқа білетін әкім де, бұл жұмыстарға қатысты мамандар да тұрғындарға осы мәселені айтумен, түсіндірумен келеді. «Жеке үйлерде тұратын тұрғындар үйі алдынан өтетін жол жиегіндегі суағарлар, арықтарға қоқыс тастамасын. Әсіресе, ағаш қурап, жапырақ түсер сары күзде суағар тұрбалар «тамақтары» тазалансын. Қар астында қоқыс қалмасын. Ондай жағдайлар орын алмасын. Әйтпесе, көктемде қиын болады» дегенді басшы тұрғындармен кездескен сайын айтты. Осы айтқандар кезінде орындалды ма? Енді, оны тек қар ерігенде бір-ақ көрмекпіз…
Биылғы қардың ондай «еркелікті» көтермейтін түрі бар. «Бәлкім, қар суы жылдағыдай жолын тауып ағып кетер» деп ұзын арқан, кең тұсауға салып отырмаған жөн. Қолға күрек алу керек. Әр үй маңайындағы қар суының жолы сол үйлер тұрғындарына жете таныс. Ала таңнан тұрып, мігірсіз жұмыс жасап, қар тазалап жүрген жұмысшыларға көмек көрсетіп, жол сілтеп, жұмыла қимылдау қажет. Үй маңындағы жылға, арық, су жолдары, тамақтарды аршып, тазалай беру керек. Құрсаулап, қысып тұрған аяз жоқ. Уақыт барда қол қусырып, істің ақырын күтіп, бәрін өзгеге сілтеп, сырт қарап отырған жөн болмас. Әрекет керек. Жалғыз адамға алдырмас жұмыс болса, дос-жараныңызды жұмылдырыңыз, айналаңызды шақырыңыз. Әйтпесе, қалың қармен алысқан, тынымсыз жұмыс жасап жатқан жұмысшылардың дәл сіздің үйіңіз жанындағы су жолын ашуға қолы тимесе, уақыты жетпесе қайтпексіз? Кінәні өзгеге артып, отыра бермексіз бе?
Көзіміз көріп жүр. Қала тазалығы, қар шығару қарқынды жүріп жатыр. Техника мен адам күші жұмылдырылған. Соған қарамастан, кей көшелердің жаяу жүргінші жүрер жолдарында кедір-бұдыр көп, жүру қолайсыз. Әсіресе, бір қатып, бір еріген ықтасын тұстарда солай. Ал, жалпы, жоғарыда айтқанымыздай біздің қаламызда жан қинайтын қиындықтар жоқ. Мәселе, қардың еруіне мықты дайындалуда болып тұр. Осы сынақтан жабыла қимылдап, жұмыла кірісіп, жақсы өтуіміз керек. Сөйтсек, күзде өтер үлкен жиын – мемлекет бас-
шылары қатысуымен өтетін форум жемісін көреміз. Балаларымыз өресін өсіріп, ғылым-біліммен, спортпен айналысар «Болашақ сарайы», керемет жағалау, көркем көпірлер салынып, Көкшетауымыздың кейпі кемелдене түспек. Республикадан бөлінер қомақты қаражатты қажырмен игерсек – игілігі мол болмақ. Онсыз да соңғы жылдары еңселі тұрғын үйлер, кең көшелер, жанар қуантқан жарықтар жан жадыратқан Көкшетау тағы бір сілкініп сала берер! Ал, әзірге аз күндік қар әлегіне бәріміз жабылып төтеп берелік! «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Бәріміз жанашыр болып, қажет жерінде қолымызға күрек алып, ең болмаса көрген-білген қауіпті, секемді тиісті орындарға дер кезінде хабарлап отырсақ, селсоқ болмай қырағы болсақ жөн болар. Алда қаланың жарқын болашағы, тағы бір түлер шағы тұр. Тек, әзірге қар көп. Қапы қалмайық!

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий